Ауылда тұрып-ақ кәсіпкерлікті жан-жақты өрістетіп отырған бұл отбасы тағдырдың Қазақстанмен қайта қауыштырғанына дән риза. Олар аумалы-төкпелі сол бір кезеңнің ығымен кетіп қалмай, баянды бақыт жолын нық таңдауын ел тәуелсіздігімен тығыз байланыстыра айтудан әсте жалыққан емес. Бұл жөнінде отбасы, ошақ қасының сәнін кіргізіп, ұйытқысына айналып отырған Светлананың шертер сыры көп.
– Светлана Федоровна, тәуелсіздіктің елең-алаң шағында адамдардың сең соққан балықтай әрлі-берлі сенделген қалпын көз алдымызға бір елестетіп көрейікші.
– Біз – ауылда туып-өсіп, төбе-қойнауында ойнап өскен ұрпақпыз. Алаңсыз балалық шағымыз туған жер төсінде өтті. Ауыл баласы болғандықтан, атамекеннің әр шоқысы, әр талы ыстық. Кеңшарымыз әлеуетті еді. Мыңғырған төрт түлігіне, қуатты машина-трактор паркіне өзгелер қызыға қарайтын. КСРО ыдырап, экономикалық байланыстарымыз сөгіледі деп кім болжапты? Адамдар естерін жиғанша нарықтың дүлей желі жер-дүниенің астан-кестеңін шығарды. Қазақстанды қоныстанған халықтар тұрмысқа қолайлы жер іздеп, жан-жаққа үдере көшті. Туған-туыстарын сағалады. Солардың бірі – біз, немістер Германияны бетке алдық. Алдымен әке-шешем қоныс аударды.
– Сіздер ат басын қашан бұрдыңыздар?
– 1996 жылдың жазында. Көпке дейін қобалжып, әрі-сәрі күйге түскеніміз бүгінгідей көз алдымызда. Түні бойы кірпік ілмей, таң атырамыз. Петропавл педагогикалық институтының орыс тілі мен әдебиеті факультетін бітірген кезім. Мамандық бойынша қызмет етпек түгіл екі қолға жұмыс табудың өзі – үлкен машақат. Оның үстіне жас отбасымыз. Бала-шағаны асырау – басты уайым. Сөйтіп жүргенде, Германиядағы туысқандардан «тез жетіңдер» деген хабар келді. Осылайша тағдырдың жазуымен шетелге қоныс аударуға тура келді.
– Еуропаның төрінде орналасқан өркениетті де дамыған елде тұру әркімнің маңдайына жазыла бермейтін бақ десек, бақыт құсынан өз еріктеріңізбен бас тарттыңыздар ма, әлде кері қайтуға басқадай себептері болды ма?
– Осы сауал маған жиі қойылады. Қолымды кеудеме қойып айтар болсам, туған жерге қайта оралғанша асықтық. Ұнамады десем, ешкім сөзімізге сене қоймас. Олай айтуға ауыз бармайды, тұрмысымыз жаман болған жоқ. Еңбектендік, ел қатарлы өмір сүрдік. Алайда, шетелде тұрған 2,5 жылдың ішінде үнемі бір нәрсе жетіспей тұрғандай көрінді. Сөйтсек, ол – атамекенге, ауылдастарға, құлын-тайдай тебісіп өскен құрбы-құрдастарға деген қимас сезім екен. Оларды ойлағанда, кеудемізді әлдебір өксік қысып, жанарымызды жас шылайтын. Не керек, үйренісіп кете алмадық. Бір күні жүгімізді жинастырдық та: «Қазақстаным, қайдасың?» деп тартып кеттік. Ешкімнің сөздеріне қараған жоқпыз. Қараңызшы, туған жерге оралып едік, көңіліміз байыз тапты, жанымыз жайланып сала берді. Туған жерге деген сағыныштың мұншалықты құдыретті күш, жалынды от екенін кім біліпті?!.
– Көрші-қолаң мен жора-жолдастарыңыз қалай қарсы алды?
– Қашан жеткенше қатты қобалжығанымыз рас. Неше түрлі ойларға берілдік. Бәрі қоштасарда қимастықпен шығарып қалған еді. Енді қатулы қабақпен қарсы алып, табалайтындай, қайтып келгенімізді бетімізге салық ететіндей, күндерін көре алмай келді деп күндейтіндей көрінген. Жоқ! Ауылдастарымның шын көңілмен қарсы алған ақжарқын жүздерін көргенде қалай жылап жібергенімді білмеймін. Сергейдің де көңілі босады. Барын алдымызға тосты. Бізден кейін Германиядан Шағалалы ауылына 5 отбасы көшіп келді. Солардың бірі Анатолий мен Татьяна Свистуновтар кәсіпкерлікпен айналысады. Меккерлердің жас отбасы, зейнеткерлер лидерлердің де таңдауы Қазақстан болды.
– Кей кезде Германияда неге тұра бермедік деген өкініш билемей ме?
– Атамаңыз! Олай ойласам, елжандылығым, отаншылдығым, қазақстандық рухым жалған болғаны ғой.
– Жолдасыңыз Сергей байыпты, орнықты азамат көрінеді. Жеке кәсіпкерлікті бірлесіп ұршықша иіріп отырған секілдісіздер. Онымен қалай танысып жүрсіз?
– Жоғарыда айттым ғой, жоғары оқу орнын тәмамдап келген дипломды жас маман болсам да «жұмыссыздар» санатында жүрдім деп. Қайда жұмсаса да бас тартпаймын. Сөйтіп жүргенде Сергей кезікті. Бішкектен біздің ауылдағы жолдасын сағалап келіпті. Бәрі «жігіттің төресі» екен деп ауыздарының суы құрығанша мақтайды. Көрейінші деп көз қиығымды салсам, шынында да көп-көрім. Атақ-даңқы жер жарған спортшы екенін кейін білдім. Нысана көздеп атудан КСРО құрамасына мүше болған. Халықаралық дәрежедегі спорт шебері деген дардай атағы бар. Италияда өткен әлемдік жарыста жүлдегер атанған. Тез түсінісіп кеттік. Өзімізді бақытты отбасы санаймыз.
– Өмірден өз орындарыңызды тапқан екенсіздер. Ал бизнес әлеміне қалай келдіңіздер?
– Германиядан оралысымен шағын кәсіпкерлікпен айналысуға құлшына кірістік. Бұл орайда, неміс ағайындардан үйренген іс-тәжірибе үлкен көмегін тигізді. Ол жақтан құрал-жабдықтар алдырып, шағын колбаса цехын аштық. Кейін өндіріс көлемін арттырып, ет өнімдерін қалдықсыз өңдейтін кәсіпорынға айналдырдық. Жылына 300 тоннаға дейін өнім өндіре алады. Былтыр 16 миллион теңге несие алып, жаңа технологиялар мен заманауи қондырғылар сатып алдық. Сауда нүктелеріміз Алматы, Астана, Қарағанды, Көкшетау, Петропавл, тағы басқа қалаларда орналасқан. Бүгінде 50 ауылдасымызды жұмыспен қамтып отырмыз. Ет және колбаса өнімдерінің 150-ден астам түрін шығарамыз. Республикалық байқаулардың 3 алтын, 1 күміс медалін жеңіп алдық. «ИСО-9001» халықаралық сапа сертификатын иеленгенбіз. Қазір әлемдік нарыққа шығудың жолдарын іздестірудеміз. Жуырда біздің кәсіпорында Стивен Финдли басқарған ағылшындық компания өкілдері болып өнімдердің экспортқа әзірлігі жайлы сараптама жүргізді. Қорытынды қуантарлық. Сондай-ақ Жапонияның зерттеу тобы облыстық әкімшілікпен бірлесе отырып біздің кәсіпорын шеңберінде өңірде тамақ өнеркәсібін дамытудың ортақ жобасын жүзеге асыруға уағдаласты. Айта берсе, табысымыз көп-ақ. Мұның бәрі –еліміздің өркендеуінің, ұстанған саясатымыздың дұрыстығының, заманның тыныштығының арқасы. Шағын кәсіпкерлікке жолдасым басшылық жасайды, мен – оның орынбасарымын.
– Сіз тәуелсіздік ұғымының қадір-қасиетін қалай түсінесіз?
– Айналаға қараңызшы, бір мезет көз жіберіңізші! Адамдардың жүзінде нұр ойнайды, бақыттылықтың лебі еседі. Қазақстан өз алдына егемендік алған кез бен қазіргі кезеңді салыстырсақ – арасы жер мен көктей. Содан бері дамудың даңғыл жолына түсіп, көптеген елдерге үлгі болып отырмыз. Осындайда тәуелсіздік деген тәтті ұғымның қадір-қасиетін тіпті сезіне түскендей боласың. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың халықтар арасындағы бірлік пен ынтымақты көздеген саясатына ештеңені теңдестіре алмайсың. Мұндайда Отанға, елге қызмет етуден асқан бақыт жоқ!
Әңгімелескен Өмір ЕСҚАЛИ.
Солтүстік Қазақстан облысы, Аққайың ауданы.