02 Наурыз, 2016

Рахмет саған, «Серпін-2050»!

412 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
1-26Арқадағы абыройы мен беделі зор альма-матердің бірі – Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінде ғибраты мол шара өтті. Аталған оқу орнында былтырдан бері «Серпін-2050» бағдарламасы бойынша білім алып жатқан студент жастар Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың серіктестері – еліміздің тұңғыш Сыртқы істер министрі Төлеутай Сүлейменов, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Қабидолла Сәрекенов, құрметті металлургтер Қуаныш Омашев, Ермек Төлеубаев, Виктор Никонов және профессор Қайролла Қызыровпен кездесті. Шара барысында Елбасының серік­тестері университет қабырғасындағы жұмысшы мамандықтары орталығы, құрылыс инжинирингі зертханасы, техникалық және өндірістік орталық, дәнекерлеу институты, «Шнайдер Электрик» инновациялық зертханасы және «Имсталькон» АҚ-тағы «Дәне­керлеу және құю өндірісі» кафедрасының филиалында болып, жұмысшы маман­дығын үйреніп жүрген жастармен жүз­десті. Өздеріне таныс станоктар жанында темір жонып, түрлі бөлшектер жасап жатқан студенттердің қимылына қызыға қараған Елбасының серіктестері қолдарына егеу алып, осыдан жарты ғасыр бұрын айналысқан кәсіптің кейбір қырларын еске түсірісті. Аға буын өкілдерінің бұл ісіне студент жастар да құрметпен қарап, олардың әрекет барысында әрбір айтқан ақыл-кеңесіне мұқият құлақ түрді. Бүгінгі күні мемлекеттік индус­триялық-инновациялық даму бағдар­ламасын жүзеге асыру үшін бізге жаңа пішімдегі инженерлер, яғни төртінші индустриялық революция мен алтыншы технологиялық құрылыс талаптарына жауап бере алатын мамандық иелері ауа­дай қажет. Міне, осы саясатқа сәйкес, қазіргі таңда ҚарМТУ қабырғасында «Серпін-2050» бағдарламасы бойынша еліміздің оңтүстік өңірлерінен келген 316 жас оқып жатыр. Студенттер инженер мамандығына қоса сұранысы өте жоғары 18 жұмысшы мамандығын игеру үстінде. Жалпы, «Серпін-2050» әлеуметтік жобасы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан-2050» Стра­тегиясында айтылған міндеттерді жү­зеге асыруға арналған іс-шаралар ішін­дегі маңыздыларының бірі. Біздің мем­лекетіміз үшін бұл стратегияға сәйкес, дамыған 30 елдің қатарына қосылу үшін білікті мамандар даярлау мәселесі қашанда өміршең болып тұрады. Осындай мүбәрак мақсатты көздеген «Серпін-2050» бағдарламасы Қазақстанның оңтүстіктің өңірлеріндегі жастарды еліміздің кадр мәселесі ше­шімін таппай отырған шығыс, батыс және солтүстік аймақтарында оқытып, жұмысқа орналастыру сынды игі шаруа­мен айналысуда. Осы жерде мынадай тарихи сәй­кестікті айтпай кетуге тағы болмайды. Кезінде Тұңғыш Президентіміздің өзі бір топ жолдастарымен туған өлкеден алысқа аттанып, техникалық жоғары білім алып, еңбек майданында шыңдалды емес пе?! Міне, қызық, арада жарты ғасырға жуық уақыт өткенде Елбасының жүріп өткен өмір жолымен өскелең ұрпақ өкілдері де кен­шілер астанасына келіп, техникалық ма­мандықтардың қыр-сырына қанығып жатыр. Университеттің мәжіліс залында өткен кездесу барысында осы жайында көптеген мазмұнды сөз айтылды. Сөз тізгінін алдымен алған еліміздің тұң­ғыш Сыртқы істер министрі Төлеутай Сүлейменов жастарға бүгінгі күнде еліміз алдында тұрған маңызды міндеттер мен студент жастардың қоғам алдындағы жауапкершілігі туралы әсерлі әңгіме айтып берді. «ХХІ ғасыр білімнің, ақпараттың жаңа технологияның өрістеу ғасыры. Білімнің, ғылымның бәсекеге қабілеттілігі бұл күнде көптеген мемлекеттер үшін көкейкесті мәселе болып отыр. Озық ғылыми-техникалық инфрақұрылымсыз және кәсіби шеберлігі жоғары білімді кадрларсыз, жаһандану талаптарына сәйкес даму мүмкін емес. Сондықтан сіздердің алдарыңызда зор жауапкершіліктер мен мүмкіндіктер тұр» – деді Төлеутай Сүлейменов. Ғалым, Мемлекеттік сыйлықтың лау­реаты Қабидолла Сәрекенов студенттерге арнаған сөзінде былай деді: «Сіздердің араларыңызда еліміздің болашақ президенттері отыруы мүмкін. Кезінде біз де сіздер сияқты осы оқу орнында оқыдық. Сол кездің өзінде біздер алдымызға үлкен мақсаттар қоя білдік. Сондықтан сіздер де заманның ағымына сай білім алып, алға ұмтылып, өсіп-өркендеулеріңіз керек». Елбасының серіктестерімен өткен кездесуде студенттер өздерінің көкейлерінде жүрген сұрақтарына толыққанды жауаптар алды. Әсіресе, жастарды Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың студенттік кезі қатты қызықтырды. Сондай-ақ, олар құрметті қонақтардан жастық шақтарындағы есте қалған қызықты оқиғаларды айтып беруін өтінді. Кездесу соңында ҚарМТУ-дің сту­денттері Елбасының бастамасымен дүниеге келген «Серпін-2050» бағдар­ламасына, оны жүзеге асырушыларға шын жүректен алғыс айтты. Мысалы, студент Ерлан Көбейсінов өз ойын былайша жеткізді: «Мен «Серпін-2050» бағдарламасы бойынша оңтүстіктен келіп оқып жатқан студенттің бірі­мін. Өмір жолымның осылайша қалып­тасқанына еш өкінбеймін. Қарап тұрсам, менің және мен сияқты «Серпін» бойын­ша оқып жатқан жастардың жағдайы басқа студенттерден сәл де болса ар­тық сияқты. Біріншіден, біз мұнда мем­лекеттік грантпен тегін оқып жатырмыз. Тұратын жатақханамыз жайлы, тұрмысқа қажетті дүниелердің бәрімен толықтай қамтамасыз етілген. Екіншіден, біздің ертеңгі күнге деген сеніміміз мол. Өйткені, біз қолымызға диплом тигеннен соң жұмыссыз қалмайтынымызды жақсы білеміз. Сол себепті біз уақытымызды босқа өлтірмей, техникалық маман­дықтарды тереңдей игеруге бар күш-жігерімізді жұмсап жатырмыз. Ең ал­ды­мен барша «серпіндіктер» атынан біздерге мол мүмкіндіктер берген Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа айтар алғысымыз зор. Екінші кезекте, ректорымыз Арыстан Мәуленұлы Ғазалиевтің әкелік қамқорлығына деген ризашылығымыз мол!». Кезінде Елбасының өзі оқып, бі­лім алған қара шаңырақта өткен бұл ғибратты кездесуді алғыспен апталған, ризалық көңілмен күптелген игі шара болды десек асыра айтқандық емес еді. Елбасының сенімді серіктестері жалынды жастық шақ – студенттік кездерін еске түсіріп, ұмытылмас сәттер сыйлаған кешті ұйымдастырғаны үшін университет ректоры Арыстан Ғазалиев пен серпіндіктерге шын жүректен ал­ғыс айтты. Ал алғадай жастар болса, ертеңгі күндеріне сенімнің шамын жақ­қан «Серпін-2050» бағдарламасына, өздерімен кездесуге арнайы келіп, ақыл-кеңестерін аямаған аяулы ағаларға деген алғыс сезімдерін ақтарды. Қайрат ӘБІЛДИНОВ, «Егемен Қазақстан». ҚАРАҒАНДЫ.