02 Наурыз, 2016

Жас ақынның жеңісі

496 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Сурет, жас ақынЖыл сайын облыстық халық шы­ғармашылығы үйі жас айтыскерлер мектебінің мүшелері облыстық және республикалық айтыстарға қатысып, жүлделі орындарды иеленіп келеді. Бұл дәстүр биыл да жалғасын тапты. Жақында Алматы облысы Ұзын­ағаш ауылында ұйымдастырылған республикалық «Жыр алыбы – Жамбыл» атты дәстүрлі жас ақындар айтысына облыс атынан облыстық халық шығармашылығы үйі жас айтыскерлер мектебінің мүшесі, М.Құсайынов атындағы облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернатының 11 сынып оқушысы Әлихан Жақсылық қатысып, бірінші орынды жеңіп алды. Ол диплом мен ақшалай сыйлыққа ие болса, жас айтыскерлер мектебінің жетекшісі Оралбай Кометия Алматы облысы білім басқармасының Құрмет грамотасымен марапатталды. Өңірде ұлық өнерді дамытуға баса назар аударылуда. Облыстық халық шығармашылығы үйінің 2016 жылғы наурыз айынан бастап, барлық аудандарда айтыс өткізу туралы ұсынысы облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың тарапынан қолдау тапты. Сондай-ақ, Мәртөк ауданында белгілі айтыскер Марат Ахметовтің жетекшілігімен айтыс үйірмесі ашылды. Облыстық халық шығармашылығы үйі ұлтымыздың мәдени мұрасын өскелең ұрпақ арасында насихаттау, жас ақындарға қолдау көрсету жұмыстарын одан әрі жалғастыруда. Сатыбалды СӘУІРБАЙ, «Егемен Қазақстан». Ақтөбе облысы.