02 Наурыз, 2016

Ақындардың пірі, табиғаттың сыйы

461 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
02-03-2016-zhambyl 01Ұлы Жамбылдың 170 жылдық мерейтойы ақын атындағы ауылда мәресіне жетті Бір ғасыр ғұмыр кешкен жыр алы­бының дүниеге келген күні – ақпанның аппақ қарының көбесі сөгіліп, көктемнің шуағы жылымық шашар мезгілмен әр­дайым тұспа-тұс келіп қалады. Табиғаттағы осы құбылыстың өзі кейде бір қызық-қызық әңгіме­лерге түрткі болатыны бар... Белгілі ақын Орысбай Әбділда­ұлы ағамыз былай дейді: – Сонау жастық шағымыз өт­кен 60-ыншы жылдар – студент кезіміз есіме түседі. Жамбыл ата­мыздың туған күні таң бозында Алматының он жігіті бас құрап, жолға жиналар едік. Ой-һой, ол кездегі ақпанның ақырғы күндері қандай еді десеңізші! Қаланың тау бөктерінде аттың сауырын сипар қалың қар жататын. Сайдың тасындай сақырлаған Жәкеңнің ауылының жігіттері – көшбасшымыз Алматының спортын зейнет жасына жеткенше бас­қарған атақты спортшы Ізбасар Оразбақов бас болып аяғымызға шаңғы байлаймыз. Содан Ала­таудың бауырын жағалап аппақ қармен сырғанай заулап, тіп-тіке ауылға тартып кетеміз. Екі ара төте жолмен 50-60 шақырымның үс­тінде. Танауымыздан ып-ыс­тық бу бүркіп бір жарым са­ғаттың арғы-бергі жағында ауыл­ға жетіп келеміз де, Жамбыл атамыздың мазарына тәу етеміз. Одан қалтамыздан умаж­далып шимайланған ақ парақ­ты алып жарыса жыр оқимыз. Күні бү­гінгі арқалы ақындардың автобуспен Алматыдан келіп ата­мыздың ескерткіші басына жыр оқитын дәстүрі содан қалған... Ақынның меңзегені – Жамбыл атамыздың 170 жасқа толған кү­ні жер дүние бусанып, қырда бәй­шешек гүлдеп, күн шуағын шашып көктемнен хабар бергені еді. Орысбай аға табиғаттың құ­бы­­лысына еріксіз мойынсұнып, жастығын сағынып тұрды... ...Мерейтой күні Алматыдан Ұлы Жамбылдың рухына құр­мет көрсетуге әдейі келген мейман­дардың арасында қазақтың барша танымал азаматтарымен қа­тар шетелдіктер де жүр­ді. Ақынның рухына Құран ба­ғышталды. Жыр оқылды. Ән шырқалды. Сый жасалды. Ас берілді. Мемлекет және қоғам қайраткерлері, депутаттар, ми­нистр­лер, дипломаттар, ақын-жазушылар, қарапайым жыр­-сүйер қауым ақынның – «ХХ ғасыр­дың Гомерінің» 170 жылдық мерей­тойының ешбір дабырасыз сали­қалы да салмақты түрде өтуіне сеп­тігін тигізді. Қонақтар «Ақындар мен батырлар ауылынан» арқаланып қайтты. Тіпті... бір күннің ішінде құлаш-құлаш қырқаларда қау етіп шыққан бәйшешек теңізін кешіп жүріп, гүл теріп қарық болды. Жырдың пірі мен табиғаттың сыйы дәл бұлай үйлесім тапқанына таңданбай көріңізші енді!!! Талғат СҮЙІНБАЙ, «Егемен Қазақстан». АЛМАТЫ.