Кеше Ақмола облысы әкімдігінің ғимаратында облыстық сайлау комиссиясының отырысы болып өтті.
Күн тәртібінде «Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің кезектен тыс сайлауы мен барлық деңгейдегі мәслихаттардың кезекті сайлауы кезінде саяси партиялар мен мәслихаттар депутаттығынан үміткерлердің сайлауалды үгіт жұмысын жүргізуіне тең мүмкіндіктер жасау туралы» мәселе қаралды. Отырысқа саяси партиялар мен мәслихат депутаттығынан үміткерлердің сайлауалды штабының жетекшілері мен мүшелері, БАҚ өкілдері қатысты.
Облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Әділхан Шаяхметов сайлауға дайындық жұмыстары Мемлекет басшысының Жарлығына, Орталық сайлау комиссиясының қаулысы мен негізгі шаралардың кестелік жоспарына сай жүргізіліп отырғанын атап өтті. Қазір сайлауалды үгіт жұмыстары белсенді сипат алуда.
Сайлау комиссиясы төрағасының айтуы бойынша, алдағы сайлауды ойдағыдай өткізуге құрамында 7567 адамы бар 1081 сайлау комиссиясы қатыстырылады. Мұның ішінде облыстық мәслихаттың сайлауын ұйымдастыруға 20 аумақтық және 33 округтік комиссия, қалалық мәслихаттарда – 29, аудандық мәслихаттарда 214 округтік комиссия мен 785 учаскелік сайлау комиссиясы септік жасайтын болады. Үстіміздегі жылдың 21 қаңтарынан облыстық, қалалық және аудандық мәслихаттарының депутаттарын сайлау жөніндегі барлық округтік комиссиялар, 20 ақпаннан учаскелік сайлау комиссиялары жұмыс істеуде.
Облыста Парламент Мәжілісінің депутаттығына партиялық тізім бойынша үміткерлерді ұсыну, партиялық тізімдерді тіркеу және барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттығына үміткерлерді ұсыну мен тіркеу аяқталды. Ал Қазақстан халқы Ассамблеясынан Мәжіліс депутаттығына ұсынылған үміткерлерді тіркеу алдағы 5 наурыз күні аяқталады.
Ақмола облысында жергілікті мәслихаттарға 934 үміткер ұсынылып, 863-і тіркелді. Оның ішінде облыстық мәслихатқа – 102, қалалық мәслихатқа – 100, аудандық мәслихатқа 661 үміткер тіркелді. Сондай-ақ, барлық деңгейдегі мәслихаттарға саяси партиялардан 292 үміткер ұсынылып, 280-і тіркеуге алыныпты. Мұның ішінде «Нұр Отан» партиясынан – 267, «Ауыл» партиясынан – 5, «Ақ жол» партиясынан – 5, ҚХКП-дан –
2 үміткер тіркеліп отыр. Өзін-өзі ұсыну тәртібімен 581 үміткер немесе барлық кандидаттардың 67,3 пайызы тіркелген. Саяси партиялардың үлесі 32,4 пайызды құрайды.
Отырыста облыстық сайлау комиссиясының мүшесі Ольга Добычина сайлауалды үгіт науқанын жүргізу тәртібі мен ерекшеліктері туралы жан-жақты түсінік берді.
Комиссия мүшелері жиналғандар сұрақтарына тиісті жауаптар қайтарды.
Бақберген АМАЛБЕК,
«Егемен Қазақстан».
Ақмола облысы.