Мәссаған!
Қазақстанның намысын табысты қорғап жүрген спортшының не баспанасы, не қаражаты жоқ
«Нұр Отан» ХДП облыстық филиалының қоғамдық қабылдауында Қостанай қаласындағы №1 Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры В.Куликовтың және «Жас Отан» жастар қанаты мүшелерінің 1986 жылы туған Қазақстан Республикасының халықаралық дәрежедегі спорт шебері Залим Кувамбаев сияқты нақты болашағы бар, жас спортшыларды қолдау туралы сөз қозғалды. З.Кувамбаев облыстық орталықтан шалғай орналасқан Қамысты ауданында тұрады, Қазақстанның чемпионы атағын бес рет жеңіп алған, 2010 жылы Қазақстанның рекордын жаңартқан және осы жылы Азия чемпионатында үш рет Азия рекордын жаңартып, ерлер арасындағы Азия чемпионында жеңімпаз атанған.
Біз Қазақстанның Әнұраны ойнағанда, стадион үстінде Туымыз желбірегенде спортшыларымызбен мақтанамыз. Ал З.Кувамбаевтың еңбектері үшін оны осы уақытқа дейін ешкім марапаттамапты, тіпті оған рахмет айтқан да адам жоқ екен. Пауэрлифтинг бойынша ұлттық құраманың мүшесі бола тұра, ол облыстық және республикалық бюджет қаражаттарынан тіпті оқу-жаттығу өткізуге де қаржылай немесе материалдық көмек алмаған көрінеді.
Басқа мемлекеттерден легионерлерді, спортшыларды шақырамыз, бірақ неге өзіміздің спортшыларымызды назардан тыс қалдырамыз. Спорттың жекелеген түрлеріне ерекше назар аудару кезінде пауэрлифтингпен айналысатын Залим Кувамбаев сияқты Азиядағы ең үздік спортшыларымыз неліктен назардан тыс қалып қоя береді?
«Дене шынықтыру және спорт туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 30-бабының 1-тармағында: «Дене шынықтыру және спорт жөніндегі уәкілетті орган, спорт түрлері бойынша қоғамдық бірлестіктер, жергілікті атқарушы органдар әралуан спорт түрлері бойынша Қазақстан Республикасының құрама командалары құрамына кірген немесе кіретін «Қазақстан Республикасының халықаралық дәрежедегі спорт шебері» атағы бар аса көрнекті спортшыларға... бюджеттер, сондай-ақ заңда тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен ай сайын ақшалай қаржы төлей алады», – деп жазылған.
Әрине, бұл бап ешкімді ешнәрсеге міндеттемейді, мүмкін «төлей алады» деген сөздерді «төлейді» деген сөзбен ауыстыру қажет болар. Бүгін еліміздің және жергілікті атқару органдары бюджетінің өз елінің намысын қорғаушы патриот болып табылатын бірнеше спортшыға жағдай жасауға мүмкіндігі бар.
Қазіргі уақытта Қазақстанның намысын қорғап жүрген спортшының не баспанасы, не ақшалай қаражаты жоқ. Спорт саласының шыңында отырған шенеуніктер осындай маңызды мәселеге дер кезінде назар аударып, адал еңбекті өз деңгейінде бағалай білулері аса қажет-ақ. Жергілікті билік те мұндай қадамнан тыс қалмаса, жеңісті жолдар жалғасатыны анық.
Бағила БАЙМАҒАМБЕТОВА, Мәжіліс депутаты.