02 Наурыз, 2016

Білім сапасы – әркез басты назарда

318 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
[caption id="attachment_27207" align="aligncenter" width="624"]SONY DSC SONY DSC[/caption] «Ақ жол» демократиялық партиясының төрағасы Азат Перуашев елордада Қазақ технология және бизнес университетінің ұжымымен кездесті. Бұл жолғы үгіт-насихат жұмыстарының да нәтижелі болғаны кездесуге келгендердің көптігінен аңғарылды. Шараға қатысқандар қатарында Парламент Мәжілісі депутаттығынан үміткерлер Мақсат Раманқұлов, Қайырбек Кемеңгер, Әсет Атабаев және «Ақ жол» партиясының қалалық филиалының басшылығы болды. «Ақ жол» партиясы ҚазТБУ-дің оқытушылары және студенттерімен 2011 жылғы сайлау науқанынан бері достық қарым-қатынаста. Бұл оқу орнының ұжымы партияның көптеген шараларына белсенді қатысып келеді. Сондықтан да университет қызметкерлерінің партия үшін орны бөлек. Жиылған қауым осы партияның атқарып келе жатқан істеріне сәттілік айтып, сайлауда жеңіске жетуіне тілектестік білдірді. – Маған университеттің бүгінгі жағ­дайы, ұжымы, студенттердің қалай тұрып жатқандығы қашанда қы­зық. Біздің саяси және сайлауалды бағ­дар­ламаларымызда дәл осы экономикамызға қажет кадрларды даярлау мәселесіне өте үлкен назар аударылады, – деген партия төрағасы білім алушылардың білім сапасы, оқу деңгейінің жоғары болуы қажеттігін жеткізді. Сондай-ақ, фракцияның білім беру, гранттарды әділ бөлу, оқуды бітір­ген­дерді жұмысқа орналастыру секілді сауалдарына бірқатар мысалдар келтіріле отырып, жауаптар берілді. 2013 жылдың наурыз айында Білім және ғылым министрлігінің бір ғана аймақтан басқа жерлерде жекеменшік жоғары оқу орындарын жабу жөніндегі бастамасына жауап ретінде, аталған министрлікке жекеменшік оқу орындарын жабудың орнына, білімнің сапасымен айналысу керек деген талап қойылғандығын еске салды. Сонымен қатар, шара барысында партияның «Ақ жол» – еңбек етер кез келді» деп аталатын сайлауалды бағ­дар­ламасының негізгі бағыттары мен тетік­тері кеңінен айтылды. Осы орайда, «Білімді және денсаулығы мықты ұлт – қуатты және ауқымды еңбек ресурстары» аталатын партия бағдарламасының бөлі­мінде айқындалған қазіргі заманда білім мен ғылым елдің және әрбір азамат­тың бәсекеге қабілеттілігінің бас­ты факторы болып табылатыны, аза­мат­тардың сапалы білім алу құқығын қамтамасыз ету мақсатында мемлекет­тің білім беру және ғылым жүйесін дамы­туға арналған шығыстарын дамы­ған шетелдер деңгейіне дейін ұлғай­ту, білім берудің барлық деңгейі үшін оқу бағдарламаларының, оқу­лық­тар­дың және оқу құралдарының сапасын жақсарту қажеттігі жайында айтылды. Эльмира МӘТІБАЕВА, «Егемен Қазақстан». АСТАНА.