02 Наурыз, 2016

Маңызы айрықша мейрам

341 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
ERA_5415+Елбасының 1 наурызды Алғыс айту күні деп жариялауынан бері алғаш рет елімізде аталып өтілген мерекенің жұртшылық үшін маңызы айрықша. Себебі, көктемнің алғашқы күніне сәйкес келген мейрамды ел тұрғындары бір-біріне жаппай алғыс айтумен бастады. Осы ретте Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде ҚХА өкілдері көпшілікті осынау рухани мерекемен құттықтады. Ассамблея Хатшылығының сектор меңгерушісі Назипа Ша­наи осы күннің ерекше әрі керемет екеніне, жұртқа алғыс айту­дың өзіндік тарихы бар және оның да үлкен маңызға ие болып отырғанына тоқталды. Сондай-ақ, ҚХА-ның 22-сессиясында Мем­лекет басшысы Қазақстанның көп­этносты мемлекет ретінде қа­лыптасуына байланысты тарих­қа шолу жасай отырып, осы ойды айтқан еді. – Бүгінгі таңда Тәуелсіздіктің таңсәрі шағында дүниеге келген жас­тар қоғамға белсенді мүше болуда. Олар сол заман туралы біле ме? Егер де білмейтін болса, оларға осы жөнінде ақпараттар берілуі қажет. Осындай егемен елде өмір сүріп жатқан бірнеше ұлт өкілдері бір-біріне алғыс айтса, нұр үстіне нұр болар еді. Бұл мереке осы жолы 800-ге жуық шарадан тұрады. Алғыс айту мейрамы Елбасының қатысуымен Астанада атап өтілді, – деді өзінің сөзінде Назипа Ыдырысқызы. Сонымен қатар, БАҚ өкілдерімен кездесудің маңызы — бұл мей­рамның жан-жақты және рухани құндылықтарды қамтитыны жөнінде кеңірек айтылуында екені сөзсіз. Себебі, мейірімділік пен қайырымдылыққа бағытталған тәр­биелік мәні бар тағы да бір мейрам қатарға қосылды деп қуануға болады. Осынау дүрбелең заманда болып жатқан жағдайларға байланысты біз үшін, білімді болашақты тәрбиелеп жатқан қоғам үшін олардың әрі ақылды, әрі мейірбан болып өсуіне жол сілтеу – маңызды. – Сондай-ақ, осынау шараның тағы бір мәні басым түсетін тұсына зер салсақ, онда біздің елге өз бетімен және тағдырдың тәлкегімен келген қаншама ұлт пен ұлыстар бар. Солардың қазақ халқына айтар алғысы шексіз. Себебі, XX ғасырға дейін Қазақстанның аумағына 60 ұлттың өкілі келген екен, ал XX ғасырдың бірінші жартысында, яғни 1950 жылға дейін репрессиямен 62 ұлт келген. Бүгінгі таңда осы ұлт пен ұлыстың бәрі елден өз орнын тауып, біздің елге нық орналасты. Сондықтан да олар ортақ Отаны үшін еңбегін жасап жатыр. Бүгін, міне, сол кісілердің тарихы мен тағдыры туралы еске түсіретін күн, – дей отырып, Назипа Ыдырысқызы, егер де қазақтың өз тарихына келер болсақ, 1930 жылдары Қазақстаннан кеткен қаншама халқымыз әлемдегі 44 мемлекетте тұрып жатқандығын еске салды. Оларды аман сақтап қалғаны үшін сол елдерге біздің де тараптан алғыс айтылуы қажеттігі ескеріліп, бұл ретте миллионнан астам халқымыз әлі де тұрып жатқан Қытайдағы, Өзбекстан, Ресей мен Моңғолиядағы аты шыққан ғалымдарымыз, өнер қайраткерлерімізге де алғыс айтудың жөні бөлек екендігі айтылды. Шетелге қазақтың атын шығарып жүрген қандастарымыздың еңбегін өз елімізде жүріп осылай бағалау – алғыс айтудан басталары сөзсіз. «Қарғыс алма, алғыс ал!» дейтін қарапайым қазақтың мына бір нақылына бүкіл дүниенің кеңдігі мен берекесі сыйып тұрғандай. Себебі, 365 күннің бір күнін бір-бірімізге алғыс айтып, ризашылық білдірумен ерекше атап өтер болсақ, жасап жүрген ерен еңбегіміздің жемісі рухани бағаланып жатыр деуге әбден болады. Сондықтан да халық мәтелінің мәнін түсінетін қазақ кешегі күні жаппай бір-біріне алғыс айтудан жалықпады, әсте бұл мереке елдегі ауызбіршіліктің бұғанасын одан әрі бекітетін атаулы датаға айналар болса керек. Эльмира МӘТІБАЕВА, «Егемен Қазақстан». Суретті түсірген Ерлан ОМАРОВ.