02 Наурыз, 2016

Ризашылық

422 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
BEK_7906Алғыс айту күніне орай күңгейдегі бас қалада ана мен бала денсаулығын қорғауда қатерлі топтағы жүкті әйелдерге жоғары деңгейде акушерлік-гинекологиялық көмек көрсететін әлемдік стандартқа сай технологиялармен жарақтанған құтты шаңырақ – қалалық Перинатология және балалар кардиохирургиясы орталығына барғанымызда Алматы қалалық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Бағдагүл Әбдірәсілова атбасын бұрып, жас босанған аналарды құттықтап, әрі құрқол келмей, кішкене шақалақтарға сыйлықтарын ала келіп, мәре-сәре болып жатыр екен. Бізге де осы шараға қатысып, жарық дүние есігін енді ғана ашып, жұмақ иісі бұрқыраған кішкене бөпелерін омырауларына басқан бірнеше анамен жүздесіп, сөйлесудің сәті түскен-ді. Иә, өмірге ұрпақ әкеліп, адамнан адамның жаратылуы оңай емес. Оны қаншалықты табиғи құбылыс дегенмен, «екіқабат әйелдің бір аяғы жерде болса, бір аяғы көрде» деп қазекем, оның қауіптілігін екі ауыз сөзге сыйдырып қойған ғой... Қатерлі топтағы жүкті әйелдерді босандыруда кәсіби жоғары біліктілігімен, еліміздегі босандыру ісін дамытуға үлес қосып жүрген қалалық Перинатоло­гия және балалар кардиохирургиясы ор­та­лығының директоры Эльмира Жақашеваның айтуынша, мереке күні сағат 15.00-ге дейін 19 сәби дүниеге келсе, оның 10-ы ұл, 9-ы қыз, екеуі егіз. Өзін Аида Нұрымбетова деп таныстырған 24 жастағы ана бөпелі болғанына өзін бақытты сезінгенін, алғашқы жүктілік болған соң «қалай босанады екенмін?» деп қорқып жүргенде жедел жәрдеммен осы орталыққа түсіп, босануы жеңіл, сәтті өткенін, оған осындағы өз ісінің мамандары көмектескенін қуана жеткізді. Ал   үш баладан кейін дәрігерлердің біліктілігінің арқасында еш патологиясыз босанған Айсара Әмірова ана­ларға осындай керемет орталық салып берген Елбасына рахметін жеткізсе, 24 жастағы Әсем Тұрысбекова қан қысымы көтеріліп, жансақтау бөліміне түскенін, сол кездері жағдайын біліп, бір сәт көзден таса етпей босандырып алған дәрігерлерге шын жүректен ризашылығын білдірді. – Менің қуанышым бәрінен ерекше. Өйткені, бүгін он жыл күткен тұңғышымыз дүниеге келді, – деді 31 жасында ана атанған Ләззат Айтжанова. – Оның үстіне, құлыншағым ЭКО арқылы дүниеге келіп отыр. Бір жыл күтіп, үкіметтен квота алып, бәрі тегін жасалды. Содан қаладағы мамандандырылған осы орталыққа жіберіліп, босанғанша бақылауда ұсталдым. Бүгін – Алғыс айту күні. Өзім де «қалай рахмет айтсам» деп отыр едім, сіздердің газеттеріңіз арқылы ана атануыма көмек берген Үкіметке, дәрігерлерге, медбикелерге шексіз алғысымды жолдаймын. Сондай-ақ, Алғыс айту күнінде «Қоғамдық келісім» мекемесі, ҚХА Алматы қалалық бөлімінің ұйым­дастыруымен №1 қалалық перзентханада туған 6 нәрестеге сыйлық берілді. Жас босанған аналарға ҚХА Алматы қалалық бөлімінің хатшылық меңгерушісі Маргарита Абдалиева ҚХА тарихы жазылған естелік кітапты сыйға тапсырса, №1 перзентхана бас дәрігерінің емдеу ісі жөніндегі орынбасары Зәуре Датхаева: «Бұл мерекенің идеялық мағынасы ҚХА қызметімен мазмұндас, халық бірлігінің арқасында елімізде аналарымыз дүниеге аман-есен сәби әкеліп жатыр», – деп емдеу орнының атынан нәрестелерге арналған жөргектік сөмке, жеке гигиеналық заттар мен костюмдер берді. Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан». АЛМАТЫ. Суретті түсіргендер Юрий БЕККЕР, Анар ЖАҢАБАТЫРОВА.