02 Наурыз, 2016

Отанымыз бір, тағдырымыз ортақ

334 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
2348_oko_4Жеміс ағаштары бүршік атып, алды гүлдей бастаған Шым­кент күндегісінен құл­пырып кеткен сияқты. Ре­­дакция тапсырмасымен қа­пылып Шәмші Қалдаяқов атындағы филармонияға жа­қындай бергенімізде, құшағы гүл, жүздерінде күлкі ойнаған мектеп оқушылары қарсы ұшырасты. – Ағай, бүгін Алғыс айту күні ғой. Бар арманыңыз орындалсын! Қаршадай қыз тілек жа­зылған жүрек пішіндес қағазды қолға ұстатты. Олар Тәуелсіздік монументіне гүл шоқтарын қоюға бара жатыр. Риясыз күлкі, ашық аспан, бақытты балалық шақ көшені толтырып барады. 1 наурыз – Алғыс айту кү­ніне орай Оңтүстіктегі көпте­ген этномәдени бірлестіктер ашық есік күндерін өткізген. Облыстық неміс этномәдени бірлестігінде жексенбілік мектепте неміс тілі оқытылады. Енді бір бөлмеде жастар во­калдық шеберліктен дәріс алып жатыр. – Қазақ халқы қиын-қыстау кезде маңдайымыздан сипап, қолындағы барымен бөлісті. Соның арқасында тірі қалдық. Біз бұл күнді ұмытпаймыз, қа­зақ халқына алғысымыз шексіз, – дейді бірлестіктің төрағасы И.Бахман. Осындай ашық есік күні Иран этномәдени бірлестігінде де өтті. Бірлестік төрағасы Капар Пур өз ана тілінде білім алып жатқан иран жастарымен таныстырды. Бірқатар жас футбол, біразы үстел теннисінің жарысын қыздырып жатыр. Иран нақышымен тігілген ұлттық киімдерімен би билеген «Шамсинур» би ансамблі Иран мәдениетін көз алдыңа жайып салады. – Салт-дәстүрімізді сақтап, тілімізді жастарға үйретіп жатырмыз, – дейді бірлестік төрағасы. – Қазақстанда бізді ешкім бөтен демейді, бауы­рындай көреді. Сол үшін алғысымыз шексіз. Бұл күні Оңтүстік Қазақстан облысының барлық қала, аудандарында Алғыс айту күніне байланысты іс-шаралар өтті. Соның бірегейі «Түркістан» сарайында өткен салтанатты кеште облыс әкімі Бейбіт Атамқұлов мерекенің маңыздылығын былайша айшықтады: – Алғыс айту күні – бұл тағдыр тәлкегімен Қазақстанға қоныс аударған түрлі этнос өкілдерінің Қазақ еліне ризалығын білдіру арқылы өзара түсіністігіміз бен сый­­лас­тығымызды барша жұртқа паш ететін күн. Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығы қарсаңында тұң­ғыш рет аталып өтетін мерекенің біз үшін маңызы ерекше. Бүгінде көгінде Көк туы желбіреген егемен елімізде түрлі ұлт өкілдері бейбіт өмір сүріп, туған тілі мен мәдениетін сақтап, дамытып келеді. Жүз­ден астам этнос өкілдерін бір шаңырақ астына топтастырып, ел болып қалыптастыруда Елбасымыздың еңбегі ерен. Мұны біз мойындауымыз керек. Қоғамдағы келісімді ұйыстыру, этномәдени бірлестіктермен байланысты жандандыру ба­ғытында өңірімізде үйлесімді жұмыстар жасалуда. Облыстағы этномәдени бірлестіктердің бастамасымен «Қазақ еліне мың алғыс» монументі тұр­ғызылуда. Бұл үлгілі істі біз барша этностардың Қазақ еліне деген қадір-құрметінің бір белгісі деп білеміз. Алғыс айту күні бірлігімізді бекемдеп, шынайы ықыласымыз арқылы сыйластығымызды одан әрі нығайтуымыз қажет. Бұл тұрғыда ұлтымыздың ұйыт­қысы атанған қасиетті Оңтүстік өңірінің тұрғындары барлық өзге өңірлерге өнеге болуы тиіс, – деді өңір басшысы. Оңтүстікте тағдыр талайымен келген жүзден астам ұлттар мен ұлыстардың өкілдері тұрады. Олар қиын күндерде өздеріне таяныш болған, өз бауырындай алқалаған қазақ жұртына алғысын осылайша білдіріп жатыр. Бақтияр ТАЙЖАН, «Егемен Қазақстан». Оңтүстік Қазақстан облысы.