02 Наурыз, 2016

Достықтың, ынтымақтың ғажап елі, барша жұрт риза саған, қазақ елі!

777 рет
көрсетілді
19 мин
оқу үшін
IMG_2566Кеше еліміздің барлық өңірінде қазақстандықтар Алғыс айту күнін алғаш рет кең көлемде сән-салтанатымен атап өтті. Сөйтіп, бұл күн енді еліміздегі өзге де мерекелер қатарынан лайықты орнын алды.

DSC_7008Алақай қуаныштарға толы күн

Ақмола облысының әкімі Сергей Кулагин Достық үйінде Алғыс күніне арналған шараларға қатысып, жұртшылықты ізгі мерекемен құттықтады. Шара барысында өңір басшысы этномәдени бірлестіктер дайындаған «Қазақ еліне тағзым» көрмесін тамашалап, «Алтын алқа», «Күміс алқа» медальдарын тапсырды. Сондай-ақ, көп балалы отбасыларына сыйлықтар ұсынды. Бұған қоса, 1 наурыз күні таңертең туған сәбилердің ата-аналарына гүл шоқтарын сыйлады. Облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Нұркенов пен елімізге белгілі меценат Болат Өтемұратовтың «Асыл Мирас» қайы­рымдылық қорының директоры Марат Айтмағамбетовпен бірге Көкшетаудағы мүгедек балалардың медициналық-әлеу­меттік сауықтыру мекемесінде болып, қор атынан ұжымға автобус, ойын алаңын және медициналық жабдықтар тапсырды. Дәл осындай шаттық шарасы Бурабай ауданының орталығы – Щучье қаласындағы «Сәбилер үйінде» де өткізіліп, мекемеге «Асыл Мирас» қоры мен «Rixos Borovoe» бес жұлдызды қонақ үйінің атынан шағын автобус пен медициналық жабдықтар сыйға берілді. «Асыл Мирас» қорының директоры Марат Айтмағамбетов бұл қаржының 2015 жылғы 30 тамызда «Rixos Borovoe» қонақ үйінде өткізілген қайырымдылық акциясы шарасында жиналғанын және мұндай қолдау жуық күндерде Қызылорда қаласындағы екі бірдей әлеуметтік нысан ұжымына да көрсетілетінін айтты. Бақберген АМАЛБЕК, «Егемен Қазақстан». Ақмола облысы. Суретті түсірген Ермұрат ДОСЫМОВ.

Қолтаңбаларын қалдырды

Кеше Қарағанды қаласында облыстың белгілі спортшылары «Алғыс кітабына» өздерінің қолтаңбаларын қалдырды. Бұл игі шара елімізде тұңғыш атап өтілген Алғыс айту күні мерекесіне арналды.  Ақ жүректен алғыс айтқандардың қатарында Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген жаттықтырушысы, атақты Абай бокс мектебінің негізін қалаушы Андрей Райш, Мюнхенде өткен ХХ Олимпия ойындарына қатысушы велошабандоз Анатолий Степаненко, Афина Олимпиадасының қола жүл­дегерлері – боксшы Серік Елеуов пен жеңіл атлет Дмитрий Карпов және жас талант, жасөспірімдер арасындағы олимпиада чемпионы Абылайхан Жүсіпов аталған кітапқа спорт жанашыры, еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа деген алғыс сезімдерін жазып қалдырды. 1 наурыз – Алғыс айту күнінде басталған эстафетаны өңірдің басқа да спортшылары жалғастырмақ. Бұл үрдіс Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойы атап өтілетін 16 желтоқсанға дейін жалғасатын болады. Қайрат ӘБІЛДИНОВ, «Егемен Қазақстан». ҚАРАҒАНДЫ.

IMG_7198Ынтымақтастықтың ыстық ықыласы

Облыс орталығындағы Қазақстан халқы Ассамблеясы ғимаратында 1 наурыз – Алғыс айту күніне арналған «Қазақ еліне тағзым» атты салтанатты шара өтті. Шараға облыстық және қалалық әкімдіктердің, саяси партиялардың өкілдері, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, облыстық этномәдени бірлестіктердің, облыстық және қалалық мекемелердің басшылары, студент жастар қатысты. Шарада алдымен «Мені Қазақстанға әкелген жол» атты қазақ жеріне түр­лі ұлттар мен ұлыстар өкілдерінің көшу тарихының мұрағаттық құ­жат­тары мен материалдарының көрмесі ашылды. Мерекелік шараға қатысушылар қиын кезеңде өңірге атбасын тіреген ұлттардың мұнда қалай тұрақтағандары туралы мағлұматтарға қанығып, сарғайған суреттерден сол кездің өмір шындығын көз алдарына елестетті десе болғандай. Сондай-ақ, қуғын-сүргін жылдары, одан кейінгі кезеңдерде жер аударылған ұлттар өкілдерінің бүгінгі ұрпақтарының естеліктері мен қазақ халқына деген алғыс сезімі баяндалған бейнефильм көрсетілді. Алғыс айту күніне арналған салтанатты жиынды облыс әкімі Бердібек Сапарбаев қысқаша сөз сөйлеп ашып, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ұлтаралық қатынасқа селкеу түспеуін ұдайы назарда ұстап, айрықша маңыз беретініне тоқталды. Соның айқын көрінісі өзге мемлекеттерде жоқ Қазақстан халқы Ассамблеясы болса, ал Елбасы Жарлығымен бекітілген 1 наурыз – Алғыс айту күні осы игілікті істің жүйелі жалғасы екенін атап өтті. Ол қазақ халқының қандай қиын жағдайда да тағдырдың жазуымен елге келген ұлттар мен ұлыстарға достық құшағын айқара ашып, бауы­рына тартқанын, барымен бөлісіп, жүрек жылуын бергенін тілге тиек ете келіп, осы ыстық ықыласқа бө­лен­ген өзге ұлт өкілдерінің оны еш­қашан ұмытпайтынын жадыда жаңғыртты. Осындай ізгіліктен тамыр тартқан еліміздегі татулық пен тұрақтылық, береке-бірлік ең басты құндылығымыз екенін жеткізді. Біздегі Қазақстан халқы Ассамблеясының жұмыс тәжірибесін өзге елдердің өнеге тұтып жатқанын да атап өтті. Өңірді мекендейтін 90-нан астам ұлт өкілдерінің татулығы мен бірлігі нығая беретініне сенім білдірді. Алғыс айту күні аясында өңір­дегі этномәдени бірлестіктердің қатысуымен «Ынтымағы жарасқан Қазақстан» атты облыстық ұлттар достығы фестивалі өткізілді. Алғыс айту күнінің ел Тәуелсіз­дігінің 25 жылдық мерейтойы қар­саңында тұңғыш рет тойлануы да жақсы нышан болып табылады. Соған орай, облыс аумағында 50 мыңға жуық адамның қатысуымен 200 шара ұйымдастырылды. Бар­лық аудандарда қазақстандық бі­регейлік пен ел бірлігін бейнелейтін мерекелік шаралар өткізілді. Бар­лық білім беру мекемелерінде «Алғы­сымыз шексіз» тақырыбында балалар шығармашылығынан сурет көрмелері ұйымдастырылды. Со­нымен қатар, Ақтөбе қаласы мен аудандар орталықтарында жастардың қатысуымен «Мен алғыс айтамын!» атты флеш-моб өткізілді. «Батамен ер көгереді», «Алғыс алған арымас» деген тәмсілдерді атам қазақ тегін айтпаса керек. Алғыс айту күнгі шаралар еліміздің ең басты құндылығы – тұрақтылық пен өзара татулықты, береке-бірлікті нығайта түскені сөзсіз. Сатыбалды СӘУІРБАЙ, «Егемен Қазақстан». Ақтөбе облысы.

IMG_7361Ақжарма тілек ақтарылды

Алғыс айту күні Сыр өңірінде кең көлемде тойланды. Адамдар бір-біріне ақжарма тілегін ақтарып, жұртшылық жақсылық жасауға, қамқорлық танытуға асықты. Аймақ шеңберінде іс-шаралар өтіп, халықтық деңгейде атап өтті. Алғыс айту күнін мерекелеуге арналған салтанатты іс-шаралардың біртұтас идеялық-ақпараттық әлеу­меттік маңызды мән-мазмұнын қам­тамасыз ету мақсатында облыстың білім беру ұйымдарында онкүндік жарияланды. 25 ақпан мен 1 наурыз күндері аралығында облыстық іс-шара жоспарына сәйкес барлық білім беру ұйымдарында облыстағы этнос орталығы өкілдерінің қатысуымен алғыс айту тақырыбына арналған «Алғыс айту – парызым» тәрбие сағат­тары, салтанатты жиындар және «Мен алғыс айтамын!» қонақжай қазақ халқына тағзым үлгісі өтті. Жалпы және орта білім беру ұйымдарында Дулат Исабековтің «Бір атаның балалары» әңгімесі желісінде пікірлесу, «Ұлы Дала төсінде – Ұлы мереке» сурет көрмесі, «Жақсы сөз – жылы тілек» тренингтері, «Мен ризамын бәріне» ән байқауы, «Сыйласу сәлемнен бас­­талады» атты дөңгелек үстелдер ұйымдастырылды. Мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында «Аналарға мың алғыс» тақырыбында сурет салу байқауы өткізілді. Сонымен қатар, техникалық және кәсіптік оқу орындарында он­күндік аясында «Тағдырын тарих тоғыстырған» әдеби-музыкалық кеш, «Жүзі басқа – жүрегі бір, тілі басқа – тілегі бір» атты этномәдени бірлестіктер өкілдерімен кездесу, «Аналарға құрмет – адамзатқа ізет» тәрбие сағаттары, «Бірлікті ту еткен аналарға мың алғыс» ру­хани-танымдық шаралар, «Достық – ел тірегі» көркемсөз оқу шеберлерінің сайысы, «Мақтанышым – Мәңгілік ұлы Отан» патриоттық әндер бай­қауы, «Қазақстан – ортақ үйіміз» тақырыбында үш тілде шығармалар байқауы өткізілді. Аталған шаралар­ға алғыс айту философиясының мә­нін ашу мақсатында этномәдени бірлестіктерінің, дін өкілдері, қо­ғам қайраткерлері, ғалымдар, өне­­гелі отбасылар және ел ағалары шақырылды. Отбасы үлгісіндегі балалар ауылында 1 наурыз – Алғыс айту мерекесіне орай «Мың алғыс айтамыз» тақырыбында ашық есік күні өткізілді. Облыстың барлық білім беру ұйымдарында ұстаздарға ризашылықтарын білдіру мақсатында «Ұстазыма рахмет!» ашық хаттар, плакаттар сайысы және әдеби-музыкалық кеш ұйымдастырылды. Сондай-ақ, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында аз қамтамасыз етілген отбасы балаларына арналған мерекелік дастарқан жайылды. Осындай мәнді шараның бірі Асқар Тоқмағамбетов атындағы Мәдениет үйінде өтті. «Ықылас, пейіл айқұшақ» атты мерекелік шара шат-шадыман көңіл-күйде өтті. «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық патриоттық идеясының, қазақстандық бірегейліктің негізгі арқауы – еліміздегі барлық ұлт пен ұлысты бір шаңырақ астына топтастырған тұтастық туын дәріптеген жиын елге ерекше әсер сыйлады. Шара барысында Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары Ай­дын Қайроллаев пен корей ұлттық бірлестігінің ақсақалы Вилорий Шин айтулы мерекемен халықты құттықтап, елдік пен бірлік тұр­ғысында әңгімеледі. Ержан БАЙТІЛЕС, «Егемен Қазақстан». Қызылорда облысы.

Қазақстан – бақыт мекені

Қандай заман, қандай қоғам болса да алғыс айту алға бас­тайды. Елдің алғысына бөленуден артық бақыт жоқ. Содан болар, жамбылдықтар Алғыс айту күнін ерекше атап өтті. Бұл күні Тараз қаласындағы Ор­талық алаңда «Қазақстан – бақыт мекені» атты мерекелік іс-шара ұйым­дастырылып, бір кездері өзге ұлт өкілдерінің қазақ жеріне қалай қоныс тепкендері, оларды елдің ыстық ықыласпен қарсы алғаны туралы көріністер өте керемет сахналанды. Бүгінде Қазақстанды өз Отаны ретінде санайтын бұл ұлт өкілдері елге рахметтерін айтып, алғыстарын білдірді. – Мен – бір кездері осы Қазақ­станға репрессияланған отбасының ұрпағымын. Ұлтым – неміс. Рас, Ұлы Отан соғысы жылдары неміс ұлтына деген басқаша көзқарас болды. Әйтсе де бізді Қазақ елі жатырқамай, құшағын жая қарсы алды. Ата-анамның айтуына қара­ғанда, соғыс жылдары неміс отба­сыларын жан-жаққа бытыратып жіберген. Солардың көбісі аштық пен қиындыққа шыдамай, қырылып кетіпті. Қазақстанға келген неміс отбасыларының бағы бар екен. «Бізді аман алып қалған қазақтың қонақжай пейілі мен кең дастарқаны болды. Әлі күнге қазақтардың құрт-майын аңсап тұрамын», дейтін ата-апаларымыз. Сондықтан осынау Ұлы Дала еліне, сол кең далада тату-тәтті ғұмыр кешіп жатқан қазақ халқына айтар алғысым мол. Өзім қазір кәсіпкерлікпен айналысып, «Алтын керуен» атты туристік орталыққа басшылық етіп жүрмін. Кәсіпкерлерге де елімізде көптеген жеңілдіктер жасалған. Бұл, әрине, Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың салиқалы саясатының нәтижесі. Ендеше, еліме және Елбасымызға мың алғыс, – дейді Альбина Веймер ағынан жарылып. Көктемнің алғашқы күнімен тұспа-тұс келген бұл шуақты мереке күні мүмкіндігі шектеулі жандар, жұбайлар, ата-аналар мен олардың балалары бір-біріне алғыстарын білдірді. Бұдан бөлек «Ата-анам – алтын тұғырым», «Әкем мен анама мың алғыс» көрме-байқауы, «Отбасы – қоғам тірегі» қойылымы, «Ата-анаға алғыс» акциясы ұйымдастырылды. Сондай-ақ, «Талантты жастарға ал­ғыс айтамын» атты жастардың Олимпиада чемпиондарымен, атақты спортшылармен кездесуі, облыстық перзентханада 1 наурызда туған балаларға сыйлық ұсынатын «Сүйінші» акциясы да бұл мерекенің шырайын аша түсті. Жамбыл облысының барлық аудан-қалаларында айтулы мереке өз деңгейінде атап өтілді.  Оралхан ДӘУІТ, «Егемен Қазақстан». Жамбыл облысы.

DSC_0359Үлкенге – құрмет, кішіге – ізет

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен бекітілген Алғыс айту күні Қызылжар өңірінің жер-жерлерінде кеңінен атап өтілді. Осындай игі шаралардың бірі Ақжар ауданының орталығы Талшық кентінде орналасқан еңселі Мәдениет үйінде ұйымдастырылып, Ұлы Дала еліндегі бірлікті нығайту, бейбітшілік пен келісім, өзара түсіністік пен сенім бас­ты тақырып арқауына айналды. Жұртшылық алдында сөйлеген сөзінде аудан әкімі Серікбай Тұ­ралинов айтулы мерекемен жи­налғандарды құттықтап, Ал­ғыс айту күнін мерекелеу рәсімі «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық патриоттық идея­сының шеңберінде қазақстандық құндылықтарды, жалпы тарих және тарихи естеліктер негізінде елдік бірегейлік пен бірлікті, тыныштық пен баянды өмір, өзара сенім мен сыйластықта жүріп жатқан бей­бітшілік пен келісім саясатын жүзеге асырудың айтулы құралы болып табылатынын атап көрсетті. Күшіміз бен үйіміздің баянды да кемелді болуының арқасында Қазақстан серпінді дамып келеді. Өскелең ұрпақ бойына отансүйгіштік, имандылық, сыйласымдылық қа­сиеттерді дарыту үшін осы іс-шара аясында тәлімді құндылықтар барынша насихатталып, таратылатын болады. Еңбек ардагері, алғашқы тың игерушілердің бірі Ольга Шурданың естеліктері өте әсерлі шықты. Ольга Николаевна сөз басын қазақ халқы мен Елбасына алғыс айтудан бастап, атажұртынан еріксіз көшірілген кезеңде Қазақстанды паналап, жандарына дамыл тапқанын көзіне жас ала отырып әңгімеледі. Өмірлік бақытын теріскейден тапқанын мақтанышпен айтты. Саналы ғұмырын ауылшаруа­шылық саласына арнап, көп жыл бойы агроном қызметін абыроймен атқарған. «Құрмет Белгісі» ордені мен бірнеше медальды кеу­десіне жарқырата таққан. Төрт немере, үш шөбере сүйіп, кейуана жасына жетіп отырған еңбек ардагері Тәуелсіздіктің арайлы таңын көргеніне шүкіршілік етіп, жастарды бірін бірі сыйлауға, кешірімді болуға шақырды. – Тәуелсіздігіміздің ширек ғасыр мерейтойымен тұспа-тұс келіп, бірінші рет атап өтіліп жатқан бұл мерекенің тәлімі өте зор. Әсіресе, жастар үшін берер ғибраты мол. Саратов облысынан амалсыз аластатылғанда бұрынғы Сергеев ауданына тап болдық. Әжеміз ауыр құсадан көз жұмғанда анамыз шиеттей екі баламен қалған еді. Алайда, кеңпейілді адамдардың аялы қамқорлығы арқасында еш кемдік көрмеді. Туыстарым Германияға кеткенде менің таңдауым тек Қазақстан болды. Бұл әз анамның аманаты болатын. Бір-бірімізге қолұшын беріп, тілеуімізді тілеп жүргенге не жетсін!–деп мәдениет саласының майталманы Марина Мельник ағынан ақтарылғанда зал ішін ду қол шапалақ көміп кетті. Игілікті шара барысында Ва­лентина Голь, Зекен Қажымұратов секілді қарияларға да зор құрмет көрсетіліп, үлкенге құрметтің, кішіге ізеттің инабат иірімдері самал желдей есіп тұрды. Алғыс айту күні мерекесі жер­гілікті көркемөнерпаздардың кон­церттік бағдарламасына ұласып, жұртшылық үшін әсерлі кешке айналды. Өмір ЕСҚАЛИ, «Егемен Қазақстан». Солтүстік Қазақстан облысы, Ақжар ауданы. Суретті түсірген Дархан СӘРСЕНОВ.

Қайырымды жігіт Ислам

Ақтауда алғашқы Алғыс айту күні мерекесіне орай «Вайнах» чешен-ингуш этномәдени бірлестігінің мүшесі, өнерлі жас жігіт, тәуелсіздігіміздің құрдасы Ислам Музаевтың жеке концерті өтті. Ислам алғашқы жеке концертін қайырымдылық мақсатта ұйымдастырды. Ресейден ІІМ академиясын бітірген Ислам сауда саласында қызмет етті. Бірақ, бойындағы таланты оны өнер саласына алып келді, бұрын атаулы мейрамдарда, байқауларда болмаса, сахнаны сирек көретін жігіт, қазір Ақтау қаласындағы «Абай» атындағы мәдениет сарайында қызмет етеді. Сондай-ақ, ол – Маңғыстаудағы қоғамдық-әлеуметтік ортаға белсенді түрде атсалысып, даму мен достықтың нығая түсуіне зор үлес қосып келе жатқан чешендер мен ингуштердің этномәдени бірлестігінің мерейін көтеріп жүрген жас. Алғыс айту күніне арнаған жеке концертін ол «Мен – қазақстандықпын» деп атап, Қазақстандағы бірлік пен ынтымаққа өз үні мен үлесін қосуға ұмтылатындығын білдірді. 2015 жылдың 27 қарашасында Қа­зақстан халқы Ассамблеясының ұйым­дастыруымен Астанада өткен Қайырымдылық ұйымдарының, меценаттар мен донорлардың республикалық съезінде Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған «Қайырымдылық керуені» жалпыұлттық акциясы бастау алды. Акцияның нышаны – «Қоржын» жыл бойы қайырымдылық істер мен әлеуметтік жобаларға толтырылатын болады деп келісілген еді. Бұған дейін де бірнеше қайырымды істердің «құжатымен» бүйірін қампитқан қоржынға енді Исламның жеке концерті де қосылды. Қазақ, чешен, орыс тілдерінде ән шырқаған И.Музаев концерттен түскен қаржыны Маңғыстау ауданының Қосбұлақ ауылында тұратын отбасына аударды. Бұл отбасының 2011 жылы туған Абылай және 2014 жылы туған Жанмұхамбет – туабітті мүгедек балалары бар. Ислам ұсынған қаражат қос ұлдың емделуіне қосымша көмек болмақ. Абылай мен Жанмұхамбеттің анасы Күнзира Кенбаева әнші Ислам мен концертті ұйымдастырушыларға алғысын білдірді. Алғыс айту күнінде қайырымдылық, сауапты іс жасаған Исламның қада­мына сәттілік тілейміз. Бұл күні ол қайырымдылық жасаумен бірге, сырқат балалар мен олардың отбасы тарапынан алғысқа ие болу арқылы 1 наурыздағы мерекенің сипатын аша түсті. Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан».