Қазіргі кезде елімізде құқықтық мемлекеттің негіздері жасалып, оның орнықтырылуы – біртұтас жаңғырту үдерісі аясында шешіліп жатқан біздің конституциялық міндетіміз болып табылады. Осының аясында еліміздің құқық қорғау жүйесі азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етуге, заңдарды қатаң орындауға және құқық тәртібін нығайтуға бағытталуы тиіс екендігі сөзсіз. Ал бұл мәселе төңірегінде Мемлекет басшысы «Ұлт Жоспары – қазақстандық арманға бастайтын жол» атты бағдарламалық мақаласында тайға таңба басқандай көрсетіп берді. Осылайша «5 институттық реформаны жүзеге асыру бойынша 100 нақты қадам» – Ұлт Жоспарын орындаудың нақты кезеңі басталды.
Осы орайда, елімізде құқықтық орта қалыптастыруға ықпалын тигізетін ішкі істер органдарындағы жұмыс барысы туралы Ішкі істер министрлігінің Көліктегі ішкі істер департаментінің бастығы, полиция полковнигі Ержан СӘДЕНОВКЕ жолығып, сұрақтарымызға тұшымды жауаптар алған едік.
– Ержан Сапарбекұлы, әуелі көліктегі ішкі істер органдарының басым бағыттарына қандай міндеттер жататыны туралы айтып берсеңіз.
– Еліміздің көлік полициясы қашанда ішкі істер органдарының ішінде негізгі құрылым болып есептеліп келді. Өз қызметінің ерекшелігі жағынан да ғасырға жуық бай тәжірибесі бар бөлініс күні бүгінге дейін маңызды міндеттерді атқару үстінде. Көлік полициясы құрылған күннен бастап оның міндетіне сай еліміздегі әуе және темір жол арқылы жол жүретін жолаушылардың қауіпсіздігін, тасымалданатын жүктердің сақталуын қамтамасыз ету басты қағидатқа айналды. Бүгінде Көліктегі ішкі істер департаментінің алдындағы міндет – қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қылмыстардың алдын алу, басқа да заңға қайшы әрекеттерге жол бермеу. Сонымен қатар, көлік сақшылары үшін ауыр және аса ауыр қылмыстардың алдын алу шаралары басты басымдыққа ие.
– Өзіңіз жақсы білесіз, Елбасы халыққа арнаған әр Жолдауында ел тыныштығын, азаматтардың қауіпсіздігін, тәртіп пен заң үстемдігінің жоғары тұруын қашанда баса айтып келеді. Мемлекет басшысының тапсырмаларынан бастау алатын атқарылуы тиіс шараларға тоқталсаңыз.
– Иә, елдің ынтымағы мен бірлігін сарабдал саясатының өзегі етіп келе жатқан ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өзінің дәстүрлі Жолдауында да біздің тірегіміздің – тәуелсіздік, тілегіміздің – тұрақтылық, білегіміздің – бірлік екендігін қадап айтты. Баршаға мәлім, осы стратегиялық құжатта барлық сала толықтай қамтылды. Әсіресе, Президентіміздің халықтың әлеуметтік әл-ауқатын жақсарту бойынша мәселелерді көтеруі көпшіліктің көңілін марқайтты.
Мемлекет басшысы: «Бүгінде халықаралық терроризм әлемге елеулі қатер төндіріп тұр. Бұл тәуелсіз мемлекеттердің ішкі істеріне сыртқы күштердің араласуы жолымен мемлекеттіліктің күйреуінің нәтижесі. Жаңа жаһандық өмір шындығының сын-қатерлеріне біз өзіміздің нақты мүмкіндіктеріміз негізіндегі біртұтас іс-қимыл стратегиясын қарсы қоюымыз керек», – деді. Президентіміздің бұл тапсырмаларды нықтап айтуы тегіннен-тегін емес. Өркениетті елдер экономикалық қатынастарды реттеумен қатар, ел заңдарының орындалуына да ерекше маңыз береді. Өйткені, қоғамдағы тұрақтылық пен темірдей тәртіп қана елді өркендетудің негізі. Сондықтан әрбір көлік сақшысы Мемлекет басшысының тапсырмаларын мүлтіксіз орындауды өзінің азаматтық борышы санайды. Қауіпсіздікті сақтау ісі жұмысты жүйелі әрі ұдайы жүргізуді талап етеді. Ол үшін әр полицейге қажыр-қайрат пен асқан қырағылық қажет. Бұл ретте, департамент жеке құрамның әскери дайындығын пысықтау, ондағы мамандардың білімдерін жетілдіріп, біліктілік деңгейін арттыру бойынша шаралар қабылдап отырады.
Елбасының «Дағдарыстардың бәрі өткінші, өтеді де кетеді. Ел тәуелсіздігі, ұлт мұраты, ұрпақ болашағы сияқты ұлы құндылықтар ғана мәңгі», – деген сөзі де жүрегі елім деп соққан әр азаматтың үмітін үкілегені рас. Биыл, міне, елдігімізді ұлықтайтын Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығын атап өтпекпіз. Ғасырлар бойына еркіндік аңсаған бабаларымыздың қасық қанымен келген бүгінгі тәуелсіздік еліміз үшін аса қымбат. Бұл мерекені ата-бабаларымыздың батырлығына тағзым ету, әрбір азаматтың ел алдындағы жауапкершілігі мен отансүйгіштік қасиеттерін арттыру үшін атап өтеміз. Айтулы мерекені әрбір жас өскіннің бойына Отанына, халқына деген шексіз махаббат ұялату үшін дәріптейміз. Бір сөзбен айтқанда, бұл мереке тәуелсіздігімізді келешек ұрпақтың қадір тұтып, ардақтап жүруі үшін де қажет. Бұл тамаша датаның мәні осында деп ойлаймын.
«Тәуелсіздікті баянды ету оған қол жеткізуден де қиын» деген Елбасы сөзінің астарында үлкен даналық бар. Жасампаз жарастықтың арқасында дәулеті мен сәулеті шалқыған бүгінгідей іргелі мемлекетке айналдық. Әрбір қазақстандықтың ендігі міндеті – тәуелсіздігімізді одан әрі баянды ету. Ол шеті мен бұл шетіне ұшқан құстың қанаты талатын ұлан-ғайыр даламыздың тыныштығын қорғау әр азаматтың қасиетті парызы деп есептеймін.
– Жақында департамент қызметі бойынша 2015 жылы атқарылған жедел-қызметтік жұмыстардың қорытындысы шығарылды. Нақты нәтижелер қандай?
– Республикамыздың теміржол және әуе көлігі нысандарындағы жедел жағдайдың жай-күйін бақылауды қамтамасыз ету бойынша Елбасымыздың және Ішкі істер министрінің жүктеген міндеттерінің орындалуы бойынша нақты шаралар қабылдануда. Айталық, 2015 жылы департаменттің қызмет көрсету аумағында 2889 құқық бұзушылық тіркелді, оның ішінде 2022 қылмыс және 867-сі теріс қылық қылмыстарын жасаумен байланысты. Өткен жылы, қылмыстардың жалпы ашылу көрсеткіші 83,4 пайызды құрады. Аса ауыр емес қылмыстар саны 38,6 пайызға, ауырлығы орташа дәрежедегі қылмыстар саны 19,5 пайызға азайды. Сондай-ақ, бөгде адамдардың мүлкін ұрлау 12,0 пайызға, оның ішінде телефон ұрлығы 17,5 пайызға төмендеді.
Қазіргі уақытта жұмысымыздың басты бағыты Елбасымыз Н.Назарбаевтың 2015 жылғы «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты Жолдауының басым бағыттарын жүзеге асыру. Бұл тапсырмаларды жүзеге асыру шеңберінде Департаменттің қызмет көрсету аумағында құқық бұзушылықтарды болдырмау, қоғамдық тәртіпті сақтау, әсіресе, ұсақ құқық бұзушылыққа «мүлдем төзбеушілік» қағидатын қалыптастыру бойынша Көліктегі ІІД-де жедел-алдын алу сипатындағы іс-шаралар күн сайын жүргізіледі. Осының нәтижесінде 2015 жылы 60 мыңнан астам әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Құқық бұзушылықтарға жол берген азаматтардан 114 млн. теңгеден аса айыппұл өндірілді. Ағымдағы жылдың қаңтар айында түрлі әкімшілік құқық бұзғандары үшін 4700-ден аса азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Бұл көрсеткіштің 30,1 пайызын «мүлдем төзбеушілік» қағидатына қатысты құқық бұзушылықтар қамтиды.
– Ал осы қызмет көрсету аумағында қандай қылмыс түрлері жиі жасалады?
– Негізінен жолаушы азаматтардың жеке мүлкін ұрлау қылмысы жиі тіркеледі. Бұл жалпы қылмыстардың 65 пайызын құрап отыр. Десек те, жедел сауықтыру шараларын жүйелі өткізудің нәтижесінде бөтеннің мүлкін ұрлау қылмысы 12 пайызға төмендеді, оның ішінде ұялы телефондарды ұрлау 17,5 пайызға азайды. Сол сияқты департаментте жылжымалы құрамнан заттарды топ болып ұрлау, алаяқтық, бұзақылық, есірткі заттарын тасымалдау секілді қылмыстар да орын алып жатады. Мәселен, өткен жылы көлік полицейлері 4 тоннадан аса түрлі есірткі заттарын тәркіледі. Сондай-ақ, 13 контрабанданың жолы кесіліп, есірткі тасымалының 24 фактісі анықталды. Есірткінің заңсыз айналымына қатысты құқық бұзушылық бойынша 417 дерек тіркелді.
– Азаматтардың қауіпсіздігін сақтау үшін тағы да қандай шаралар қолға алынуда?
– Бүгінгі күні департаменттің қызмет көрсету аумағының ұзындығы 16 мың шақырымнан асады. Осы аумақта орналасқан көлік нысандары, вокзалдар мен перрондар құқық бұзушылыққа неғұрлым бейім жерлер болып саналатыны жасырын емес. Мәселен, Астана стансасы бойынша орташа есеппен алғанда тәулігіне 10 мыңнан аса жолаушы азаматтар өтеді. Ал Астана әуежайынан тәулігіне 8-9 мың жолаушы ұшып келіп, ұшып кетеді екен. Сол сияқты Алматы стансасынан тәулігіне 16 мың жолаушы өтеді, бұл көрсеткіш мейрам күндері еселене түседі. Сондықтан біз әрқашанда, алдымен, жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге күш саламыз. Департамент қызметтері арқылы үнемі «Құқық тәртібі», «Іздестіру», «Заңсыз келуші», «Допинг» және т.б. жедел-алдын алу шаралары өткізіліп тұрады. Десек те, жол жүру кезінде азаматтардың да өз жеке мүліктеріне барынша мұқият болғандары абзал-ақ.
– 2017 жылы еліміздің бас қаласы Астанада өтетін «ЭКСПО» жаһандық көрмесі кезінде қоғамдық қауіпсіздік мәселесіне айырықша көңіл бөлінбек. Бұл ретте, көлік сақшыларының дайындығы қалай?
– «Біздің мақсатымыз – елі бақытты, жері гүлденген қасиетті Отанымыз Қазақстанды «Мәңгілік Ел» ету! Әлемдегі ең дамыған 30 мемлекеттің қатарына қосылып, бай да қуатты елдермен иық түйістіру», – деді Елбасы. Демек, осы ұлттық идеяны жүзеге асырып, іргелі ел екендігімізді таныту мақсатында алдағы уақытта ауқымды іс-шаралар жүзеге асырылатыны белгілі. Солардың бірі әрі бірегейі – Халықаралық ЭКСПO-2017 көрмесі. Айтулы шараны өткізу кезінде елордамыз – Астананың қоғамдық тәртібі айырықша назарда болмақ. Өйткені, оған алыс-жақын шетелдерден көптеген меймандар келеді деп күтілуде. Сондықтан, бұл ірі жобаға қай жағынан алсақ та дайындық сақадай сай болуы шарт. Көлік полициясы Астананың теміржол және әуе көлігі нысандарында қауіпсіздік шараларын күшейтіп, солар арқылы қатынайтын қонақтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етпек. Жаһандық жетістіктер көрмесі кезінде Көліктегі ІІД-нің жеке құрамы қызмет өткерудің күшейтілген нысанына көшірілетін болады. Қазірдің өзінде дайындық жұмыстары жүйелі жүргізілуде.
– Бүгінгі таңда ішкі істер органдарына жас мамандарды қабылдау барысы ашық жүргізіледі. Оларға қойылатын басты талап қандай?
– Қызметкерлерді кәсіптік және іскерлік негізінде іріктеу кадрлық саясатты түбегейлі өзгертуге жол ашады. Сондықтан кандидаттар мен жеке құрамдағы қызметкерлердің сапасы мен кәсіби шеберліктерін тексеру мақсатында арнайы тестілеу жүйесі енгізілген. Қазіргі кезде ішкі істер органдары қызметкерлерін кезекті аттестациялаудан өткізу өте маңызды болып тұр. Бұл заман талабы. Біріншіден, полицияда тек лайықтылар ғана қызмет етуге тиіс. Екіншіден, болашақ полиция қызметкері адамгершілігі зор, адал, тәртіпті және денсаулығы мықты әрі шымыр адам болуы қажет. Ол азамат қызметтік борышын, өзіне қандай жауапкершілік артылатынын саналы түрде түсіне білгені жөн. Полицейлер халықтан темірдей тәртіпті талап ету үшін, ең алдымен, олардың өздері жарқын істерімен жұртқа үлгі бола білгендері ләзім.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Александр ТАСБОЛАТОВ,
«Егемен Қазақстан».