«Нұр Отан» партиясының Республикалық сайлауалды штабының өкілдері кеше Алматы облысындағы мыңдаған партия жақтастарын қамтыған форум жұмысына қатысып, өңірдегі ауылшаруашылық өкілдері мен жұмысшы ұжымдарымен кездесті және осындағы сайлаушылар үйлерін аралап көрді. Сондай-ақ, ДЭУ-15 көліктік-логистикалық салалық кәсіпорнының жұмысымен танысты.
Делегацияны партия Саяси кеңесінің бюро мүшесі Қ.Сұлтанов бастап келді. Оның құрамында «Нұр Отан» партиясының хатшысы З.Тұрысбеков, Парламент Мәжілісінің V шақырылымының депутаттары С.Үмбетов, О.Өксікбаев, З.Балиева, спорт ардагері Ж.Үшкемпіров, Қазақ ұлттық өнер университетінің ректоры «Қазақстанның Еңбек Ері» А.Мұсақожаева, эстрада әншісі Қ.Нұртас және т.б. танымал тұлғалар бар. Талдықорған қаласының Орталық стадионында «Нұр Отан» партиясы жақтастарының форумына 5 мыңнан астам адам қатысты. Талдықорған қалалық емханасының хирург дәрігері Жеңіс Ахметбеков былай деді:
«Біз барлық отандастарымызды алдағы сайлауға қатысып, бірлік, тұрақтылық, жасампаздық үшін дауыс беруге шақырамыз. Бұл үш арғымақ Қазақстанды табысқа жетелеп, келешегімізді кемелдендіреді». Ал жастар атынан сөз алған І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің студенттері Әсем Қалибек жастарға кең мүмкіндік ашып отырған Елбасына алғыс айтып, жастардың таңдауы «Нұр Отан» деп сенім білдірді. Сондай-ақ, РСШ мүшелері «Хильниченко В.П.» шаруа қожалығының жұмысшыларымен де кездесті. Бұл жиында штаб мүшелері халық саны 1,9 миллион адамды құрайтын Алматы облысы елімізді 16,4% ауылшаруашылық азық-түлігімен қамтамасыз ететін ірі аймақ екенін атап өтті.
«Нұр Отан» партиясы Төрағасының бастамасымен құрылған инфрақұрылымды дамытуға арналған «Нұрлы Жол» мемлекеттік бағдарламасының ерекшелігі туралы Қапшағай қаласындағы «№15 Жол-пайдалану басқармасының» ұжымымен өткен кездесу барысында айтылды. Жетісу өңіріндегі бағдарламаның басты нысаны – салынып жатқан қашықтығы 956 шақырым алты жолақты Алматы – Өскемен көлік жолы. Кәсіпорындағы 30 жұмысшы жыл сайын 6 мың шаршы метр шұңқырларды жабу, жол бойындағы белгілерді орнату және жол жиегін гүлдендіру жұмыстарын жүргізеді.
Республикалық сайлауалды штаб өкілдері жоспарлы кездесулерден басқа, облыс тұрғындарының үйлерін де аралады. Сайлаушыларға «Нұр Отан» партиясының бағдарламасын таныстырып, «Нұр Отанға» дауыс беруге шақырды.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан».
Алматы облысы.