03 Наурыз, 2016

Үштілді білім беру жетілдіріледі

363 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Үштілді білім беруОтандық білім берудің бүкіл жүйесін түрлі бағдарламалар аясында жетілдіріп келе жатқан Білім және ғылым министрлігі мен “Study INN” білім беру компаниясы жыл сайын «Білім беру мазмұнын жаңартудың маңызды шарты ретінде үштілді білім берудің Жол картасын жүзеге асыру» халықаралық ғылыми-практикалық конференциясын ұйымдастырып келеді. Биыл сондай алқалы жиын Астанадағы «Нұр Орда» қазақ-түрік лицейінде жалғасын тапқан еді. Жаһандану заманында елдер арасын жақындастыратын, жүздескенде ізгі ниетті, жақсы ілтипатты жеткізетін тілдің орны бөлек екені белгілі. Көп тілді білген жұрттардың көсегесі көгереді дейді. Бұл да құптауға тұрады. Әйтсе де, өз ұлтының, халқының, мемлекетінің тілін жетік біле отырып, өркениет көшінің алдыңғы сапында келе жатқан жұрттардың тілін де білу керектігін дәуір талап етіп отырғаны анық. Мұндай қадірлі қадамды Қазақ елінің Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев азаттық алған күннен бері айтып қана қоймай, соны жүзеге асырудың тетігін ұсынып, әлемдік тегеурінді тілдердің берер тағылымын, үйретер үлгісін ой-санаңа жеткізуде. Алдыңғы қатарлы елдерге «Болашақ» бағдарламасымен оқуға жастарды жібергенде олар білікті маман болып келумен қатар, тілді терең меңгеру қажеттігін тапсырса, ол қазір өз нәтижесін бере бастады. Бұл сөзімізге дәлел ретінде Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың: «Біз үштілділікті енгізуді жеделдетудеміз. Бұл біздің ойлап шығарғанымыз не біздің қалауымызбен емес, бұл – қажеттілік. Қазірдің өзінде 20% қазақстандықтар ағылшын тілін меңгеріп отыр, яғни үш тілді білу – бұл жаһанданған өмірге жолдама, бұл адам өмірінің сәттілік қағидасы. Осы жаһанданған әлемде біздің балаларымыз ғаламшар азаматтары болады – олар барлық жерде және кез келген жұмысты атқара алулары керек және де олар осынау қилы заманда суда жүзген балықтай болулары керек», деген түйіні дәлел болады. Осыған орай, жоғарыда айтқан халықаралық ғылыми практикалық конференцияда еліміздегі үш тілге – әртүрлі лингвистикалық топтарға керемет жағдай қалыптасқаны алға тартылып, ол қазақ тілі – түркі тобына, ағылшын – роман-фриз және орыс тілі – славян тобына жататыны айтылды. Сондықтан, лингвистердің пікірі бойынша, тілдерді үйрену бірыңғай түпмәтінде қарастырылуы керек екен. Конференция үш тілде өткізілді: қазақша, орысша, ағылшынша. Жиынға қазақ тілінен басқа тілде оқытатын мектептің қазақ тілі мұғалімдері, қазақ мектептеріндегі орыс тілі мұғалімі, ағылшын тілі және жаратылыстану-математика бағытының пәндерін ағылшын тілінде беретін мұғалімдер қатысты. Конференцияда алғашқы сөзді Білім және ғылым вице-министрі Есенғазы Иманғалиев алып үштілді оқыту жайын жан-жақты тарата айтып, бұл бойынша министрліктің атқарып жатқан жұмыстарына тоқталды. Ал Ы.Алтынсарин атындағы Білім академиясының үштілділікке оқыту орталығының директоры Ляиля Сырымбетова, Cambridge University Press аймақтық директоры Paul Zbihliy, ҰҒА корреспондент-мүшесі, профессор Фаузия Оразбаева, Cambridge Universitу Press департаментінің директоры Elaine Allricht, филология ғылымдарының докторы Елизавета Хамраева, Cambridge English Language Аssessment емтихандар департаментінің аймақтық директоры Анна Горизонтова, тағы басқалар көп тілді оқыту, оның әдістемесін, оқулықтар туралы ойларын ортаға салып нақты пікірлерін білдірді. Тіл мәселесіне арналған конференция жұмысы төрт секцияда жалғасып, онда үштілді білім беру жағдайында қазақ тілін үйретудегі инновациялық тәсілдер, ағылшын тілі сабағында пәндердегі сабақтастық, пәнаралық және аралық тақырыптардағы коммуникативтік тәсіл (CLIL), ұлттық мектептегі орыс тілі – когнитивті әрекеттің билингвалы, үштілді білім беруді дамытуда ЖМБ және математика пәні мұғалімдеріне практикалық көмек беру жолдары (жұмыс тәжірибесінен) талданды. Сүлеймен МӘМЕТ, «Егемен Қазақстан».