Кеше Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Марат Сәрсембаев 2016 жылғы 20 наурызға тағайындалған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің және мәслихаттарының депутаттарын сайлауда шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардан байқаушыларды аккредиттеу барысы туралы брифинг өткізді.
Брифингте ОСК мүшесі сайлауды халықаралық байқау бүкіл әлемге кеңінен танымал болғанын және сайлау үдерістерінің сипатын дәл және алаламай бағалауды қамтамасыз етуде маңызды рөл атқаратынын атап өтті. «Байқаушылар халықаралық қоғамдастықтың адам құқықтарын құрметтеу мен құқық үстемдігін дамытудың компоненті ретінде демократиялық сайлау өткізуді қамтамасыз етуге деген қызығушылық білдіруі болып табылады, – деді ол. – Халықаралық байқаушылардың болуы сайлау үдерістерінің беделін арттырады және көбіне олардың жариялылығы мен ашықтығының кепілі саналады».
Біздің елімізде болатын алдағы сайлауды байқауға ЕҚЫҰ-ның Демократиялық институттар мен адам құқықтары жөніндегі бюросы, ЕҚЫҰ-ның Парламенттік Ассамблеясы, Еуропа Кеңесінің Парламенттік Ассамблеясы, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы, Шанхай ынтымақтастығы ұйымы, Ислам ынтымақтастығы ұйымы, Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесі, Түркітілдес елдердің Парламенттік Ассамблеясы секілді беделді ұйымдардың, сондай-ақ, он тоғыз шет мемлекеттің орталық сайлау органдарының өкілдері шақырылған.
Ал 1 наурыздағы жағдай бойынша Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясы Сыртқы істер министрлігінің ұсынуы бойынша халықаралық ұйымдар мен шет мемлекеттердің 175 байқаушысын аккредиттеді. Олардың ішінде ЕҚЫҰ/ДИАҚБ-ның 44 байқаушысы, ТМД миссиясының 111 байқаушысы, Ислам ынтымақтастығы ұйымының үш және сегіз шет мемлекеттің 17 байқаушысы бар. Бұдан басқа Сыртқы істер министрлігі 26 мемлекеттен 112 шетелдік БАҚ өкілін аккредиттеді. Осылайша, қазіргі уақытта барлығы 45 елден 287 халықаралық байқаушы мен шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының өкілі аккредиттелді.
Еліміздің сайлау заңнамасына сәйкес халықаралық байқаушылар мен Сыртқы істер министрлігі аккредиттеген журналистердің сайлау үдерісінің барлық кезеңдеріне қатысуға, сайлау науқанының барысы туралы ақпарат алуға, дауыс беру мен дауыстарды санауды жүргізу уақытында сайлау учаскелеріне баруға, сайлау үдерісіне қатысушылармен кездесуге, сайлау комиссияларының мүшелеріне өз байқаулары, анықталған бұзушылықтар жөнінде хабарлауға, ұсынымдар енгізуге, жария өтініштер жасауға құқығы бар.
Брифинг соңында М.Сәрсембаев: «Ұзақ мерзімді және қысқа мерзімді халықаралық байқаушылардың болуы сайлауды ұйымдастырушылардың, кандидаттар мен саяси партиялардың, азаматтық қоғам мен сайлау үдерісіне басқа да қатысушылардың жауапкершілігін арттыра түседі. Сонымен қатар, отандық байқаушылардың, саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктердің, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің, сондай-ақ, халықаралық сарапшылар мен байқаушылардың бірлескен жұмысы мен өзара тиімді іс-қимылы сайлау үдерісін барынша әділ, транспарентті әрі ашық етуге мүмкіндік береді», – деді.
Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ,
«Егемен Қазақстан».