Қазақстан биліктің өкілетті органын күшейту жағына қарай ілгерілеп барады. Бір айдан кейін елде кезектен тыс парламенттік сайлау өтеді. Бір жылға жетер-жетпес уақытта президенттік сайлау өткен болатын. Көптеген сарапшылардың пікірлері бойынша, жаңа сайлау циклы Қазақстанға кадрлар алмасуларды жүргізіп қана қоймай, Парламентті нығыз басқарушылармен күшейтуге, сөйтіп, тұтастай алғанда, парламентаризмді бұрынғыдан да дамытуға мүмкіндік береді.
Бүгінгі таңда Қазақстан Парламенті посткеңестік кеңістіктегі аса репрезентивті және тиімді парламенттердің бірінен саналады. Қазақстан Республикасының 1995 жылғы Конституциясына сәйкес, ол екі палатадан – Сенаттан және Мәжілістен тұрады. Сенат, Ресей парламентіндегі секілді, өңірлер палатасы болып табылады. Ал Мәжіліс саяси партиялардың ашық бәсекелес күресі негізінде жасақталады. Оның үстіне, партиялардың Мәжілістегі өкілдіктері бірте-бірте, сонымен бір мезгілде, сенімді түрде ұлғая түсіп келеді.
Мәселен, 2007 жылғы Парламент Мәжілісінің сайлауында оған тек бір ғана партия өтсе, 2012 жылы партиялар саны үшеуге жетті. Ал қазіргі таңда Мәжілістегі орындарға елдегі алты саяси күш таласып отыр. Парламентте өкілдер санының артуымен оның қоғамдағы беделі де жоғарылайтыны күмәнсіз. Өйткені, шетін мәселелерді шешу үшін талқылаулар барысында әр партия өзінің көзқарасын білдіруге ұмтылатыны айтпаса да түсінікті. Бұл жерде, Қазақстан Президенті жүзеге асырамын деп жоспарлаған конституциялық реформалардың мәні де суперпрезиденттік республикадан парламенттік-президенттік республикаға өту болып табылатынын атап көрсеткен жөн.
Суперпрезиденттік, президенттік және парламенттік-президенттік модельдердің әрқайсысының өзіндік ерекшеліктері бар. Президенттің позициясы айтарлықтай күшті елдердің қатарында АҚШ тұр. Бұл елде президент мемлекет басшысы ғана болып қоймай, сондай-ақ, атқарушы билікке басшылық етеді, ал оның әкімшілігі (Ақ үй), іс жүзінде, елдің үкіметі рөлін атқарады. АҚШ конгресі заңдар қабылдаумен, шығыстардың баптарын келісумен және бюджетті бекітумен айналысатындықтан, Ақ үйді бақылауында ұстайды.
Президенттің өкілеттілігі жеткілікті деңгейде зор болып табылатын Францияда үкіметті парламенттік коалиция жасақтайды. Мұнда тек қорғаныс, сыртқы істер министрлері ғана мемлекет басшысының келісімімен тағайындалады. Бірақ АҚШ-та және Францияда президенттің мандатын шектеуге бағытталған конституциялық түзетулер қабылданған. Мысалы, Құрама Штаттарда 1951 жылдан бері бір адам президент болып екі мерзімге ғана сайлана алады. Бұл жерде оның қатарынан немесе үзіліспен сайланатыны рөл атқармайды.
Францияда 2002 жылдан президенттің өкілеттік мерзімі 7 жылдан 5 жылға дейін қысқарды. Бұл арада реформаға сол кездегі мемлекет басшысы болған Жак Ширактың өзі бастамашылық жасады. Оның пікірінше, сайлау жүйесін қазіргі заман талабына лайықтау, яғни француздардың жиірек өткізілетін сайлаулар арқылы елдің саясатына белсенді ықпал етуіне мүмкіндік туғызу маңызды. Осыған ұқсас қағидаттарды – саяси жүйені жаңғырту үшін сайлау тетігін, оның ішінде, кезектен тыс сайлауларды да белсенді пайдалануды Қазақстан Президенті де ұстанып отыр.
Нұрсұлтан Назарбаев соңғы кездері биліктің өкілетті органдарының жүйесін күшейтуге бағытталған саяси реформаларды дәйектілікпен жүргізіп келеді. Мұның тек Парламентке ғана емес, сонымен қатар, жергілікті мәслихаттарға да тікелей қатысы бар. Биыл Мәжілістің де, түрлі деңгейдегі мәслихаттардың да сайлаулары бір күнде – 20 наурызда өтетін болады.
«Күні кешеге дейін 2050 жылға аяқ басқанша, тіпті, президенттік жеке билікке қандайда бір өзгерістер енгізіледі деп болжау мүмкін еместей көрінетін. Ал мұндай бастамаға Президенттің кездейсоқ барып отырмағаны анық, – дейді Қазақстан оппозициясы жетекшілерінің бірі, ЖСДП төрағасының орынбасары Петр Своик. – Бірақ Парламентке осы жаңалық лебі берілуі үшін ол осы жауапкершілікті сезінуге қабілетті, оны толық деңгейінде түсінетін орнықты Парламент болуы тиіс. Қазіргі Парламентте бұл жоқ».
Саясаттанушылар биылғы парламенттік сайлауда «Нұр Отанның» мүмкіндігі аса жоғары деп болжам жасап отыр. Парламенттің соңғы шақырылым құрамында одан басқа тағы екі партияның өкілдері бар еді. Олар – «Ақ жол» демократиялық партиясы мен Қазақстанның Коммунистік халық партиясы. Соңғы екеуі осы жолы өздерінің позицияларын нығайта түсулері де мүмкін. Қалай дегенде де, жаңа депутаттық корпус, кандидаттардың жарияланған тізімдеріне сәйкес, бүгінгі саяси, экономикалық және басқарушылық тәжірибені есепке ала келгенде, айтарлықтай күшейтілетіні ақиқат. Мұнсыз, әу баста жоспарланғанындай, Мемлекет басшысы ұсынған кеуделі жаңғырту бағдарламасы – «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарын жүзеге асыру мүмкін болмайды.
Бұл ұстанымды осыған дейін М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің ақпараттық-талдау орталығының бас директоры Сергей Рекеда да білдірген болатын. Оның айтуынша, сайлау нәтижесінде шамамен Парламенттің тең жартысы жаңарады. Ал Қазақстандағы кез келген жаңа сайлау – бұл қашанда қоғамдық пікірдің мониторингі мен элита арасындағы көңіл-күй ауанын білдіретін үдеріс. Биылғы сайлау Қазақстан үшін шын мәнінде демократиялы және, сонымен бір мезгілде, тиімді және ұлттық саяси жүйе қалыптастыру жолындағы кезекті маңызды кезең болады деп үміттенемін.
Владимир ЛЕПЕХИН,
ЕурАзЭҚ институтының директоры.