БҰРЫНҒЫ МИНИСТР – АППАРАТ ЖЕТЕКШІСІ
АҚШ президенті Барак Обама бұрынғы сауда министрі, бүгінде елдегі банктердің бірінде басшылық қызмет атқаратын Уильям Дэйлиді өз апппаратының басшысы етіп тағайындайтыны туралы хабарлады.
Мұндай шешім Конгресте позициялары нығая түскен республикашылармен болатын шайқас кезеңінде қабылданып отыр. Президент Әкімшілігі бірінші кезекте АҚШ-тағы кәсіпкерлік топтармен арадағы қарым-қатынастарды жақсарта түспек ниетте.
Чикаголық ықпалды саясаткерлер отбасының мүшесі болып табылатын Уильям Дэйли бұрынғы демократ-президент Билл Клинтонның тұсында сауда министрі лауазымында болып, кейін, яғни, 2000 жылы бұрынғы вице-президент Альберт Гордың сайлауалды науқанына басшылық жасаған.
Ол Ақ үйде зор ықпалға ие болып, әкімшіліктің Конгресстегі аралық сайлаудан кейінгі тактикасына өзгерістер енгізетін болады деп күтілуде.
ИРАН АМЕРИКАЛЫҚ ШПИОНДЫ ЕЛГЕ КІРГІЗБЕДІ
Иран өкіметі шпиондықпен айналысты деген күдікпен 55 жастағы америкалық әйелді шекарадан өткізбей тастады.
Сөйтіп, ол Армения шекарасы арқылы Иранға өтпек болған жерінен кері қайтарылды, деп хабарлайды «Франс-пресс» агенттігі «Аль-Алам» телеарнасына сілтеме жасай отырып.
Сәл бұрынырақ Иранның «Фарс» агенттігі Хол Талаян есімді америка азаматшасының қамауға алынғаны туралы хабарлаған болатын. Бұл оқиға шамамен бір аптадай бұрын Шығыс Әзірбайжан провинциясындағы Нордуз ауданында орын алған. Агенттік келтірген мәліметтерге қарағанда Талаянның Иранға баруына рұқсат беретін визасы болмаған, сонымен бірге оның тісінен әлдебір шпиондық жабдықтар да табылған.
Әзірге бұл оқиға ресми билік тарапынан расталмай отыр.
СОҒЫСҚА ӘЗІРЛІК ДЕҢГЕЙІ ТӨМЕНДЕТІЛДІ
Солтүстіккореялықтардың Оңтүстік Кореяның Енпхендо аралын атқылауының салдарынан туындаған әскери шиеленістен кейін КХДР Сары теңіздің шекаралас ауданындағы соғыс даярлығы деңгейін төмендетті.
Солтүстік Кореяның қарулы күштері Сары теңіздің шекаралас аудандары үшін енгізілген соғысқа даярлықтың арнайы деңгейін төмендетті, деп хабарлады оңтүстіккореялық «Ренхал» ақпарат агенттігі аты аталмаған көздерге сілтеме жасай отырып.
Соған сәйкес Оңтүстік Кореяның қарулы күштері мен осы ел аумағында орналасқан америкалық әскерлер де өздерінің соғысқа әзірліктері мен Солтүстік Кореяның іс-қимылдарын бақылау дәрежесін үшіншіден екінші деңгейге дейін төмендетті
Ал өткен сәрсенбі күні Пхеньян «алдын-ала қойылатын ешқандай талаптарсыз-ақ» Оңтүстікпен келіссөздерді одан әрі жалғастыруды ұсынған болатын. Дегенмен, ресми Сеул оны шын жүректен шыққан ниет емес деп бағалап, жасаған әрекеттері үшін кешірім сұрауға шақырып отыр.
МҰНАЙДЫҢ МЕКСИКА ШЫҒАНАҒЫНА ТӨГІЛУІНЕ «ҮНЕМ» СЕБЕП БОЛҒАН
АҚШ-та соңғы жылдардағы ең ірі экологиялық апатқа соқтырған Мексика шығанағына мұнайдың жайылу себептерін анықтау жөніндегі президенттік комиссияның баяндамасы жарияланды.
Осыған байланысты британдық Би-би-си телерадио хабарларын тарату компаниясы комиссия баяндамасынан үзінділер келтіреді. «Қасақана жасалды ма, әлде жоқ па, ВР, Halliburton және Transokean қабылдаған көптеген шешімдер, осы арқылы компания үшін қыруар уақыттар мен ақша үнемдей отырып, Macondo ұңғысының жарылу тәуекелдерін ұлғайта түскен», делінген ол құжатта. Мәселен, ВР-ға қарасты платформадағы жұмысшылар апаттың боларын уақытында анықтай да алмай қалған. Компания мұндай бұрмалаушылықтарға үнемі жол беріп отырған көрінеді.
Комиссия егер АҚШ үкіметі мұнай-газ саласындағы реформаларды шұғыл түрде бастамаса мұндай апаттардың қайталануы мүмкін деген қорытынды шығарған.
ҚҰС ЕТІН САТУҒА ТЫЙЫМ САЛЫНДЫ
Германияда мыңнан астам құс фермаларына өздерінің өнімдерін сатуларына тыйым салынды.
Бұл жағдайға құстарға арналған азықтық жемнен диоксин уының табылуы себепкер болып отыр, деп хабарлады «Ассошейтед Пресс» агенттігі. Мұндай тыйым салу Германияның батысында орналасқан Төменгі Саксония, Солтүстік Рейн-Вестфалия және Шлезвиг-Гольштейн жерлеріндегі құс фермаларының жабылуына әкеліп соқтырды.
Солтүстік Рейн-Вестфалия жеріндегі Зост қаласында жергілікті құс фабрикасына 8 мыңнан астам тауықтың көзін жоюға тура келген. Жергілікті биліктің мәліметтеріне қарағанда, Германияның батысында орналасқан фермаларда құстарға берілген 55 тонна азықтық жемде адам өмірі үшін қауіпті улардың болуы мүмкін.
ӘЛЕУМЕТТІК КӨМЕК ӘЛДЕНЕ ТҮСТІ
Украина президенті Виктор Янукович аз қамтамасыз етілген отбасыларына берілетін әлеуметтік көмекті ұлғайту жөніндегі заңға қол қойды.
Құжат 2011 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енді. Заңда мемлекеттік әлеуметтік көмектің мөлшері 3-тен 13 жасқа дейінгі әрбір балаға 2011 жылы – 60, 2012 жылы – 120, 2013 жылы – 180, ал 2014 жылы 250 гривнаға ұлғаятындығы атап көрсетілген.
Оның сыртында 13-тен 18 жасқа дейінгі балаларға берілетін көмектің мөлшері 2011 жылы – 100, 2012 жылы – 230, 2013 жылы – 360, ал 2014 жылы 500 гривнаға көбейетін болады. Осы ретте украин валютасының АҚШ долларына шаққандағы бағамының 38,0929 гривнаны құрайтынын да айта кету қажет.
Бұл туралы мемлекет басшысының ресми сайтында хабарланған.
Интернет материалдары негізінде әзірленді.