03 Наурыз, 2016

Қолдаудан қуаттанған кәсіпкер

319 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
20151122_160733_resizedМаңғыстауда сирек кездесетін шаруашылық түрінің бірі – құс өсіру. Өңірдің климаттық жағ­дайы алуан түрлі құстың бейімделуі мен өсіп-өнуіне қо­лайлы бола кетпесе керек. Алайда, Түпқараған ауданында тауықтарға қосып, бөдене ша­р­уашылығын қолға алған азаматтың еңбегі сүйсінерлік. «Ақ Кетік бөденесі. Түп­қа­­раған» деп атау тағып, құс өсіру шаруашылығын құрған Тілеген Бодықов бұған дейін әр­түрлі салаларда еңбек еткен жұмысшы екен, әсіресе құрылыс саласына еңбегі сіңіңкірепті. Қазір денсаулығындағы ақау сал­­дарынан «үшінші топтағы мүгедек» болып танылды. Бірақ, тағдырдың салғаны осы екен деп аз-маз жәрдемақыға қарап отыра бермей, кәсіпкерліктің тізгінін қолына алғанына көп болған жоқ. Осыдан бір жыл бұ­рын құрған жеке шаруа қо­жалығына Қарағандыдан барып бөдене сатып әкелді. Қазіргі таңда 700 бас бөдене мен 200-ге тарта тауықты бағып, еті мен жұмыртқасын халық игілігіне ұсынып отыр. Тілегеннің ендігі мақсаты   бөдене санын көбейту, әзірге 1000 басқа, кейін 4000 бас­­қа дейін жеткізу болып отыр. Ол үшін бір айдан соң, яғни осы көктемде жұмыртқаларды инкубаторға салмақ. Инкубатор демекші, оны екінші деңгейлі банктен өз қажетіне несие алған Т.Бодықов валюталар бағамы теңселерден сәл бұрын Ресейден сатып әкелген болатын. – Мен құстарымның еті мен жұмыртқасын сатып-сау­­да­лап шықпаймын, оған ме­нің денсаулығым да көтер­мей­ді, уақытым да жоқ. Бі­­­­рақ, денсаулыққа пайдалы болғандықтан осы бөдене­нің жұ­мыртқасын да, етін де Форт-Шевченкодан ғана емес, Ақтаудан, Бейнеуден, Жеті­байдан, Атыраудан, сонау Астраханнан келіп алады. Әсіресе, адам ағзасына қажетті 14 түрлі дәруменді беретін, қан тазартып, қант диабетін төмендететін, қан қысымын реттейтін, асқазан, бауыр, өкпе мен жүректің қызметін реттеп, ойлау қабілетін, ми қызметін жетілдіретін жұмыртқаға сұра­ныс көп дейді шаруашылық иесі Тілеген Бодықов. Түпқараған ауданындағы кәсіпкерлер палатасының кө­ме­гімен 25 сотық жер алған кәсіпкер осы аумақта торларын құрып, жем-шөбімен, суымен жеткілікті қамтып отыр. Тілеген кәсіпкердің тағы бір қуанышы бар, ол – жуыр­да жеңілдетілген не­сиемен кәсіпкерлікті қолдау аясында несиеге қол жеткізбек. Адамдардың денсаулығы үшін қажетіне жарап тұрған ша­руашылықты дамыта түсу үшін қаражаттың қа­жет екені белгілі. Кәсіпкер осы қаражат қолға түсісімен, өз ойында жоспарлап жүрген жақ­сы істерді жүзеге асыратынына сенімді. Ол Түпқараған ау­дандық кәсіпкерлер палатасы жанынан ашылған шағын несие­леу ұйымының кө­мегімен алатын несиесін оның жеке кәсібіне мемлекеттің беретін қолдауы, демеуі деп түсінеді және осы қолдауға лайықты еңбектене түсетіні сөзсіз. Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан». Маңғыстау облысы.