08 Қаңтар, 2011

Туған жердің түтіні

827 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, жазушы Оразбек Сәрсенбай өзінің туған өлкесі – Сыр бойында жерлестерімен жүздесті. Ел ағаларының және Шиелі ауданы жұртшылығының шақы­руы­мен туған жеріне барған қаламгер мұндағы ауызбіршілікке сүйсініп, замана ағымына қарай үндесе еңбек еткен шиелілік­тердің әр саладағы жетістіктеріне ризашылығын білдірді. Аудандық мәдениет үйінде «Көркемсөздің көрнекті шебері –Оразбек Сәрсенбай» айдарымен ашылған алқалы жиында аудан әкімі Нұрлыбек Нәлібаев сөз сөйлеп, кемеліне келген жазу­шыны оқырмандарымен бүгі­нгі қауышуы­мен шын жүректен құттықтады. Аудан басшысы қа­ламгердің жетістіктеріне тоқта­лып, алдағы шығар­ма­­­шылық өмі­ріне табыс тіледі. Қазақстан Жазушылар одағы­ның хатшысы, «Сын» журна­лының бас редакторы Бақыт Сар­ба­лаевтың жазушы шығар­машы­лығына арналған баяндамасы жұрт­шылықты оның әдеби мұра­сына тағы бір саяхат жаса­тып, жақсы әсерге бөледі. Оқырмандардың бірқатар сауал­­дарына жауап берген қалам­гер де ағынан жарылды: «Шығармашы­лық кезеңімде отызшақты кітап жазсам, соның дені туған жерімде жазылды. Осы ортадағы адамдар өмірі шығармаларыма арқау етілді. Билік басындағылардан қа­шық­тау жүретін әдетіммен өзім өскен ортамда бұрын ресми кездесу өткізуге құлықты емес едім. Елге келуіме қолқа салып, жерлес­терімнің шын ықыласына бөлеген жанашыр­лары­ма риза­мын. Менің қаруым – қол­дағы қаламым, шамам келгенінше жақсы шығар­маларымды өздері­ңіз­­ге арнай беремін», – деді ол. Осы күні Оразбек Сәрсенбай­дың қатысуымен Шиелі ау­данында бірнеше әлеуметтік ны­сандар ха­лықтың пайда­лануы­на берілді. Әуелі жазу­шы Оразбек Сәрсен­бай­дың туған ауылы Бай­сын ауылында жалпы жобалық құны 183 млн. теңге болатын бас су қоймасы және 7,5 ша­қырымдық ауылішілік таза ауыз су тарату торабы іске қосыл­са, ке­ңестік кезеңде әлеу­меттік қамқор­лық аясынан тыс қалып келген Жиделіарық ауы­лын­да №206 орта мектептің екі қабатты жаңа үлгіде салынған ғимараты пайда­лануға берілді. Шиелі кентіндегі санато­рия­лық типтегі «Шұғыла» балалар бақ­ша­сы да осы күні ашыл­ды. Бұл әлеуметтік нысандар­дың да лента­сын жерлес жазушы Оразбек Сәрсенбай қиды. Шиелінің Алаштың ардақты­сы Мұстафа Шоқайдың туған жері екендігі белгілі. Қазақ азамат­тары­ның арасында Петербордың заң уни­верситетін тұңғыш бітірген Мұс­тафа Шоқайды әділдіктің ақ туын жоғары ұстаған қайрат­кер ретінде заң қызметкерлері үлгі тұтады. Міне, осы киелі мекендегі өткен жылы ғана пайдалануға берілген аудандық соттың жаңа ғи­ма­ратын­да оның құжаттары мен қастерлі заттары қойылған мұра­жай орна­ласқан. Оны ұйым­дас­тырушы ау­дан­дық сот төрағасы Сағатбек Сүлейменов деген ел­жан­ды азамат. Аталмыш мұра­жай­ды аралап көр­ген жазушы О.Сәр­сенбай заңгер­лердің Алаш ардақтысын үлгі тұтқан пейілдеріне ризашылығын білдірді. Елтай НҰРМАХАН. Қызылорда облысы, Шиелі ауданы.