Қоян жылын қарғалылықтар жарқын жаңалықтармен бастады. Мұнда жаңа жыл қарсаңында бірнеше жаңа нысандар пайдалануға беріліп, ауылдардың әлеуметтік жағдайын жақсартты. Петропавловка ауылында республикалық «Ауыз су» бағдарламасы бойынша бөлінген 155 миллионнан астам қаржыға қайта жарақтандырылған су құбыры іске қосылды.Осы жұмысты жүргізген «Ақтөбе арнаулы құрылыс құрастыру» ЖШС Шәмші Қалдаяқов атындағы ауылдың да су құбырын қайта жарақтандырды. Бұл құрылысқа 122 миллион теңге бөлінді. Республикалық бюджеттен бөлінген 135,5 миллион теңгеден астам қаржы Мамыт ауылында да ауыз су мәселесін шешуге алғышарт жасады. Сумен қамтамасыз ететін екі нысан құрылысы биыл аяқталады.
Ауданда жаңа жыл қарсаңында көптеген жеке кәсіпкерлік нысандары ашылды. «Ақтөбе-Орск» халықаралық трассасы бойында 24 орындық «Родничок» кафесі пайдалануға берілді. Мұнда жолаушылар тынығатын үш бөлме бар. Осымен бір мезгілде аудан орталығы Бадамшада ашылған «Керемет» және «Бақдәулет» кафелері де тұтынушыларды қабылдай бастады.
Мұнда келушілерге қаладағыдай жағдай жасалған. Кең де сәулетті кафелерде қызмет көрсету мәдениеті де жоғары. «Альбина» жеке дүкені де қарғалылықтарға жаңа жылдық тарту болды.
Күрделі жөндеуден өткен аудандық өлкетану мұражайы да жаңа жылда келушілерге есігін айқара ашты. Бұрын бір-екі бөлмеде орналасқан мұражай күрделі жөндеуден кейін адам танымастай өзгерген. Ғимарат кеңейіп жаңа экспонаттар қоюға мүмкіндік туды.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ.
Ақтөбе облысы.