Жуырда жер жүзін жаяу аралап жүрген саяхатшылар Кентау қаласына келді. Өздерін Килян мен Терри деп таныстырған француз азаматтары бұл саяхаттарын 2008 жылдың 7 мамырында Франция жерінен бастапты. Содан бері екі жыл ішінде Франция, Италия, Словения, Хорватия, Босния, Албания, Греция, Түркия, Әзірбайжан секілді елдерді жаяу жүріп өткен олар қазір Қазақстан жерінде өз саяхаттарын жалғастыруда.
Мақсатымыз – дүние жүзін жаяу аралап шығу деген Килян мен Терри қазақ халқының қонақжайлылығына тәнті болыпты. «Өзге елдердегідей емес, мұнда кездескен елді мекендерде қонақты үйіне шақырып, тамақ беруге қатты көңіл бөледі екен», – деді бұл жөнінде Килян.
Саяхатшылар жол-жөнекей көптеген қызықты оқиғаларға тап болыпты. Соның бірі – енесі қайтыс болған аюдың қонжығын асырауы. Қонжық қашан өз азығын тауып жей алатын кезге жеткенше саяхатшылар қолдан қоректендіріп келген. Сондай-ақ, Түркияда жер бетін жаяу аралауға үміткерлер Килян мен Терридің қастарына ерген. Дегенмен де, жолдың қиындығынан және шекарадағы виза тексеру барысында құжаттардың дұрыс болмағандығынан олардың кері қайтуына тура келген.
Саяхатшылар әр мемлекеттен өткен сайын сол елдің тілін үйренуге талпынады екен. Қазіргі кезде қазақ тіліндегі күнделікті қолданатын сөздерді жаттап та алыпты.
Қазақстандағы Ақтау, Бейнеу, Құлсары, Жезқазған, Қызылорда, Түркістан бағытымен келген саяхатшылар енді Ащысай, Шаян жерін жүріп өтіп, Қаратау бойымен Тараз, Алматы жолдары арқылы Қытай еліне өтпек.
Жалпы саяхат барысында олар 35 мемлекетті араламақ көрінеді.
Қайрат ЗАЙНИШЕВ.
Оңтүстік Қазақстан облысы, Кентау қаласы.