03 Наурыз, 2016

Рио Олимпиадасында боксшылар қорғаныш бас киімінсіз сынға түседі

343 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
03-03-2016-RIO 01АСТАНА. 3 наурыз. Алдағы Рио-де-Жанейро Олимпиадасында бокстан ерлер арасындағы бәсекеге қатысушылар қорғаныш бас киімінсіз сынға түседі. Мұндай тәжірибе Ойындарда соңғы 32 жылда алғаш рет қолданылмақ. Бұл туралы AIBA-ның (Дүниежүзілік әуесқой бокс қауымдастығы) ресми сайты – aiba.org-ке сілтеме жасаған egemen.kz тілшісі хабарлады. ХОК-тың (Халықаралық Олимпиада комитеті) атқарушы комитеті AIBA-ның мұндай ұсынысына келісімін берді. Сондай-ақ, ХОК жарысты өткізудің техникалық ережелері әр халықаралық федерацияның құзіретіне берілетінін де заң жүзінде бекітті. Осыған орай AIBA президенті Чинг-Куо Ву мырза мәлімдеме жасап: «Біз мұндай шешімге толық қанағаттанамыз. Бұл – боксшылар мен осы спорт түріне қызыққан жанкүйерлердің асыға күткен шешімі. Бұдан біздің спортымыз тек ұтатын болады. Жүргізген статистикалық зерттеулеріміз бен боксшылардың және жаттықтырушылардың пікірлері де осыған саяды. Шын мәнінде спорт саласы үшін қорғаныш бас киімінсіз бокс – үлкен жетістік», – деді. Айта кетейік, ерлер арасындағы әуесқой бокста қорғаныш бас киімі 2013 жылдың маусым айында алынып тасталған болатын. AIBA-ның алғашқы тәжірибелерінің бірі сол жылы Алматыда өткен әлем чемпионаты болғаны да белгілі. Аталған сайыста мидың шайқалуы сынды ауыр жарақаттар тіркелген жоқ. Одан бөлек, AIBA-ның медициналық комиссиясы әртүрлі ірі турнирлерде 11 мыңнан астам жекпе-жекке зерттеу жүргізіп, 2013-2015 жылдар аралығында ми шайқалу көрсеткіші 43 пайызға төмендегенін анықтаған. Соңғы рет боксшылардың 1984 жылғы Лос-Анджелес Олимпиадасында қорғаныш бас киімінсіз жұдырықтасқанын атап өткен жөн. Еламан Қоңыр. Дерек: aiba.org. Сурет: metronews.ru.