04 Наурыз, 2016

Есақұлдың қазақтары

282 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
шалелге жеткенше асығып отыр Тәжікстанның оңтүстігіндегі Хатлон облысы, Жиликул ауданының Есақұл деген ауылында 600 адамның басын құрайтын этностық қазақтар тату-тәтті тұрып жатыр. Олардың ендігі армандары тарихи Отандарына – Қазақстанға оралу болып отыр. Тәжік жеріндегі бұл қазақ­тардың мұнда тұрып жатқан­дарына жүз жылға жуық уақыт өтсе де, баяғы тұрмыс-салт­тарын сол қалпында дерлік сақтап қал­ған. Олардың сол мезгілдегіден бар айыр­машы­лығы, сірә, қазір бұрын­ғы­сынша киіз үйлерде тұра қой­майтындары ғана шығар. Тәжікстанға қазақтардың алдыңғы легі Кеңес өкіметі ор­наған алғашқы жылдарда келе басталған. Соның өзінде олардың осында тұрақтап қалуларының әртүрлі себептері болған. Біреу­лері оқу немесе жұмыс іздеп келіп, үйлі-жайлы болып, қа­лып қойған. Тағы біреулері жер аудару жолымен келген. Ал Есақұл кышлағына қоныс теп­кендердің ақсақалы Қожамқұл Нұрматовтың бабалары большевиктерден қ­а­шып, қора-қора малдарымен Ауғанстан асып бара жат­қан­дарында, әрі қарай жете ал­май осы жерде қалып қойған. «Өткен ғасырдың 20-жылдарында әкем Қызылорда облысынан Ауғанстанға қарай беттегенде Кеңес өкіметінің өкілдері ұстап алып, барлық малын колхозға тартып ал­ған, – дейді қазір Қ.Нұр­ма­тов. – Сол замандарда мұн­да жол салынып жатыпты да, түйелері тасымал көлігі ретінде құрылысқа жегіліпті. Әкем осы жерде түйелерімен бірге қара жұмысшы есебінде қал­дырыл­ған». Үлкен кісі жол құры­лысында 20 жыл жұмыс жасайды. Сондағы Даңғара ауданында тұрады. Тек бертінде ғана өздеріне жақын жердегі Жиликул ауданында жер аударылып келген қазақтар тұра­тынын естіп, осылай қарай көшіп келеді. «Ауданда алуан түрлі ұлт­тар­дың өкілдері тұрады екен, – деп әңгімелейді Қ. Нұрматов. – Олар орыс, тәжік, өзбек, қазақ, неміс, чешен, украин, түрікмен сияқты 16 ұлттың өкілі еді. Бірақ 80-жылдары солардың көбі басқа жақтарға кете бастады. Мә­селен, бү­гінде біз тұратын кышлақта бұ­рынғы жер ауып келген қа­зақтардың ұрпақтарынан еш­­кім қалған жоқ. Мұндағы қанд­ас­­­тарымыздың бәрі менің әкем­нің ұрпақтары, біз түгел туыс­пыз». «Біздің балаларымыз өзбек мектебінде оқиды. Басқа жоқ. Ең соңғы қазақ мектебі кеңес кезеңінде жабылды, – дейді Қ.Нұрматов. – Бұл – біздің үлкен қасі­ретіміз. Біз қазір өзі­міз үшін қалайда қазақ тілінде оқы­та­тын мектеп ашуды талап ет­пейміз. Оның орнына тә­жікше оқы­татын мектеп болса дейміз. Әйтпесе, ертең біздің балаларымыз қайда барып күн көреді? Олар – Тәжікстанда тұратын қазақтар, сөйте тұра білімді өзбек мектебінен алады, бұл қалай?». Міне, осы проблема Есақұл ауылының тұрғындарын енді туған Қазақстанына қайтуға ой тастауда. Осы ретте Қожам­құл Нұрматов бірнеше рет тарихи Отанына барып, Орал және Қостанай өңірлерін көріп қайтыпты. Есақұлдағы Нұрматов­тар­дың орасан зор әулеті қазір бақуатты тұрады. Олардың жүз­ден астам ірі қара малдары, отар-отар қойлары, үлкен бақшалық жерлері бар. «Бұрын біз мұнда лимон да, жүзім де өсіретін едік. Бірақ Есақұлда 20 жылдан бері су жоқ, – дейді ақсақал. – Суды Вахш өзенінен тасуға тура келеді. Ал оған дейін 17 шақырым жер бар. Біз қазір бұған да үйрен­дік. Суды водовозбен тасып әкеліп, цистерналарды толтырып аламыз. Былтырдан бері маңайға қытайлар келіп, мақта еге бастады. Енді олардың су әкелетіндері сөзсіз». Дегенмен, Есақұлда бұл су­ды Нұрматовтардың тек жасы үлкендері ғана күтіп жүр­ген сияқ­ты. Жастар болса, елге қайт­қылары келіп, қатты құл­шынып отыр. Олардың біразы бүгінде Қазақстан жоғары оқу орындарында білім алып жат­қан кө­рінеді. Ата-аналары оларға сол жақта қалып қоюды тап­сырып жүргенге ұқсайды. «Мен болсам, Тәжікстанды жақсы көремін, себебі, бұл жер – менің туған мекенім, осында отбасын құрып, бала-шаға өсірдім, жергілікті тұрғын­дар­мен ешуақытта жанжалға барып көр­ген жоқпыз, – дей­ді ақсақал өз сөзінде. – Біз­дің үйіміз көрші­леріміздің бә­ріне, мейлі ол тәжік, мейлі өзбек болсын, бәріне қа­шан­да ашық. Бірақ мектептің жоқтығы маған маза бермейді. Сондықтан біз, қариялар, осында өлсек те, жастардың та­рихи Отандарынан мекен тап­қандарын қалап отырмыз». Есақұл кышлағының қазақ­тары малсақ жандар ретінде де жұртқа аян. Былайғы тұр­ғындар бұл ауылды түйе өсі­ретіндігімен де жақсы біледі екен. Себебі, маңайдағы тәжік­тер мен өзбектер елді ме­кен­дерінде түйе деген атымен жоқ. Қазақтар, сондай-ақ, ата­кә­сіптері – жылқы өсіруге ай­рық­­ша үйірсектігімен де елге танылып отырса керек. Мұрат АЙТҚОЖА.