Сайлау мерзімі жақындаған сайын өңірлердегі оны өткізуге жауапты орындар – сайлау учаскелерінде жұмыс қыза түсті. Сайлау комиссиясының мүшелері өздеріне жүктелген міндеттерді лайықты атқарып шығу үшін тыңғылықты дайындалуда.
Парламент Мәжілісінің депутаттарын жаңадан сайлау үшін Маңғыстау облысында 199 сайлау учаскесі құрылған. Олар қазіргі таңда сайлау барысына қажетті жұмыстарды рет-ретімен еңсеріп, дайындық жұмыстарын жүргізуде. Бұл туралы Маңғыстау облыстық сайлау комиссиясының өңірдегі сайлау учаскелерінің жұмысты бастауына арналған кезекті отырысында толыққанды айтылды.
28 ақпан күні барлық әкімдіктерден сайлаушылардың тізімін алу аяқталып, қазір сайлау комиссиялары тізімді нақтылау үстінде. Тізімге енбей қалған немесе мекенжайы туралы мәліметінен қателік кеткендер болса, анықтап алу жұмыстары жүруде. 4 наурыз күні тізімдер барлық сайлау учаскелерінде арнайы үстелдерге қойылады немесе қабырғаларға ілінеді. Бұл әрбір сайлаушының өзінің тізімде бар-жоғын алдын ала анықтауына мүмкіндік береді. Сондай-ақ, сайлаудан он күн бұрын, яғни 10 наурызда үйді-үйге сайлаушылар үшін жеке шақыртулар таратылады. Маңғыстау облысындағы техникалық жабдықтармен жарақтандырылып, әдістемелік нұсқаулықтармен қамтылған сайлау учаскелері өз жұмыстарын толық бастады. Комиссия мүшелері – кім бюллетень береді, кім байқаушыларды және сайлаушыларды қарсы алып, орналастырумен айналысады, сұрақтар туындаған азаматтарға көмек беру кімге жүктеледі немесе өзге де міндеттерді бөлісіп, пысықтауда.
– Негізінен облысымыздың сайлау учаскелеріндегі комиссия мүшелерінің атқаратын қызметіне қатысты жұмыстар аяқталды деуге болады. Біраз учаскелерде арнайы сайлау кабиналары құрылып, урналар да қойылды. Ғаламтор желісі, факс және телефон мәселелері шешіліп, орнатылды. Қаладағы қай шағын ауданның қай үйі қай үстелден сайлау бюллетенін алады деген мәселе шешілуде. Сондай-ақ, сайлау комиссиясының мүшелері Халыққа қызмет көрсету орталығымен бірлесіп, сайлау кезінде сайлаушылар тізімінен өзінің аты-жөнін таба алмаған сайлаушының уақытын алып, қандай да бір келеңсіздіктерге жолықпасы үшін мәселені дереу шешу жолын қарастырды. Ол – сайлау кезінде Халыққа қызмет көрсету орталығы қызметкерлері келіп отырып, тізімі жоқ адамның мекенжайын анықтап, арнайы мекенжай анықтамасын беру мүмкіндігі қарастырылған, – дейді Маңғыстау облысы бойынша сайлау комиссиясының төрағасы Есен Күмісқали.
Отырыста сайлау бюллетені мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Өңірдегі 356 мыңнан астам сайлаушы үшін бюллетень дайындау жұмыстары өз ырғағымен жүруде. Сондай-ақ, сайлау кезінде сайлау учаскелерінде байланыс, ғаламтор, жарық мәселесінен түйткіл туындамауы үшін тиісті орындармен келісімдер жасалған.
Маңғыстау облысы бойынша сайлау комиссиясының төрағасы Е. Күмісқали облыстың сайлау учаскелеріндегі аяқталған және бүгінгі жүргізіліп жатқан жұмыстармен, сондай-ақ, жоспарланған жұмыстармен жан-жақты таныстырып, мәжілісмендерді таңдауға маңғыстаулық сайлаушылардың ұйымшылдықпен қатысатынына сенім білдірді.
Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан».
Маңғыстау облысы.