04 Наурыз, 2016

«Арбаттағы» екінші флеш-моб

450 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
222Қазақстанның экологиясын, табиғи қорықтарды қорғауға арналды Алматының «Арбаты» жақында тағы да жарты сағаттай жұрттың назарын өзіне аударды. Жалпыұлттық социал-демократиялық партияның Алматыдағы филиалының жетекшісі Тазабек Сәмбетбай бастаған топ сайлау науқаны басталғалы бері осы жерде екінші рет флеш-моб ұйымдастырды. Жүргіншілерге партияның үні – «Со­­циал-демо­крат» газетін өз қо­лымен та­ра­­тып жүр­ген партия филиалының же­тек­­шісі оқи­ғаға байланысты біздің қой­­ған сау­ал­ымызға ықылас таныта жауап берді. – Бұл жолғы флеш-мобымыздың мақсаты – Алматы қаласы тұрғындары мен қала қонақтарының назарын Қазақстанның табиғатын қорғауға аудару, оларды соған үлес қосуға үндеу болып табылады, – деді Тазабек Сәмбетбай. – Өйткені, қазіргі таңда Қазақстанның табиғатына шын жанашыр керек, әйтпесе, экологиялық апатқа ұшырауымыз әбден мүмкін. Алысқа бармай-ақ қояйық, өздеріңіз куәсіздер, Алматы қаласында автокөліктердің шамадан тыс көбеюі қала тұрғындарының жүріс-тұрысын қиындатып, үлкен мегаполистің өкпесін қысып тастады. Ең өзектісі – тұрғындарға таза ауа жетпейді, ауру-сырқау көп. Алатаудың баурайына құрылыс салу да азаяр емес. Біздің партияның сайлауалды бағдарламасында елдің экологиясы шешімін таппай тұрғаны да көрсетілген. Жиын барысында партия филиа­лының жетекшісі Тазабек Сәмбетбай жүргінші жұртты Қазақстандағы ұлттық-табиғи қорықтарды көздің қаршығындай етіп қор­ғауға шақырды. Арнайы топ оны театр­ландырылған қойылымдар арқылы көр­сетті де. Әртүрлі аң-құстардың үл­гісін бас киім орнына киген белсенділер дауыстап, «Еліміздің қорықтарын қор­ғайық!» «Қазақстанның экологиясын жақ­сартайық!» «Алатау барысының тұқы­мын сақтайық!»деп ұран көтерді. Партияның саяси науқандарында көзіміз шалып қалып жүретін азаматшаны әңгімеге тарттық. Аты-жөні Мәдина Мұфтах екен. – Жасым 58-де, 2 балам, 5 немерем бар, – деді ол. – Үнемі флеш-мобтың алдында газет таратып, ұрандатып жүресіз. Шаршаған жоқсыз ба? – Неге шаршаймын... Мен бұл жердің атауы «Арбат» болмай тұрғанда –1989 жылы алғаш рет «айғай» салған тұрғындардың бірімін. Сол кезде біз Кеңес Одағының конфедерациялық одақ құруына қарсы шыққанбыз. Мына жерге киіз үй тігіп, жатып алғанбыз... Некен-саяқ партия мүшелері сайлауалды насихат-үгіт жұмыстарын аяқтап, үйлеріне қайтты. Некен-саяқ жүргіншісі таусылмайтын «Арбат» та әдеттегідей күйге түсті... Талғат СҮЙІНБАЙ, «Егемен Қазақстан». АЛМАТЫ.