Партия Төрағасының бірінші орынбасары Асқар Мырзахметовтің жетекшілігімен кеше «Нұр Отан» партиясының Республикалық сайлауалды штабы Алматыда болып, қала кәсіпкерлерімен, ардагерлермен және белсенді жастар ұйымдары өкілдерімен кездесті. Сондай-ақ, сайлаушылар үйлерін аралап, партияның сайлауалды бағдарламасын тұрғындарға таныстырып, олардың ұсыныс-тілектерін естіп қайтты.
Делегация құрамында Мәжіліс V шақырылымының депутаттары, партия Саяси кеңесі бюросының мүшесі Нұрлан Әбдіров, «Нұр Отан» партиясы жанындағы «Мирас» қоғамдық кеңесінің төрағасы Мәулен Әшімбаев, сонымен қатар, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының орынбасары Нұржан Әлтаев, «Бәйтерек» Ұлттық басқару холдингі» АҚ басқарма төрағасы Қуандық Бишімбаев, «Бауыржан» қайырымдылық қорының жетекшісі Жұлдыз Омарбекова, эстрада әншісі Жанар Доғалова және т.б. танымал адамдар бар.
Штаб мүшелерінің алғашқы кездесуі қала кәсіпкерлерімен болып, еліміздің оңтүстіктегі осынау ірі қаласының ең ірі әрі өте қарқынды дамып келе жатқан мегаполис екені ерекше аталды. Бұл шаһар бизнестің даму көрсеткіші бойынша көш бастап тұр. Шағын және орта бизнес қала бюджетіне салық түсімінің 43%-ын, жалпы аймақтық өнімнің 34%-ын және қала тұрғындарының жартысынан астамын жұмыспен қамтамасыз етіп отыр. Алматы қалалық кәсіпкерлер палатасы өңірлік кеңесінің төрағасы Ерлан Стамбеков шағын және орта бизнес Алматы қаласы экономикасының негізі болып табылатынын атап көрсетті. Соңғы төрт жыл ішінде ШОБ өкілдерінің өндірген өнім көлемі 2,1 есеге артқан. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында құны 146,7 млрд. теңгені құрайтын 592 жоба жүзеге асыпты. Соның нәтижесінде, 5,8 мың жаңа жұмыс орындары ашылып, 7,9 мың
адам оқытылған.
РСШ мүшелері, сонымен бірге, Әскерилер үйінде Ауған соғысы ардагерлерінің 200-ден астам өкілімен кездесті. Кездесу барысында үгіт-насихат тобының мүшелері партияның сайлауалды бағдарламасының басты бағыттарының бірі қазақстандықтардың әлеуметтік жағдайын жақсарту екенін ерекше атады. Партия бөлімшелерінің көмек көрсетуі арқасында 22 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі жан жұмысқа орналасқан. Сол сияқты, еліміздің әр аймағында ардагерлер мәселелерін шешу үшін партияның қоғамдық қабылдау бөлмелері жұмыс жасауда екен. 2015 жылы 46 мыңға жуық азамат қабылданғаны мәлім. Сөз реті келгенде, халықтың әлеуметтік тұрғыдан әлсіз тобына 9 млн. теңге көлемінде көмек көрсетілгенін де айта кеткен орынды.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан».
АЛМАТЫ.