Алматы қаласында «Процестік заңнаманы жаңғырту – сот төрелігі және құқық қорғау қызметі тиімділігінің кепілі» атты халықаралық конференция өз жұмысын бастады.
Аталмыш конференцияны Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты еліміздің Конституциялық Кеңесімен, Бас Прокуратура мен БҰҰ-ның Даму бағдарламасы, Еуроодақ жобасы, Еуропа кеңесінің Венеция комиссиясы, ЕҚЫҰ-ның Астанадағы Бағдарламалар кеңсесі мен Германияның халықаралық ынтымақтастық жөніндегі қоғамы және Герман халықаралық құқық ынтымақтастығы қорымен бірлесіп ұйымдастырып отыр.
Іс-шараға Жоғарғы Соттың Төрағасы Қайрат Мәми, Конституциялық Кеңестің Төрағасы Игорь Рогов, Жоғарғы сот кеңесінің төрағасы Анатолий Смолин, Бас прокурордың орынбасары Жақып Асанов, сондай-ақ, Жоғарғы Соттың судьялары, облыстық және соларға теңестірілген соттардың төрағалары, Конституциялық кеңестің мүшелері мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, құқық қорғау саласының сарапшы мамандары қатысуда.
Конференцияға халықаралық ұйымдардан – ЕҚЫҰ-ның Астанадағы Бағдарламалар кеңесінің басшысы Дьер Сабо, БҰҰ Даму бағдарламасының Қазақстандағы стратегиялық қолдау басқармасының басшысы Ирина Горюнова, Еуропалық кеңес Венециялық комиссиясының Орталық Азиядағы жоба менеджері Светлана Анисимова, ЕурАзЭҚ сотының судьясы Венера Сейтімова, Кельн қаласының Жоғары жер сотының вице-президенті Кристиан Шмиц-Юстен, «Бэйкер энд Маккензи – Си-Ай-Эс Лимитед» компаниясы филиалының директоры Куртис Мастерс, халықаралық «Reed Smith» заң фирмасының Астаналық кеңсесі серіктестігінің басшысы Белинда Пейсли қатысуда. Сонымен қатар, форумға Ресейден, Польшадан және басқа да мемлекеттерден делегаттар мен шетелдік көрнекті сарапшылар, құқықтанушы-ғалымдар шақырылған.
Сот төрелігіне қолжетімділіктің кепілі ретінде 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енген Азаматтық процестік кодекске енгізілген негізгі жаңашылдықтардың сапалы іске асырылуы мен кеңінен насихаттап, талқылануын қамтамасыз ету аталмыш конференцияның басты мақсаты болып отыр.
Форумның ашылу салтанатында сөйлеген ҚР Жоғарғы Сотының Төрағасы Қайрат Мәми процестік заңнаманың ең басты жаңашылдықтары туралы айта келіп, жаңа кодификацияланған заңды әзірлеуде дауларды шешудің баламалы тәсілдерін дамытуға бағытталған азаматтық істерді ыңғайлы әрі жылдам қараудың тәртібін құруға басымдық берілгендігін және сот төрелігінің қалпына келтіру сипатын негіздеп, дауларды шешудің уақыты қысқаратындығы мен азаматтық қатынас деңгейінің артатындығын атап өтті.
Үш сессия шеңберінде өткен конференцияның «ҚР Азаматтық процестік кодексінің инвесторлардың қатысуымен дауларды қарау жөніндегі жаңашылдықтары» атты бірінші сессиясында инвестициялық даулар бойынша сот істерін жүргізудің ерекшеліктері, инвесторлардың қатысуымен дауларды қарау, инвесторлардың қатысуымен салық дауларының соттылығы және «Төрелік туралы» жаңа заңның мәселелері қаралды. Екінші сессия жұмысы «Азаматтардың сот төрелігіне қолжетімділігін қамтамасыз ету. Азаматтық процесті жеңілдетуге бағытталған заманауи құқықтық тетіктерді енгізу» тақырыбында өрбіп, Еуропадағы электронды сот төрелігінің қазіргі және келешектегі даму үдерісі, құқық көзі ретіндегі сот тәжірибесі мен төрелігін арттырудағы рөлі талқыланды. «Сот актілерін қайта қарау бойынша іс жүргізу» деп аталатын үшінші сессия шеңберінде Азаматтық процестік кодексті іске асыру тұрғысындағы азаматтық процестің міндеттері мен қағидаттары, Германия мен Қазақстандағы ревизиялық-кассациялық іс жүргізуге қатысты салыстырмалы қадағалау, ЕурАзЭҚ елдері соттарының сот актілерін қарау тәжірибесі мен басқа да мәселелер қаралуда.
Конференция барысында қатысушылар бағдарламада көрсетілген барлық мәселелер бойынша сындарлы пікір алмасып, Жоғарғы Сот судьялары әзірлеген Азаматтық процестік кодекс бойынша тақырыптық таныстырылымдарға қызу қатысты.
Қанат ЕСКЕНДІР,
«Егемен Қазақстан».
АЛМАТЫ.