04 Наурыз, 2016

Қазақстан Сыртқы істер министрлігі баспасөз қызметінің түсініктемесі

339 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Вашингтон штатының Белфэйр қаласында төрт кісіні, оның ішінде Қазақстанда асырап алынған екі жасөспірімді өлтіру туралы кейбір отандық және америкалық бұқаралық ақпарат құралдарында көрініс тапқан ақпараттарға қатысты келесіні хабарлаймыз. Құрбан болған балалар Қазақстанда асырап алынған болуы мүмкін деген ақпарат БАҚ-та көрініс тапқаннан бастап, еліміздің Сыртқы істер министрлігі консулдық есепке алу бо­йынша мәліметтерге тексеру жүргізді. Құрбан болған балалардың Ақмола облысында туғандары және 2002 жылы АҚШ-тың Карлсон отбасылық жұбы тарапынан асырап алынғаны анықталды. 2002 жылғы қазаннан бас­тап олар Қазақстанның Нью-Йорк қаласындағы (АҚШ) Бас консулдығында Карлсон Тори Тимур (1997 ж.т.) және Карлсон Куинн Дамир (1999 ж.т.) аттарымен есепте тұрған. Құрбан болғандардың туыстарының қайғы­лары­на ортақтаса отырып, БАҚ өкілдеріне олар­дың жеке өміріне құрметпен қарауды сұраймыз. Қайғылы оқиғаның болу жағдайына мұқият тексеру жүргізу және осы ic бойынша егжей-тегжейлі ақпаратты ұсыну туралы Қазақстанның Нью-Йорк қаласындағы Бас консулдығы тарапынан жергілікті құқық қорғау органдарына сұрату жіберілді. Сонымен қатар, алдын ала мәлімет бойынша, құрбан болғандардың АҚШ-тың азаматтары екенін айту керек. Бұл мәселе ҚР СІМ басшылығының назарында айрықша бақылауда тұр. Сонымен бірге, шетел азаматтары тарапынан асырап алынған қазақстандық балалардың құқықтары мен мүдделерін қорғауды қамтамасыз ету Қазақстан Сыртқы істер министрлігі қызметі басымдықтарының бірі болып табылатынын атап өтеміз. Осы мақсатта біраз уақыттан бері еліміздің басқа да мүдделі органдармен бірлесіп, шетел азаматтары тарапынан қазақстандық балаларды асырап алуға мониторинг жүргізу және бақылауды күшейту бо­йынша жұмыстар атқарылуда. АҚШ-та бұған дейін де орын алған кейбір резонансты оқиғалар ескеріле отырып, 2012 жылдан бастап АҚШ азаматтарына қазақстандық балаларды халықаралық асырап алу рәсімі тоқтатылғанын да қаперге саламыз.