Кеше Орталық сайлау комиссиясында ТМД байқаушылары миссиясының жетекшісі Евгений Слобода баспасөз мәслихатын өткізіп, онда ол Парламент Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауына шетелдік байқаушылар мониторинг жүргізу үшін барлық жағдай жасалғанын мәлімдеді.
«Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының байқаушылар миссиясына ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауына мониторинг жүргізуі үшін барлық қажетті жағдай жасалған. Ал бұл сайлау үдерісінің ашық әрі әділ жүргізіліп жатқандығын дәлелдейді», – деді ол осы жөнінде. Миссия басшысының атап өтуінше, бүгінгі күнге дейін Достастықтан 111 байқаушы ҚР Орталық сайлау комиссиясынан аккредиттеуден өткен. Тағы 130 байқаушының құжаттарын комиссия қарау үстінде екен.
«Қазірдің өзінде миссия құрамында 240-тан астам байқаушының болатындығын нық сеніммен айтуға болады. Мұнан бөлек, миссия құрамына ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің Парламентаралық Ассамблеясының, Беларусь пен Ресей одағы парламенттік жиналысының, ҰҚШҰ Парламенттік Ассамблеясының, ТМД Атқарушы комитетінің өкілдері де кіреді», – деді Е.Слобода.
Сонымен бірге, ол ҚР Орталық сайлау комиссиясы алдағы сайлауға дайындық жұмыстарын тыңғылықты жүргізіп жатқандығына тоқталды. «Орталық сайлау комиссиясы алдағы сайлау науқанына дайындық жұмыстарын тұрақты әрі рет-ретімен жүргізіп жатқанын атап өткім келеді. Әдістемелік қамтамасыз ету де тыңғылықты жүргізіліп, кадрлар да жақсы жасақталған, – деді Е.Слобода. – Бұған қоса, Орталық сайлау комиссиясы сайлау үдерісін ұйымдастырушыларға, БАҚ өкілдеріне, саяси партияларға арнайы оқыту семинарларын өткізді. Аталған семинарларда ОСК мүшелері, құқық қорғау органдарының, оның ішінде прокуратураның, соттардың өкілдері сөз сөйлеп, сайлау заңнамасын қолдану жолдарын жан-жақты түсіндіріп берді».
Миссия басшысы өздері болған сайлау комиссиясында барлық жұмыстардың жоғары деңгейде ұйымдастырылғанына куә болғандықтарын да атап өтті.
Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ,
«Егемен Қазақстан».