елді әлеуметтік-экономикалық дамыту жұмыстарына бағытталып отыр
Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жетекшілігімен кеше палатаның кезекті жалпы отырысы болып, онда 11 мәселе қаралды. Бұл жолы депутаттар назарына 2016-2018 жылдарға арналған республикалық бюджет, халықты жұмыспен қамту, экология және өзге де мәселелерге құрылған заң жобалары ұсынылды.
Сенатта қаралған 2016-2018 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасы кеше депутаттар тарапынан қолдау тапты. Бюджет жобасы ІЖӨ өсуі мен экономика салалары дамуы; 1 АҚШ долларының 300-ден 360 теңгеге дейін өзгеруі; мұнай бағасының бір барреліне 30 АҚШ доллары деңгейінде болжанып, металдар бағасының 15,0 пайызға төмендеуі ескеріле отыра нақтыланған. Атай кетерлігі, 2016 жылы ІЖӨ-нің өсуі 0,5 пайызды құраса, бұл бекітілген көрсеткіштен 1,6 пайыздық тармаққа төмен.
Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаевтың сөзіне қарағанда, үстіміздегі жылы номиналды ІЖӨ 44 166,5 миллиард теңге көлемінде болжанып отырса, бұл өткен жылғы көрсеткіштен 1 364,0 миллиард теңгеге аз. Тағы бір белгілі болғаны, тау-кен өндіру өнеркәсібінде өндіріс – 5, ал өңдеу өнеркәсібінде 1,4 пайызға қысқаруына байланысты өнеркәсіп 2 пайызға төмендейді. Мұнай өндіру көлемі 74,0 миллион тонна болады деп күтілуде.
Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов өз кезегінде қаржы құжаты екі негізгі міндетті: елдің әлеуметтік-экономикалық даму болжамын түзету үшін бюджет теңгерімділігін қамтамасыз ету және Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, экономиканың негізгі салаларын қолдау бойынша дағдарысқа қарсы шараларды іске асыруды көздейтіндігін алға тартты. Министр 2016 жылға арналған республикалық бюджет түсімдері 7 364,1 млрд. теңге және кірістер болжамы (трансферттер түсімдерін есептемей) 3 365,3 млрд. теңге көлемінде немесе бұрын бекітілген көлемнен 300 млрд. теңгеге төмен екендігін жеткізді.
Ал бюджет шығыстары бекітілгендегімен салыстырғанда 600,2 млрд. теңгеге ұлғайып, 8 266,8 млрд. теңге деп қарастырылған. Ал кірістер көзі өткен жылдан жиналған кассалық қалдықтардан (179,2 млрд. теңге) және Ұлттық қордағы трансферттерді (480 млрд. теңге) бағамдық қайта есептеуден қамтамасыз етілген. Сонымен, жалпы бюджет тапшылығы 2016 жылы 179,2 миллиард теңгеге ұлғайып, 902,7 миллиард теңге немесе ІЖӨ-нің 2 пайызы шамасында болжанып отыр.
Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов 2016 жылы әлеуметтік салаға арналған шығыстар 2 трлн. 998 млрд. теңгені құрайтындығымен бөлісе кетті. Министр Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің шығындары шеңберіндегі әлеуметтік салаға арналған шығыстар бекітілген жоспардан 124,5 млрд. теңгеге ұлғайтыла отырып, 2 998 млрд. теңгені құрайтындығын алға тартты. Бұл ретте 5,8 млрд. теңге Халықаралық Қайта құру және Даму банкімен ратификацияланған келісім шеңберінде электрондық денсаулық сақтауды іске асыруға бөлінеді.
Министрдің сөзінен белгілі болғандай, 63 млрд. теңге Үкіметтің арнайы резервін қайта бөлу есебінен «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» өзектендірілген іс-шараларды іске асыруға көзделіп отыр. Бұдан басқа, инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру шеңберінде 13 мыңнан астам жұмыс орнын құра отырып, жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларымен шамамен 60 мың адамды қамту жоспарлануда.
Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев отырыста сөз сөйлеп, қаржы-несие саясаты туралы айтып берді. Оның мәліметінше, үстіміздегі жылдың ақпанында Ұлттық банктің алтын-валюта резерві 2,8 пайызға артып, 27,7 млрд. долларды құраған. Үстіміздегі жылдың ақпан айында валюта сатып алу түріндегі Ұлттық банк интервенциясы 474 млн. долларды құраса, бұл – жалпы сауда көлемінің 20 пайызы деген сөз. Осы ақпан айындағы Ұлттық банктің алтын-валюта резерві 2,8 пайызға артып, 27,7 млрд. долларды құрағаны да белгілі болды.
Сонымен қатар, депутаттар Ұлттық қордан 2016-2018 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы заң жобасын да қабылдады. Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев бұл орайда 2016-2020 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамын нақтылауға және АҚШ долларының есептік көрсеткіші 300-ден 360 теңгеге ұлғайтылатынына байланысты Ұлттық қордан берілетін трансферт көлемі 2016 жылы 2 трлн. 880 млрд. теңгені құрайтындығын жеткізді. Бұл бюджет теңгерімділігі мен шығыстарды, соның ішінде экономикалық белсенділік пен жұмыспен қамтуды арттыруға бағытталған шығыстарды толық көлемінде қаржыландыруға мүмкіндік бермек.
Бұдан басқа, Сенат Қазақстан мен Словакия арасындағы Инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы үкіметаралық келісімді ратификациялады. Ал тағы бір ратификацияланған құжат – Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің шекара мәселелері бойынша ынтымақтастығы мен өзара іс-қимылы туралы келісім бойынша шекара мәселелерінде құзыретті органдардың іс-қимылы айқындалып, олардың отырыстарын, сондай-ақ, жұмыс бабындағы кездесулерін өткізу мәселелері реттелген.
Сенаторлар, сонымен қатар, Каспий теңізінің теңіз ортасын қорғау жөніндегі негіздемелік конвенцияға Мұнаймен ластануға әкелетін тосын оқиғалар жағдайындағы өңірлік әзірлік, ден қою және ынтымақтастық туралы хаттаманы, Құрлықтық қайраңда орналасқан стационарлық платформалар қауіпсіздігіне қарсы бағытталған заңсыз іс-әрекеттермен күрес туралы хаттаманы ратификациялады. Хаттаманы ратификациялау халықаралық терроризмге қарсы күресте шет мемлекеттермен практикалық өзара іс-қимылдың тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Және де палата кеше «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне экологиялық мәселелер бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы мен «Халықты жұмыспен қамту туралы» заң жобасын және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне халықты жұмыспен қамту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ілеспе заң жобасы бірінші оқылымда қаралып, мақұлданды. Сенат Төрағасының ұсынуы бойынша Конституциялық Кеңестің мүшесі лауазымына Үнзила Шапақты тағайындау мәселесі де оң шешімін тапты. Сол сияқты, Анатолий Смолинді басқа қызметке тағайындалуына байланысты Жоғарғы Сот судьясы қызметінен босату мәселесі де депутаттар қолдауына ие болды.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан».