Елордадағы «Mega Astana» сауда және ойын-сауық орталығының «Kinopark 6» кинотеатрында Алғыс айту күніне арналған «Әйгерім» фильмінің тұсаукесері болды. Шараға Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, мемлекеттік органдардың, этномәдени бірлестіктердің өкілдері, актерлер мен «Жас ұлан» киностудиясының түсіру тобы, зиялы қауым және жастар қатысты.
Қазақстан халқы Ассамблеясының қолдауымен түсірілген фильмнің тұсаукесеріне арналған жиынды ҚХА Хатшылығы меңгерушісінің орынбасары Леонид Прокопенко ашып, құттықтау сөз сөйледі.
«Мен бүгін тұсауы кесілгелі отырған «Әйгерім» фильмінде баяндалатын оқиға желісін түсіндіріп жатпаймын. Өйткені, оны өздеріңіз көріп, саналарыңызда сараптай жатарсыздар. Дегенмен, фильмде еліміздегі татулық пен бірліктің, мейірімділік пен достықтың жарқын сипаты көрініс беретінін айтпай кетуге болмайды», – деді Л.Прокопенко. Сондай-ақ, ол ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен халқымыздың рухани өміріне қадам басқан мереке – Алғыс айту күнінің кең көлемде аталып өтілуінің маңыздылығына тоқталды. Оның айтуынша, ХХ ғасырда Қазақстанға тағдырдың талайымен 62 ұлттың өкілдері табан тірепті. Солардың барлығына қазақ халқы пана болып, қамқорлық көрсетіп, адамгершілік пен мейірімділіктің жарқын үлгісін көрсете білген.
«Мемлекетіміздегі ынтымақ пен өзара келісімді нығайту барысында қазақ халқының достыққа берік, әлсізге қамқор, панасызға қорған болар қасиетін жадымыздан өшірмеуіміз керек. Мұны біз Алғыс айту күні ғана еске алмай, үнемі айтып жүруіміз керек. Сондықтан, тарихқа хатталған және бүгінгі өміріміздегі жақсы істерді халыққа үлгі етіп көрсетудің маңызы зор. Бұл орайда кино өнерінің алар орны бөлек», – деді ол.
Одан әрі Л.Прокопенко Қазақстан халқы Ассамблеясының еліміздің кинематографтарымен тығыз байланыста жұмыс істеп келе жатқанын сөз етті. Оның сөзіне қарағанда, аталған ұйым алдағы уақытта ел бірлігін, адамгершілік пен мейірімділікті насихаттайтын кинотуындылардың жарық көруіне қолдау көрсете береді.
Бұдан кейін «Әйгерім» фильмінің режиссері Еркін Рақышев, әртіс Айша Мамытова аталған кино туынды туралы ой-пікірлерін жеткізді.
Енді басты рөлдерде ойнаған актерлер жөнінде аз-кем тоқталайық.
Жалпы, фильмдегі негізгі кейіпкерлердің көпшілігін қазақстандық әртістер сомдаған. Олар: кішкентай Әйгерім – Ақгүл Жарылқасын, Әйгерім – Айша Мамытова, Әйгерімнің шешесі – Гүлшат Тұтова, Лу – Тянь Шио Линь (Қытай).
Жолдыбай БАЗАР,
«Егемен Қазақстан».