Ақмола облысында тұрғындарды жұмыспен қамту мәселесіне айрықша басымдық берілуде. Мұны статистика басқармасының деректерінен де айқын байқауға болады. Жалпы, 2015 жылы өңірде 11 мыңнан астам жаңа жұмыс орындары құрылып, 6300 адам тұрақты нәпақа көзін тапты. Бұл орайда, «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы жұртшылық көңілінен шығып отыр. Нақтылай түссек, жыл ішінде кәсіпкерлік негіздері курстарында 287 адам оқыса, 639 кісі әлеуметтік жұмыстарға тартылды және 430 адам жастар тәжірибесінен өтіпті.
Мұнда адамдарды еңбекке тартудың барлық тетіктері қарастырылғаны және оның қолжетімділігі атап көрсетілуде. Газетіміздің тілшілер қосынына арнайы хабарласып, жергілікті атқару органдарының қызметіне ризашылықтарын білдіріп жатқандар да бар. Біз бүгін солардың бірқатарының лебізін оқырмандарымызға жеткізуді жөн көрдік.
Мәриям РАХЫМОВА, Бұланды ауданындағы Макинск қаласының тұрғыны:
– Орта арнаулы білімім болғанымен мамандығым бойынша жұмыс табу қиынға соқты. Құрбыларымның айтуымен аудандық жұмыспен қамту орталығына өтініш жаздым. Мұндағы мамандар жылы қабақ танытып, «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасына қатысуыма кеңес берді. Мен бағдарламаның «Кәсіпкерлік бастамаларды қолдау және тірек ауылдарын кешенді дамыту» бағытын қолайлы көрдім. Тиісті құжаттарды да артық жүгіріссіз әзірлеп, Көкшетаудағы Қазақстан кәсіпкерлік академиясы бөлімшесіндегі бизнес негіздері курсын тәмамдадым.
Арнайы комиссия бизнес жобамды мақұлдап, 3 миллион теңге шағын несие алдым. Сөйтіп, дайындық жұмыстарын пысықтап, «Mari» сән салонын аштым. Салтанат шарасына қалалықтардың көптеп жиналуы қуанышымды еселей түсті.
Айбек ХАМИТОВ, Еңбекшілдер ауданындағы Еңбек ауылының тұрғыны:
–Біз шалғай ауылда тұрамыз. Бұрынғы Уәлиханов ауданы тараған соң ел тіршілігі қожырай бастаған. Әйткенмен, еті тірі азаматтар хал-қадерінше мал мен егін шаруашылығында қожалықтар ұйымдастырып, тұрмыстық нысандарды ашып жатыр. Жүріс-тұрыс көбейді. Бірақ, басты мұқтаждықтың бірі жанар-жағармай құю бекетінің жоқтығы еді. Мен осы іске тәуекел жасап көргім келді.
Сондағы сүйенішім «Бизнестің жол картасы-2020» еді. Адаспаған екенмін. Бизнес-жобам қолдау тауып, 3 миллион теңге несие қаражаты берілді. Бұған өз жиған-тергенімді қосып, аудандағыдан кем емес бекет тұрғыздық. Оның ашылу салтанатына аудан әкімі Асқар Қиықов қатысып, ауылдағы мен сияқты жас кәсіпкерлерді қанаттандырып жіберді. Біздің жол арқылы «Көкшетау-Степногор-Ерейментау» бағытында көлік қатынасы жандана түсті.
Сексенбай ЕСБОЛ, Егіндікөл ауданының тұрғыны:
– Мен 2014 жылы Жезқазған бизнес және көлік колледжін «Теміржол көліктерінде тасымалды ұйымдастыру» мамандығы бойынша бітіріп, туған ауылыма оралғанмын. Мұнда теміржол жоқ, сондықтан жұмысқа орналасу мүмкін болмады. Шағын ауылда тұрақты жұмыс та табылмады. Үлкен қалаларға барып, екінші мамандық алуға жағдай келмейді. Былтыр жұмыспен қамту орталығының мамандары көшпелі мәжіліс өткізіп, «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы туралы кеңейтілген түсінік берді. Мен бағдарламаның «Көшіп-қону және оқыту арқылы жұмыспен қамту» деген ең танымал бағытына ден қойып, ауылдас 3 адаммен бірге оқуға жіберілдім. Олардың біреуі мамандық иесі атанып, ал басқасы қажеттілігі жоғары мамандыққа қайта даярлаудан Бурабай маңындағы Қатаркөл ауылшаруашылық колледжінде арнайы шәкіртақымен 10 ай оқып, веттехник мамандығын алдым. Қазір Егіндікөл аудандық «Ветсансервис» мекемесінде жұмыс істеп жүрмін. Мамандық маған ұнайды. Ел ішінде беделім де бар. Бағдарламаның тиімділігіне көз жеткіздім. Ауылдастарымды үгіттеп те жүрмін.
Жандос ӘЛИАКПАРОВ, Целиноград ауданының тұрғыны:
– Менің музыка танушы мамандығы бойынша орта арнаулы білімім болғанымен, тұрақты кәсіп табылмады. Сондықтан, былтыр Целиноград аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне хабарластым. Ондағы мамандар өтінішімді қабылдап, 2015 жылдың 16 шілдесі мен 15 қарашасы аралығында «Целиноград ауданының мәдениет үйі» МКҚК-ға жастар тәжірибесіне жіберді. Бағдарламасы аяқталғаннан кейін осы мекемеге тұрақты жұмысқа қалдырылдым.
«Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы арқылы мемлекет қамқорлығына бөленіп, өзімнің сүйікті кәсібіме кіріскенім үшін жергілікті атқару органдарына алғысымды айтамын.
Бақберген АМАЛБЕК,
«Егемен Қазақстан».
Ақмола облысы.