Астанадағы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Қазақстанның, Ресейдің, Жапонияның, Германияның, Франция мен Қытайдың жетекші ғалымдары мен мамандары қатысқан «Ғарыш адамзаттың игілігі үшін – болашаққа көзқарас» деген тақырыпта халықаралық конференция болып өтті. Бұл Юрий Гагариннің ғарышқа ұшқанының 50 жылдығы шеңберінде ұйымдастырылатын шаралардың алғашқылары қатарында көрініс тапты. Және оның еліміз Ұлттық ғарыш агенттігінің төрағасы Талғат Мұсабаевтың 60 жылдығына орайластырылғаны да көңілге қонғанын айта кеткеніміз жөн.
Әрине, біз қасиетті қазақ жерінен адамзат баласы тұңғыш рет ғарышқа ұшқанын, елімізде дүние жүзіндегі ірі ғарыш кешені болып табылатын «Байқоңыр» космодромы орналасқанын заңды мақтаныш етеміз. Тұңғыш қазақ ғарышкері Тоқтар Әубәкіровтің 1991 жылдың 2 қазанындағы, ал келесі қазақ ғарышкері Талғат Мұсабаевтың 1994 жылдың 1 шілдесіндегі ғарышқа сапарлары да көптен күткен арманымызға қол жеткізуіміз ретінде орынды бағаланды. Сол уақыттан бері ғарыш көгінде қазақ азаматы самғамағаны, 2003 жылдан бері 2 қандасымыз – Мұхтар Аймаханов пен Айдын Айымбетовтің ғарышкерлікке үміткерлер ретінде Ресейдегі ғарышкерлер даярлайтын орталықта арнайы дайындықтан өткендері, бірақ олардың ғарышқа қашан ұшары белгісіз болғандықтан, бір үміткер қандасымыздың Ресей азаматтығын алуға ниет танытып отырғаны бөлек әңгіме.
Бұл жерде біздің айтпағымыз – университеттегі халықаралық конференция барысында Т.Мұсабаевтың: «Қазақстандықтар бір нәрсені жете түсінбей жүр. Тоқтар Әубәкіров кеңестік кезеңде ұшқан тұңғыш қазақ ғарышкері, ал мен болсам, тәуелсіз елдің тұңғыш ғарышкерімін», деген сөздерінің қисынға келіңкірей қоймайтындығы. Қосарланған тұңғыш болмайды. Тұңғыш – қашанда жалқы.
Самат МҰСА.