Мұнайшылардың арасында да нәзік жандылар аз емес. Солардың бірі –Зинат Үмітаева. Оның балалық шағы мұнайшылар ортасында өтіпті. Өйткені, әкесі Жұмабай Комсомол мұнай кәсіпшілігінде 1941 жылдан еңбек етіпті. Сұрапыл соғыс басталған жылы Жұмабай да мұнай кәсіпшілігін электр энергиясымен қамту үшін жұмысқа жіберілген екен. Сол кезден бері табан аудармай мұнай-газ өнеркәсібінде еңбек ете жүріп, балаларын да осы кәсіпке баулыпты.
Таң бозарып ата бастағаннан топ-тобымен мұнай ұңғымаларына беттеп бара жататын мұнайшыларды күнде көретін Зинат та бала кезінен «қара алтынның» иісін сезініп өскен. Рас, Ресейдің Астрахань өңірінде кіндік қаны тамған, кейін сол қаладағы оқу орнынан медициналық білім алған анасы Сағипа қызының дәрігерлікті не, мұғалімдікті таңдағанын қалаған екен. Алайда, өзінің балалық шағы өткен Комсомол кентіндегі барлық баланың «кіндік шешесі» атанған анасының емес, мұнайшылармен бірге «қара алтын» селін тасытқан әкесінің шежірелі жолын жалғастыруға белді бекем буыпты. Бұған бір көшеде көрші тұрған Бағыт Ауниязованың жоғары оқу орнында геолог мамандығына оқығаны да әсер еткенін жасырмайды. «Табиғи байлықты бәрі жер астынан шығады. Жердің астында не барын білу үшін геолог болу керек. Тіпті, мұнай өндіру үшін де алдымен геологиялық зерттеу жүргізіледі. Жер астының қыртысын, онда қандай табиғи байлық барын тек геолог қана анықтай алады», деп Зинатты осы мамандыққа қызықтырған екен.
Отбасындағы бес баланың бірі болып өскен Зинаттың 1975 жылы мектеп бітірісімен мұнай кәсіпшілігінде алғашқы еңбек жолын бастауға талпынысы нәтижелі болыпты. Кейін Алматыдағы бұрынғы Ленин атындағы Қазақ политехникалық институтында оқып, тау-кен инженері мамандығын игеріпті. Сөйтіп, өзі еңбек жолын бастаған «Доссормұнайгаз» басқармасына қайта оралған. Қазір Алтыкөл мұнай дайындау және тасымалдау цехында еңбек етеді. Басқарма басшылары өз ісін жауапкершілікпен атқаратын Зинатқа сенім артып, цехтың шебері етіп бекітіпті. Оның осы жұмысты атқарғанына 35 жылдан асып барады.
– Әкем бала кезімде Доссордың мұнайының сапасы өте жоғары, жауға қарсы жер талғамай жүретін танкке жанармай ретінде жіберілді деп отырушы еді. «Біздің жерімізде мұнай мол, ұрпақтан ұрпаққа жетеді» дейтін. «Тек білгір мұнайшы болу үшін ерінбей іздену, еңбектену қажет», дегені де есте әкемнің. «Бұл кәсіптің қиындығы көп: қыстың қақаған аязы мен жаздың аптабына шыдап, алдымен адамдармен тіл табыса білсең, әрбір сәтіңді, әрбір күніңді елдің игілігі үшін жұмсасаң ғана абыройға бөленесің», дегенін жадыма түйдім, – дейді мұнай дайындау және тасымалдау цехының шебері Зинат Үмітаева. – Әкенің сол аманатына адал болуға талпындым. Нұри Нұржанов, Байғабыл Аманғалиев сынды әкеммен замандас аға буын мұнайшылардың тәлімінен, тәжірибесінен үйренгенімді күнделікті жұмысымда пайдаланып отырамын. Шүкір, әріптестерімнің арасында абыройлымын. Қазір өзімнің баулыған шәкірттерім де бар.
– Еліміз тәуелсіздігін алғалы бері мұнайшылардың ахуалы жақсарды. Бұрынғыдай емес, кен орны заман талабына сай жабдықталған. Мұнай дайындау және тасымалдау үдерісі компьютермен бақыланады, – дейді отбасында мұнайшылар әулетінің отанасы, кен орнында Зинат Үмітаева. – Ең бастысы, ел экономикасының өркендеуіне үлесімді қосып жүргенімді мақтан тұтамын. Балаларымызды да Отанға адал еңбек етуге тәрбиеледік.
Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ,
«Егемен Қазақстан».
Атырау облысы,
Мақат ауданы.