Айтайын дегенім...
Бүгінгі таңда Қазақстан ұлтаралық және діндераралық келісімді сақтауда әлемге үлгі болып отыр. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен өмірге келген Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі Астанада үш рет ұйымдастырылды. Жуырда ғана Қазақстан халқы Ассамблеясының ХVІ сессиясы өтті. Ұлт пен ұлтты бір-біріне деген сыйластық пен сенім, салт-дәстүріне көрсетілген құрмет жақындастыратыны анық. Сонымен қатар, бір шаңырақтың астына біріктіретін ұлы күш – мемлекеттік тіл. Соңғы жылдары Қазақстан халқы Ассамблеясының өңірлердегі бірлестіктері де, әр түрлі этностардың мәдени бірлестіктері де өз тілдері мен салт-дәстүрлерін жаңғыртумен қатар, өз іштерінде арнайы курстар ашып, мемлекеттік тілді меңгеру үстінде. Бұл – жақсы бастама. Адам тілді білген сайын сана-сезімі толыға түседі, өзге ұлттардың жандүниесін түсінеді. Өмірде өзіне жақын достар жинайды. Қызмет барысында да тілді білгеннің тиімділігі өте зор. Осыны ұғына білген өзге этнос өкілдері «Қазақстанда тұрып, өз елімнің тілін білуім керек!» деген патриоттық сезіммен мемлекеттік тілді ешқандай қиындықсыз меңгеріп алуда. Қазір қазақ тілінде еркін сөйлей алатын қазақстандықтар өз тілін үйренуге талпыныс жасамай жүрген кейбір қандастарымызға үлгі болып отыр. Менің айтайын дегенім, қосымша қаржы бөлмей-ақ мемлекеттік тілді үйренгісі келетін азаматтарымызға көмек көрсетуімізге болады. Мәселен, орыс және басқа ұлттар тілінде дәріс беретін мектептерде ашық сабақтар мемлекеттік тілде жүргізілсе, ол да бір игілікті іс болар еді. Орта арнаулы және жоғары оқу орындарында саяси және мәдени іс-шараларды мемлекеттік тілде өткізу қолға алынса, ол да оң бастама болатыны сөзсіз. Сонымен қатар, орыс және басқа ұлттар тілінде дәріс беретін мектептерде, колледждер мен университеттердің бөлімдерінде мемлекет және қоғам қайраткерлерімен, ақын-жазушылармен кездесулер мемлекеттік тілде өткені жөн. Мұны неге айтып отырмын. Жақында бір танысымнан Астанадағы дарынды ақын Төлеген Айбергенов атындағы мектептің балалары осы қыршын кеткен ақынның кім екенін білмейтінін естідім. Бұл нені көрсетеді. Мектеп директорының мектеп атауын шәкірттердің санасына сіңірмегенінен. Ақынның атын иеленіп отырған мектептің жағдайы осындай. Бұл бір мектептің басындағы ғана проблема емес. Осы жәйтті Білім және ғылым министрлігі қадағалауы керек. Өйткені, әр адам қызықты әңгімені түсінгісі келеді. Қазірдің өзінде кейбір орыс мектептерінде ара-тұра болса да қазақ қаламгерлерімен кездесулер өтіп жүр. Ондай басқосудан шәкірттер рухани байлық алып, халқымыздың салт-дәстүрін біле түседі. Кеңес Одағы тұсында орыс тілін үйретудің оңай тәсілдері қолданылды. Мәселен, бір ауыз орысша білмей әскерге барған қазақ баласы екі жылдан кейін еркін сөйлеп келді. Осы орайда мемлекеттік тілді үйренудің тағы бір әдісі ретінде біздің қорғаныс саласының қызметін толықтай мемлекеттік тілге көшіру керек. Яғни, әскери комиссариаттан бастап осылай істесек, ұтатынымыз күмәнсіз. Бүгінгі таңда әскерде сапқа тұруға, жүруге берілетін бұйрықтар ғана мемлекеттік тілде айтылып жүр. Ол аздық етеді. Сондықтан әскери өмірдің тыныс-тіршілігі мемлекеттік тілде жүргізілуі керек. Қазақстанның және әлемнің саяси жаңалықтары, еліміздің ішкі және сыртқы жағдайы туралы мәліметтер айтылатын саяси жаттығу сабақтары мемлекеттік тілде өткізілсе, бұл тілді үйрену үшін бірінші кезекте жауынгерлерімізге жасаған көмегіміз болар еді. Ирак ЕЛЕКЕЕВ, Мәжіліс депутаты.Бурабайдағы Мультимедиалық интерактивті кешенге келушілер көп
Аймақтар • Бүгін, 01:26
Аяз, көктайғақ: 16 облыста дауылды ескерту жарияланды
Ауа райы • Бүгін, 00:16
2027 жылы Астанада бокстан әлем чемпионаты өтеді
Спорт • Кеше
Алматы облысының меншігіне 86 мың га жер қайтарылды
Аймақтар • Кеше