2015 жылғы 28 қаңтар, Астана қаласы
Бейбіт уақытта азаматтық қорғаныс әскери бөлімдерін қолдану қағидаларын бекiту туралы
«Азаматтық қорғау туралы» 2014 жылғы 11 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Заңы 12-бабының 70-10) тармақшасына сәйкес бұйырамын:
1. Қоса беріліп отырған Бейбіт уақытта азаматтық қорғаныс әскери бөлімдерін қолдану қағидалары бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Төтенше жағдайлар комитеті (В.В. Петров) заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
2) мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның мерзімді баспа басылымында және «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялануын;
3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің интернет-ресурсына орналастыруды қамтамасыз етсін.
3. Бұйрықтың орындалуын бақылауды өзіме қалдырамын.
4. Осы бұйрық бірінші ресми жарияланған күннен бастап күнтізбелік он күн өткеннен кейін қолданысқа енгізіледі.
Министр Қ.ҚАСЫМОВ.
Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің
2015 жылғы 28 қаңтардағы № 66 бұйрығымен бекітілген
Бейбіт уақытта азаматтық қорғаныс
әскери бөлімдерін қолдану қағидалары
1. Жалпы ережелер
1. Осы Бейбіт уақытта Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының азаматтық қорғаныс әскери бөлімдерін қолдану қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) «Азаматтық қорғау туралы» 2014 жылғы 11 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Заңы 12-бабының 70-10) тармақшасына сәйкес әзірленді және бейбіт уақытта азаматтық қорғау іс-шараларын орындау үшін Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының азаматтық қорғаныс әскери бөлімдерін (бұдан әрі – азаматтық қорғаныс әскери бөлімдері) қолдану тәртібін айқындайды.
2. Бейбiт уақытта азаматтық қорғаныс әскери бөлiмдерiнің негізгі міндеттері:
Қазақстан Республикасының аумағында төтенше жағдайларды жою;
жауынгерлік, жұмылдыру және саяси даярлықты ұйымдастыру;
төтенше жағдайлар аймақтарында халықтың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ету бойынша жұмыстарды орындау;
төтенше жағдайлардың алдын алуға бағытталған іс-шараларға қатысу;
уәкілетті органның қарамағындағы басқару пункттерін күзетуді және оған қызмет көрсетуді қамтамасыз ету;
төтенше жағдайлар аймақтарына, оның ішінде шет елдік мемлекеттерге жеткізілетін жүктердi тасымалдау, бiрге алып жүру және күзету;
жұмылдырып өрiстетуге дайындық және жауынгерлiк әзірліктке келтiру жөніндегi iс-шараларды жүзеге асыру;
оқу объектілерін, полигондарды тұрақты әзірлікте ұстау;
уәкілетті органның жедел резервін ұстау болып табылады.
3. Бейбiт уақытта азаматтық қорғаныс әскери бөлiмдерi жүктелген міндеттеріне сәйкес:
1) зардап шеккендерді зақымдалған, жанып жатқан ғимараттар мен құрылыстардан, газдалған, су басқан және түтіндеген үй-жайлардан іздеу және алып шығу (шығарып алу);
2) зардап шеккендерге алғашқы медициналық көмек көрсету және оларды қауіпсіз аудандарға эвакуациялау;
3) адамдардың (зардап шеккендердің) өмірі мен денсаулығын сақтап қалу үшін қажетті жағдай жасау;
4) табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар аймағынан материалдық, мәдени құндылықтарды құтқару (эвакуациялау);
5) табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайларды жою кезінде жедел штабтарды ақпараттық алмасудың барлық түрімен қамтамасыз ету;
6) азаматтық қорғаныс күштері мен құралдарын енгізу бағыттарын жабдықтау;
7) бұзылу қаупі бар немесе авариялық-құтқару жұмыстарын қауіпсіз жүргізуге кедергі келтіретін ғимараттар мен құрылыстардың конструкцияларын нығайту немесе қирату;
8) коммуналдық-энергетикалық желілердің жекелеген учаскелерін қалпына келтіру;
9) бірінші кезекте халықтың тыныс-тіршілігі, аумақты санитариялық тазалау үшін мүліктерді жеткізу;
10) төтенше жағдайлар аймақтарында халықтың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ету жөніндегі жұмыстарды орындау;
11) зақымдалған ғимараттар мен құрылыстарды оларда зардап шеккендерді уақытша орналастыру үшін және авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізуге байланысты басқа да мақсаттар үшін ішінара қалпына келтіру;
12) төтенше жағдайлар аймағынан эвакуацияланған зардап шеккен халық (мүмкін босқындар) үшін лагерьлерді өрістету;
13) төтенше жағдайлардың салдарын жоюға қатысу;
14) жауапты аймақтарда табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алуға бағытталған іс-шараларға қатысу;
15) жауынгерлік, жұмылдыру және саяси даярлықты ұйымдастыру;
16) уәкілетті органның қарамағындағы азаматтық қорғаныс басқару пункттерін күзетуді және оларға қызмет көрсетуді қамтамасыз ету;
17) табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар аймағына, оның ішінде шетелдік мемлекеттерге жеткізілетін гуманитарлық жүктерді тасымалдау;
18) жұмылдырып өрістетуге дайындық және жауынгерләік әзірлікке келтіру жөніндегі іс-шараларды жүзеге асыру;
19) азаматтық қорғаныс бойынша оқу объектілерін, полигондарды тұрақты әзірлікте ұстау;
20) азаматтық қорғаныс әскери бөлімдерін, уәкілетті органның жедел резервін өрістету және авариялық-құтқару әрі кезек күттірмейтін жұмыстарды жүргізуге арналған қару-жарақты, техниканы, материалдық-техникалық құралдарды жинақтау, сақтау және уақтылы жаңалау;
21) байланыс желілерін және басқа да маңызды байланыс инфрақұрылымының элементтерін қалпына келтіруге байланысты жекелеген міндеттерді орындауға қатысу;
22) Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі – Қазақстан Республикасы Азаматтық қорғаныс бастығының, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрі – Қазақстан Республикасының Азаматтық қорғаныс бастығы орынбасарының басқару пункттерін ұстау және жұмыс істеуі;
23) авариялық-құтқару, кезек күттірмейтін жұмыстарды жүргізу кезінде және гуманитарлық жүктерді алып жүру кезінде табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайларды жою жөніндегі республикалық жедел штабтың байланысын қамтамасыз ету;
24) азаматтық қорғау мәселелері бойынша жергілікті атқарушы органдардың міндеттерін шешуге катысу үшін қолданылады.
4. Бейбіт уақытта азаматтық қорғаныс әскери бөлімдері күнделікті қызмет, жоғары әзірлік және төтенше жағдайлар режимдерінде жұмыс істейді.
5. Азаматтық қорғау іс-шараларына азаматтық қорғаныс әскери бөлімдерін қолдану туралы шешімді Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі (бұдан әрі – Министр) қабылдайды.
6. Министрдің шешімі бойынша азаматтық қоғаныс әскери бөлімдерінің бөлімшелері Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Төтенше жағдайлар комитеті (бұдан әрі – ТЖК) төрағасының жедел бағынысына беріледі.
7. ТЖК төрағасы азаматтық қорғаныс әскери бөлімдерін табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайларды жою басшысының немесе табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу жөніндегі жұмыстар басшысының қарамағына ауысуға тиісті өкім беруге құқығы бар.
2. Азаматтық қорғаныс әскери бөлімдерінің күнделікті қызмет режиміндегі жұмысы
8. Азаматтық қорғаныс әскери бөлімдері күнделікті қызмет режимінде мынадай іс-шараларды жүргізеді:
1) табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайларды жою жөніндегі іс-қимыл (өзара іс-қимыл) жоспарларын әзірлеу;
2) жауынгерлік, жұмылдыру және саяси даярлықты, оның ішінде әскери бөлімдердің қызметін моральдық-психологиялық қамтамасыз етуге бағытталған идеологиялық жұмысты және арнайы насихатты ұйымдастыру;
3) азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті органның қарамағындағы басқару пункттерін күзетуді және оларға қызмет көрсетуді қамтамасыз ету;
4) азаматтық қорғаныс жөніндегі оқу объектілерін, полигондарды тұрақты әзірлікте ұстау;
5) уәкілетті органның жедел резервін ұстау және оған қызмет көрсету;
6) азаматтық қорғау саласындағы әлуетті құрылымдардың, уәкілетті орган ведомствосының және оның аумақтық бөлімшелерінің байланыс тораптарымен өзара іс-қимыл жасасуын қамтамасыз ету.
9. Азаматтық қорғаныс әскери бөлімдері табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алуға бағытталған іс-шараларға қатыса отырып, мыналарды:
1) табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар туындаған жағдайда келтірілетін зиян мен материалдық шығынды азайтуды қамтамасыз ететін жұмыстарды;
2) құтқарушыларды авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізуге дайындауды жетілдіру бойынша авариялық-құтқару қызметтері және құралымдарымен бірлескен оқу-жаттығулар, жаттығулар, далалық шығулар мен сабақтар жүргізуге қатысуды жүзеге асырады.
3. Азаматтық қорғаныс әскери бөлімдерінің жоғары әзірлік режиміндегі жұмысы
10. Азаматтық қорғаныс әскери бөлімдері жоғары әзірлік режимінде мынадай іс-шараларды жүргізеді:
1) табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайларды жою жөніндегі іс-қимыл (өзара іс-қимыл) жоспарларын түзету;
2) қажет болған жағдайда басқару пункттеріне тәулік бойғы кезекшілік енгізу;
3) төтенше жағдайларды жоюға қатысатын күштер мен құралдарды табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайларды жою жөніндегі іс-қимыл (өзара іс-қимыл) жоспарына сәйкес әзірлікке келтіру, ал қажет болған кезде (команда бойынша) ықтимал төтенше жағдайлар аймағына күштер мен құралдарды жылжыту;
4) табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу туындаған жағдайда келтірілетін зиян мен шығынның мөлшерін азайту бойынша жедел шараларды қабылдауға қатысу, сондай-ақ табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайларда объектілердің тұрақты және қауіпсіз жұмыс істеуін арттыруға қатысу;
5) егер бұрын толтырылмаған болса, Ішкі істер министрлігінің жедел резервін толтыру;
6) қажет болған жағдайда эвакуациялық іс-шараларды жүргізу;
7) Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің шешімі бойынша Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі – Қазақстан Республикасы Азаматтық қорғаныс бастығының, Қазақстан Республикасы Ішкі істер
министрі – Азаматтық қорғаныс бастығы орынбасарының мобильді басқару пункттерінің байланыс тораптарын өрістету.
4. Азаматтық қорғаныс әскери бөлімдерінің төтенше жағдайлар режиміндегі жұмысы
11. Азаматтық қорғаныс әскери бөлімдері төтенше жағдайлар режимінде мынадай іс-шараларды жүргізеді:
1) табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайларды жою жөніндегі іс-қимыл жоспарларын қолданысқа енгізу (іске асыру, орындау) және оларды түзету, туындаған табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың және олардың салдарының дамуын болжау;
2) төтенше жағдайлар аймағында авариялық-құтқару жұмыстарын ұйымдастыру, жұмыстардың ахуалы және оны жүргізу барысы туралы ақпарат жинау, талдау және алмасу;
3) табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар кезінде халықтың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ету жөніндегі іс-шараларды жүргізуге қатысу.
12. Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайларды жою кезінде азаматтық қорғаныс әскери бөлімдері авариялық-құтқару және кезек күттірмейтін жұмыстарды жүргізеді және:
1) төтенше жағдайлар аймақтарында және авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізу объектілерінде зардап шеккендерді іздеуді;
2) зардап шеккендерді қоршаудан шығаруды және өмірін сақтап қалуға жағдай жасай отырып, оларды қоршауда қалған жерлерден қауіпсіз аудандарға эвакуациялауды;
3) зардап шеккендерге алғашқы медициналық көмек көрсетуді;
4) материалдық және мәдени құндылықтарды құтқару бойынша әрекет етуді;
5) қоршаған ортаны қорғау жөніндегі іс-шараларды;
6) арнайы және қосымша жұмыстарды орындауды: үйінділерге өтетін жолдарды (өтпелерді) салуды, коммуналдық-энергетикалық желілердегі аварияларды оқшаулауды, құлау қаупі бар және жұмыстарды қауіпсіз жүргізуге кедергі келтіретін ғимараттар мен үйінді элементтерінің конструкцияларын құлатуды немесе нығайтуды, бұзылған ғимараттардың үйінділеріндегі өрттерді сөндіруді; жұмыс орындары мен алаңдарын жарықтандыруды, қауіпті аймақтарды, жұмыс орындарын және алаңдарды қоршауды;
7) төтенше жағдайлардың салдарын жоюды, аймақтарын оқшаулауды жүзеге асырады;
8) Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі – Азаматтық қорғаныс бастығының басқару органы жанындағы мобильді басқару пунктінің байланыс тораптарының жұмысын ұйымдастыру, ол мыналардан:
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі - Азаматтық қорғаныс бастығының, Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі - Азаматтық қорғаныс бастығы орынбасарының автоматтандырылған жұмыс және демалу орындарын ұйымдастырудан және қамтамасыз етуден;
барлық байланыс түрлерімен қамтамасыз етуден;
Қазақстан Республикасының Қауіпсіздік Кеңесіне төтенше жағдайлар аймағынан деректерді (сурет, бейне) беруден;
авариялық-құтқару және кезек күттірмейтін жұмыстарды жүргізу, гуманитарлық жүктерді алып жүру кезінде байланыспен қамтамасыз етуден тұрады.
5. Азаматтық қорғаныс әскери бөлімдерін
төтенше жағдайлардың туындау қатері кезінде басқару
13. Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың туындау қатері, азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесі жұмысының жоғары әзірлік режимін енгізу кезінде, ТЖК төрағасы Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы Бас қолбасшысының (бұдан әрі – ҰҰ) келісімі бойынша Министрге азаматтық қорғаныс әскери бөлімдерін ТЖК төрағасының жедел бағынысына ауыстыру туралы баянат енгізеді.
14. Баянатта азаматтық қорғаныс әскери бөлімдерін немесе оның жедел бағынысқа ауысатын жекелеген бөлімшелерін ауыстыру себебі, ықтимал төтенше жағдайлардың және оның аймағының түрлері, атауы, жеке құрам мен техниканың саны, олардың міндеттері көрсетіледі.
15. Министрдің қарарына (шешімі) сәйкес ҰҰ Бас қолбасшысы азаматтық қорғаныс әскери бөлімдерінің бөлімшелерін жедел бағынысқа ауыстыру туралы тиісті өкім береді, онда азаматтық қорғаныс әскери бөлімдерінің немесе оның жекелеген бөлімшелерінің атауы, жеке құрам мен техниканың саны, олардың міндеттері көрсетіледі.
16. ҰҰ Бас қолбасшысының тиісті өкімін беру ҰҰ әскерлерін басқару орталығының жедел кезекшілері және ТЖК Республикалық дағдарыс орталығының жедел кезекшілері арқылы жүргізіледі.
17. Жедел бағынысқа берілген бөлімше командирі күн сайын ҰҰ Бас қолбасшысына және ТЖК төрағасына атқарылған іс-шаралар туралы ҰҰ әскерлерін басқару орталығының және ТЖК Республикалық дағдарыс орталығының жедел кезекшілері арқылы баяндайды.
6. Азаматтық қорғаныс әскери бөлімдерін төтенше жағдайлар туындаған кезде басқару
18. Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар туындаған, азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесі жұмысының жоғары әзірлік режимін енгізу кезінде ТЖК төрағасы егер бұрын әскери бөлімдер жедел бағынысқа ауыспаған болса, азаматтық қорғаныс әскери бөлімдерін Министрдің және ҰҰ Бас қолбасшысының ауызша келісімі бойынша одан әрі Министрге баянат енгізе отырып, өзінің қолбасшылығына алады.
19. Баянатта азаматтық қорғаныс әскери бөлімдерін немесе оның жедел бағынысқа ауысқан жекелеген бөлімшелерін ауыстыру себебі, ықтимал төтенше жағдайлардың және оның аймағының түрлері, атауы, жеке құрам мен техниканың саны, олардың міндеттері көрсетіледі.
20. Министрдің қарарына (шешімі) сәйкес ҰҰ Бас қолбасшысы азаматтық қорғаныс әскери бөлімдері бөлімшелерін жедел бағынысқа ауыстыру туралы тиісті өкім береді, онда азаматтық қорғаныс әскери бөлімдерінің немесе оның жеке бөлімшелерінің атауы, жеке құрам мен техниканың саны, олардың міндеттері көрсетіледі.
21. ҰҰ Бас қолбасшысының тиісті өкімін беру ҰҰ әскерлерін басқару орталығының жедел кезекшілері және ТЖК Республикалық дағдарыс орталығының жедел кезекшілері арқылы жүргізіледі.
22. Азаматтық қорғаныс әскери бөлімдері төтенше жағдайлар аймағында төтенше жағдайларды жою басшысының жедел бағынысына және оның шешімімен құрылған жедел штабқа келіп түседі.
23. Авариялық-құтқару және кезек күттірмейтін жұмыстарды жүргізу кезінде азаматтық қорғаныс әскери бөлімдері жеке құрамының қызмет режимі мен жұмыс күнінің ұзақтығын, оларды жүргізу ерекшеліктерін, санитариялық қағидалар мен гигиеналық нормаларды ескере отырып, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайларды жою басшысы белгілейді.
24. Жедел бағынысқа берілген бөлімше командирі атқарылған іс-шаралар туралы ҰҰ Бас қолбасшысына және ТЖК төрағасына ҰҰ әскерлерін басқару орталығының және ТЖК Республикалық дағдарыс орталығының жедел кезекшілері арқылы баяндайды.
25. Азаматтық қорғаныс әскери бөлімдерінің ауысуын және авариялық-құтқару жұмыстарының жүргізілуін бақылауды одан әрі ҰҰ Бас қолбасшысына баянатпен баяндай отырып, Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының Өңірлік қолбасшысы жүргізеді.
Бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2015 жылғы 5 наурызда Нормативтік құқықтық кесімдерді мемлекеттік тіркеудің тізіліміне №10390 болып енгізілді.