Кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев жұмыс сапарымен Ақтөбеге келді. Президент алдымен 2014 жылы мемлекеттік үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында жүзеге асырылған «Ақтөбе жылыжай» кешеніне атбасын тіреді. Елбасын мұнда өңірдің озат ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері мен кәсіпкерлері қарсы алды.
Елбасы кешенді аралап, көкөніс өсіру технологиясымен танысты. Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаевқа ауыл шаруашылығын дамытудың өңірдегі негізгі бағыттары, соның ішінде азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі кешенді шаралар туралы баяндалды. Бұдан бөлек, Қазақстан Президенті облыстағы ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілермен әңгімелесті.
Нұрсұлтан Назарбаев ғылыми тәсілдерді қолданудың маңыз-дылығына айрықша назар аудара отырып, ауыл шаруашылығы саласының өнімділігін арттыру қажеттігін айтты.
Мемлекет басшысы планета халқының көбейіп келе жатқанына байланысты аграрлық сала өнімдеріне ұдайы сұраныс болатынына тоқталды. Сондықтан, ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерді Қазақстан Президенті мемлекет ұсынған мүмкіндіктерді толық пайдалануға, өндіріске жаңа технологиялар енгізуге және озық халықаралық тәжірибелерді игеруге шақырды.
Нысанды аралау барысында облыс басшысы Бердібек Сапарбаев Елбасына аймақта азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге байланысты қолға алынып жатқан жұмыстар туралы айтты.
– 2016 жылдың қаңтар айында Ауыл шаруашылығы министрлігі, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Қостанай облыстарының әкімдері және «InalcaEurasia» трансұлттық компаниясы арасында құны 100 млн. еуро инвестиция салатын ет өндіретін мал шаруашылығында аймақаралық кооперация қалыптастыру жөнінде келісімшартқа қол қойылды. Жалпы қуаттылығы 44 мың малға есептелген бордақылау алаңын құру және облыстағы ет комбинатының қуаттылығын 20 мың тонна ет және ет өнімдерін өңдеуге дейін жеткізу жөнінде нақты келісімшарттар жасалды, – деп атап өтті Б.Сапарбаев.
Аймақаралық кооперация аясында күні кеше қызылордалықтар арзан күріші мен балығын ақтөбеліктерге ұсынды. Бұл бастама алдағы уақытта жалғасын табады. Наурыз айында Оңтүстік Қазақстан және Жамбыл облыстарының кәсіпкерлері Ақтөбеге келеді деп күтілуде.
Өңір басшысының айтуынша, оңтүстік аймақтардан 70 тонна көкөніс тікелей жеткізілген. Олардың барлығы импорт тауарларды алмастыру, бағаны тұрақтандыру және жергілікті тауар өндірушілерді қолдау мақсатында жасалып жатқан қадамдар болып табылады.
Сонымен қатар, Б.Сапарбаев Мемлекет басшысына облыста өңделетін ет көлемін биыл 20 мың тоннадан 28 мың тоннаға дейін, сүтті 146 мыңнан 162 мың тоннаға дейін, суармалы жерді 12 мың гектардан 18,6 мың гектарға дейін көбейту көзделіп отырғанын жеткізді. Сондай-ақ, шағын ферма құру жөніндегі қанатқақты жоба іске қосылды, аталған жобаны жүзеге асыру үшін 2,5 млрд. теңге қарастырылған, 1200 жұмыс орны ашылады деп күтілуде.
Елбасы көкөніс өсіру технологиясымен танысты. Жабық жерде көкөніс өндіретін жылыжай кешені жалпы ауданы 3 гектар аумақта орналасқан. Жобалық қуаты жылына 1500 тонна көкөніс өндіруге лайықталған. Ал өңір басшысы сөз орайында мал биржасын ашу жоспарда бар екенін мәлім етті.
Елбасы жылыжай жұмысымен танысып шыққанда оны облыстың бір топ кәсіпкерлері күтіп тұр еді. Нұрсұлтан Әбішұлы олармен жылы жүзбен амандасып, ортақ әңгімеге шақырды.
– Хал-жағдайларыңыз қалай, дағдарыс қалай әсер етіп жатыр? – деген Президенттің сауалына ең алдымен «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» облыстық филиалының директоры Гүлжанат Ерғазина: «Былтыр 833 адамға несие бердік, олардың 99 пайызы несиелерін қайтарды, халықтың кәсіпкерлікке деген бетбұрысы жақсы», – деп жауап қайтарды.
Ал ауыл шаруашылығының дамып келе жатқанын, саланы дамытуға Үкіметтің қолдауы туралы «Степной» ЖШС директоры Аманғос Төлеуов, «Парижская коммуна XXI» ЖШС директоры Гарик Тертарян әңгімеледі.
«Мен Ырғыз ауданынан келіп тұрмын. 1990 жылдары Сіздің шаруашылық құрылымдарын жекешелендіру жөніндегі тапсырмаңызға сәйкес жер алып, «Наурыз-СИМ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін құрдық. Бастапқы кезде қиындықтар болды. Жалақы төлей алмай, өнімдеріміз өтпей, көп кедергілерге тап болдық. Сіздің көреген саясатыңыздың арқасында барша қазақстандық шаруалар сияқты біздің жағдайымыз түзеле бастады. Ескі ет комбинатын сатып алып, мал сою цехын іске қостық. Ауылдастардың малын өткізетін орынның жоқ екенін ескеріп, биыл 3000 басқа арналған мал бордақылау алаңын аштық. Мақсатымыз – халықты жұмыспен қамту және облыс тұрғындарын етпен қамтамасыз ету, етті экспортқа шығару», – деді «Наурыз-СИМ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Ибрагим Сәрсенбаев.
Елбасы ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерімен емен-жарқын әңгімелесіп, саланы дамытудың өзекті проблемаларын алға тартты.
Жылыжай кешені және облыстағы ауыл шаруашылығы дамуының қысқаша нәтижелерімен танысқан Нұрсұлтан Назарбаев өңірдегі ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының жетекшілерімен кездесті.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың облысқа сапары бүгін әрі қарай жалғасатын болады. Мемлекет басшысының «Жастық! Жігер! Еңбек!» атты республикалық жастар форумына қатысуы жоспарланған.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ,
«Егемен Қазақстан».
Ақтөбе облысы.
Суреттерді түсіргендер
С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.