Шәкен апаны білгенімізге де 25 жылдың жүзі болса керек. Байырғы журналист, қазіргі баспасөз ардагері Тоқтарбек Қожановтың анасы. Сүйегі асыл әже бүгінде жүз жасағандардың қатарында. Дидарласа қалсаңыз, жүзінен жылылық еседі, жүрегіндегі мейірімімен аялайды.
– Мен Қарағанды облысының бүгінгі Қарқаралы ауданының Қу өңірінде 1914 жылы дүниеге келіппін, – деп бастады ол әңгімесін. – Кеңес өкіметі орнағанда әжептәуір естияр қызбын. Әкемнің орташа шаруасы болды. Мен кенжесі едім. Анам қайтыс болған. Әпкем ұзатылған. Әкем екеуміздің тыныш өміріміз кәмпеске басталғанда бұзылды. Халық толқып кетті. «Малдан айырылып не боламыз?», «Көнбегендерді итжеккенге айдайды екен» деген сияқты сөздер көбейді. Әкемнен де маза кетті. Бір күні «Семейге кетеміз, не де болса сол жақта көппен көреміз», деді. Өзіміздің жеңіл ат-арбамыз болатын. Сонымен жүріп кеттік. Үй-жайымыз, қорадағы бірлі-жарым мал қала берді.
Семейдің қаласындағы жағдай тіпті мүшкіл көрінді. Аш-жалаңаш адамдар босып жүр. Үкімет оларды пойызбен ішкі жаққа аттандырып жатыр екен. Біз де солардың ішінде кете бардық. Сібір жерімен ұзақ жүріп, Үркіт арқылы Улан-Удэге келіп жеттік. Осында вагон жөндеу зауыты салынып жатыр екен, соның құрылысына жұмысқа кірдік. Сонда Байкал көлінің балығымен жан сақтадық.
...Сол жерде болашақ күйеуі Рәп Қожановпен танысыпты. Ол да өзі сияқты босқын екен. Семейдің арғы жағындағы Еңірекейден келіпті. Екі жас тағдырдың жазуымен тұрмыс құрады. Алғашқы нәрестелері дүниеге келеді. Бірақ үлбіреген жас болғандықтан аналық тәжірибе жетіспеді ме, әйтеуір, шекесі торсықтай екі ұл да шетінеп кетіпті. Оның үстіне, тұрып жатқан жерлері де қайбір жетісіп тұрды дейсіз. Құрылыста жұмыс істеген көп отбасылар ұзын барак ішінде, арасы матамен шымылдықтап бөлінген бөлмелерде тұрыпты. Еш нәрсе жетіспейтін, ашқұрсақ, кедейшілік заман.
Содан отызыншы жылдардың соңына таман Рәп пен Шәкен елге қайтады. Рәп бұрынырақта Түрксіб теміржолын салуға қатысқан екен, бірден жұмысқа қабылданады. Сөйтіп, Аягөздің жанындағы Егіз-қызыл бекетіне стрелка бұрушы болып орналасады. Тоқтарбегі осында туыпты. Әкесі ырымдап, оның кіндігін балтамен кесіп, өлім тоқтасыншы, тірі болсыншы деп атын Тоқтарбек қойған екен.
Бұдан соңғы әңгімені қазір өзі де 77-нің жалынан ұстаған Тоқтарбек ағай жалғады: «Менің 3-4 жастағы кезім. Қыс іші. Кешкі мезгіл. Бекеттегі барак үйде тұрамыз. Жұмыстағы анамды зарыға күтіп, терезеден сыртқа қараймын. Сыртта алай-дүлей боран. Ештеңе жөнді көрінбейді. Жарығы жылтырап, қар тазалағышты ышқына тартқан паровоздың барылдаған дауысы еміс-еміс құлағыма шалынады. Сол теміржол табанын қардан аршып жүрген теміржолшылардың ішінде анашымның бар екенін білемін. Ол майданға аттанған әкемнің орнын басқан. Қаһарлы соғыс жылдарында ерлерінің орнын басқан әйелдер пойыздардың жүрісін тоқтатпай, қамтамасыз ете білді».
...Иә, сол бір сойқан соғыстың қасіреті бұл үйді де айналып өтпепті. Отағасы Рәптің қаза болғанын жеткізген қара қағаз аналы-балалы Шәкен мен Тоқтарбекті адаспай тауып, бірін жесір, екіншісін жетім етіпті. Қиыншылықты ер-азаматтай көтере білді. Кішкентай ұлы екеуі елбесіп-селбесіп өмір шырағын сөндірмепті. Сөйтіп жүріп Тоқтарбек ержетеді, мектепті бітіреді. Университетке сырттай оқуға түседі. Журналистік жолды таңдап, ұзақ жылдар аудандық газетте істеп, соның редакторы болады. Одан тәуелсіздік жылдарында теміржол саласының республикалық газетіне бас редактор ретінде басшылық жасап, сол арадан құрметті зейнетке шыққан.
Сонау қиын-қыстау, аласапыран заманда көз жазып қалған апасы табылғанда қуанғанын айтсаңызшы. Апалы-сіңлілілер 40 жылдан кейін бір-бірін тауып қауышқанда іштеріндегі запыран көз жасымен тоқтамай ағылып, қуаныштан егіліп еді-ау. Қолын жылы суға малған, бұрынғы көрген қиындығын ұмыттырып, рақат өмір кештірген, үйлі-күйлі болып немере сүйгізген, елдің салауатты азаматы болған Тоқтарбегіне риза.
Шәкен ана келе-келе ақ әжеге айналған. Немерелердің күтімін, тәрбиесін өз мойнына алды. «Балаларың – өскенше, немерелерің – өлгеніңше» дегендей, ақ әже үнемі немерелерімен бірге болды. Немерелердің үлкені Ержан институтқа түскенде қалмай, онымен бірге Алматыда тұрды. Кейін Маржан немересі Семейде оқығанда соның қасында болды. Жақын-жуықтар осы кезде Шәкен ананы Пушкиннің нянясымен теңестіретін. Ал қазір жүз жастан асқан кейуананы осы немерелері аялы алақанға алып, бағып-қағуда. Тоқаңның өзі бас болған немерелер ақ әженің қамқоры. Маржан Республикалық клиникада істейтін тамаша дәрігер болса, Ержаны қаржыгер. Олардан сүйген шөберелер қандай тәтті десеңізші! Жылы жүректі әзиз әже бұған да сүйініп, Аллаға шүкір айтып отырады.
Асыл әже қазір Алматының қақ төрінде Ержан немересінің қолында тұрады. Осы үйде шөберелері тоғысып, мәре-сәре болып жатады. Құдайға шүкір, әзір денсаулығы да сыр бере қоймапты. Өзім жиырма жылдың арысында, жетпістің мол ішіне кірген кезінде көргендегімдей, сондағы өңін де аса бере қоймаған. Жетпіс жетідегі ұлы Тоқтарбек айтады, анамыздың осынша уақытта, ес білгелі, не бір ашу шақырғанын, не біреумен ренжіскенін білген де, көрген де емеспіз дейді. Абзал жанды ақпейілділік деген осы емес пе. Соңғы жылдардағы көңілі жұбанған бір қуанышы, Ұлы Отан соғысының 70 жылдығы қарсаңында ұлы Тоқтарбек немересі Ержанмен бірге Ресейдің Орел облысынан майданда қаза тапқан өмірлік қосағы Рәптің сүйегі жатқан зиратты тауып, сонда тәу етіп, туған жердің топырағын салып қайтты. Ал ол жақтан атамекен Еңірекейдегі Майжапар қорымына топырақ әкеліп қосылды. Сөйтіп, соғыста шейіт кеткен жар рухы, әке рухы разы етілді.
Бүгінде 102-ге келіп отырған жылы жүректі Шәкен әже Қожановаға соңғы бір-екі жылда Алматы қаласының әкімдігі тарапынан да көңіл аударыла бастағандай. Мерекелерде құрмет көрсетіледі, арнайы келіп құттықтайды. Бір жолы Алмалы ауданының әкімі Серік Құсайынов өзі келіп, тоңазытқыш сыйлады. Қала әкімінің атынан ай сайын қосымша жәрдемақы берілетін көрінеді. Бұған қоса, өз ұрпағының перзенттік мейірім шуағымен аяланған Шәкен әже шүкір, тәубесін айтып, барша жұрттың амандығын тілейді. 102-дегі аналық жүректің әжелік ақ батасы осы.
Қорғанбек АМАНЖОЛ,
«Егемен Қазақстан».
АЛМАТЫ.