Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев даңқты балуан, еркін күрестің майталманы Әбілсейіт Айхановтың қайтыс болуына байланысты марқұмның жақындары мен туыстарына көңіл айту жеделхатын жолдады, деп хабарлады Президенттің баспасөз қызметі.
Мемлекет басшысы аты аңызға айналған балуан Ә.Айхановтың Қазақстан халқының мақтанышы болғанын атай отырып, көңіл айтты.
«Ол бұрынғы Кеңес Одағының ауқымында ғана емес, көптеген халықаралық жарыстарда жеңімпаз атану арқылы зор жетістіктерге қол жеткізген аса үлкен дарын иесі еді. Ә.Айханов өз жеңістері арқылы халқымыздың рухын көтеріп, жастардың спорттың осы түрімен айналысуына ықпал етті. Көптеген жас оған еліктеп саламатты өмір салтын ұстануға, қажырлы, қайратты болып өсуге талпынды. Білікті бапкер ретінде де көптеген даңқты спортшыларды тәрбиелеп өсірді. Спорттағы жетістіктері үшін құрметті атақтар мен марапаттарға ие болды», – делінген жеделхатта.
Соңында Нұрсұлтан Назарбаев Ә.Айхановтың есімі мен еңбегін қазақстандықтар ұмытпайтынын атап өтті.