10 Наурыз, 2016

Қайсар қазақ қыздары

639 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Полковник Эра Мухаметжанова

Прапорщик Лазиза ЕсембаеваОлардың құқық қорғау және әскери қызметтердегі еңбектері ұшан-теңіз

Қазақ болу, қазақ аналарының перзенті болу қандай ғажап. Қазақ қызы жайлы тағылымды бір шағын ғана мақалаға сыйдыру мүмкін емес. Олар жайлы жазылған, жазылар дас­тандар да бір сәтке де толастамайтыны ақиқат. Қазақтың қызы жау жағадан алғанда ерге сүйеніш, қиналғанда медет, ауырғанда шипа болды. Ер көтерген жүкті бөлісіп, тең ар­қалады. Тұмар, Домалақ, Қызай, Қарашаш аналарымыздың бір әулетке емес, қалың қазаққа ұран болғаны айдан түскен сәуледей шынайы шындық. Адалдық менің нақ атым деген қазақ қыздары қай кезде де өрлікпен қадам бас­ты, қажет болса, қамал алып, жау төбесіне ойран салды. Алаш жұр­ынан Мәншүк, Әлия, Хиуаз сынды аналарымыздың айбарлы батыр атануы да сол қазақ қызына тән өжеттіктің белгісі. Алғашқы кейіпкеріміз Эра Мұ­хаметжанқызы әйел тұрмақ тас бұзар ерлердің өзіне арман болған, әрі көптің қолына, кез келгеннің иығына қона бермес «полковник» деген жуан жұлдызды әскери шенге, погон таққан жан үшін баққа баланар сол үлкен дәрежеге қол жеткізген жан. Шынтуайтында, мұндай асуды алған қазақ қыз­дары да аз. Яғни, полковник дәрежесіне жеткен дегенім ғой. Тек мұндай мүмкіндікке қаракөз қарындастарымыздың ел тәуелсіздік алғаннан кейін қол жеткізе баста­ғанын айрықша атап өткеніміз жөн. Білуімізше, тәуелсіз еліміздің әскер тарихында нәзікжанды пол­ковниктердің ұзын саны жүздің үстінде. Эра Мұхаметжанқызының солардың қатарынан табылуына, әрине, жеке басының қарым-қабілеті, табандылығы мен жауапкершілігі септігін тигізгені сөзсіз. «Алма алма ағашынан алысқа түспейді» деген сөз бар. Тағылымды сөз. Эра Мұхаметжанованың құр­мет­тің көкжиегіне көтерілуінің бір қыры да тегіне тартқан тар­ланбоздығында жатқан болар. Әкесі Мұхаметжан ақсақал бү­кіл ауыл-аймаққа ғана емес, елге танымал азамат болды. Алматы облысының бұрынғы Кеген ауданындағы Жалағаш ауылында орта мектепті он бес жыл басқарып, талай түлекті түлетіп ұшырған ұлағатты ұстаз, білім беру ісінің үздігі еді. Анасы Жұмаш та мұғалім болып, 45 жыл бойы физика және математика пәндерінен сабақ берді. Ұстаздар отбасынан дарыған өнеге Эраның айналасын әрдайым нұрландырып қана қоймай, оның жұмысының жөнін біліп, білім-білігімен бөлісе жүретін үлкен жүректі жан ретінде қалыптасуына жол ашты. Иә, қылмыстық іздестіру бол­ған соң қылмыскермен күрес­тің алдыңғы шебіндесің. Атыс, тартыс, шабыс, кісі өлімі, қиянат, зорлықтың белгілері де күн сайын­ғы жұмыста ауық-ауық көрі­ніп отырары рас. Нәзік жанның бұл ортаға қалай шыдап, қалай икемделгенін өз аузынан естиік. «Адамды өмір өзі тәрбиелейді екен. Сонау тәуелсіздігіміздің елең-алаң шағы, 1995 жылы қызметке алғаш кіргенімде түрлі қылмыстың өршіп тұрған кезіне дөп келдік. Жан түршігеді, құйқаң шымырлап, жүрек лоқсиды, қатыгездікке қарап, жаның қарая­ды. Бірақ, соған сәйкес адам да қатаяды екен, шыңдалады екен. «Осыны істеген адамды тапсам, заң алдындағы жазасын берсем», деген іштей әділет үшін күрес адамды мақсаткерлікке жетелейтін көрінеді. Міне, қызметіміз ауыр болса да өстіп жүріп шыңдалдық. Шен үшін емес, ел үшін еңбек еттік», – дейді полковник Эра Мұха­метжанова. Бүгінде полковник ханым Ұлт­тық ұланның әскери полициясы бас басқармасында аға анықтаушы болып қызмет атқарады. Үш баланың анасы. Отағасы полковник Қанат Төлеңгітов Қазақстан әскери ғылым саласында өзіндік шоқтығы биік айтулы тұлғалардың бірі, көпке танымал профессор еді. * * * Келесі тоқталар кейіпкеріміз – прапорщик Ләзиза Есембаева. Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының Бас қолбасшылығында хатшылық басқармасында аға маман болып қызмет атқарды. Ол Омбыда оқыған, 1999 жылдан бері әскери қызметте болып, бірер апта бұрын ғана әскерде болудың шектеулі жасына толуына орай зейнеткерлікке шықты. Әрине, әйел адам үшін әскери жолды ең­серіп, құрметті демалысқа шығу да өмірдегі айтулы жетістіктің бірі болса керек. Бірақ, әңгіме мұнда емес, барлығымыз сол тәмсілді өмірдің мәніне айналдыра алып жүрміз бе, мәселе сонда. Құрандағы «Жақ­сылықта жарысыңдар» деген сөз­дің мәні сол. Ләзиза Есембаева болса, сол сөзді өмірінің басты ұс­танымына, өмірлік кемесінің желкеніне айналдырған әзиз жү­ректі жан. Ұрыспайды, орынсыз талап қоймайды, жөн-жосықсыз әңгімеге килігу, көлгірсу деген жоқ. Тек қызметіне берік, жауап­кершілігі мығым. Болмыс, жоға­рыда айтылғандай, қазақ қызына тән барлық игі нұрды жиған. Қысқаша, айтқанда нағыз қазақтың қызы. Біз бүгін кішкене ғана айтып өткен полковник Эра Мұхамет­жанова мен прапорщик Ләзиза Есембаева сынды қазақтың қайсар қыздары Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының әр әскери ұжы­мында баршылық. Бар болсын, көп болсын дейік. Өйткені, олар – өмірдің гүлі, дүниенің таусылмас жыры. Кеше ғана аталып өткен 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні мерекесіне орай Отан қорғау жолында толарсақтан сазға батып, етігімен су кешпесе де, анттарына адал, айбыны асқақ қазақтың осындай қыздарына ұзақ ғұмыр, отбасылық бақыт тілегім келеді. Арман ӘУБӘКІРОВ, майор. АСТАНА. Суреттерде: Э.Мұхаметжанова; Л.Есембаева.