Қазақ күресінің кеңестік кезеңдегі символы
Қазақтың өткен ғасырдың 60-шы жылдары басынан бергі күрес өнерін Әбілсейіт Айхановсыз көзге елестету мүмкін емес. Ол боз кілем үстінде атой салған жылдарында еркін күрестен Қазақстан чемпионы атағын 11 рет жеңіп алды. КСРО халықтары спартакиадасы мен Одақ біріншілігінде чемпион атанды, бір мәрте күміс жүлдеге қол жеткізді, бір кезек КСРО Кубогын иеленді. Сонымен қатар, 7 ірі халықаралық турнирде топ жарды. Кейін көптеген әріптес інілерін соңынан ертіп, шәкірттер тәрбиелеп шығарды. Ел алдындағы осындай ерен еңбегі үшін балуан спорт шебері, халықаралық дәрежедегі спорт шебері, еңбек сіңірген жаттықтырушы атақтарын алып, «Құрмет Белгісі» орденімен наградталды. Әбілсейіт Айханов сала қызметкері ретінде де елімізде спорттың дамуына орасан зор үлес қосты. Ол Қазақстан Ұлттық олимпиялық комитетінің мүшесі, Қазақ ұлттық күресі федерациясының президенті, Орта Азия мен Қазақстандағы қазақ күресі федерациясының вице-президенті болды. Алматы облысының құрметті азаматы атанды. Арамыздан қазақ күрес өнерінің нағыз қара нары, майталман шебері өтті. Онымен бірге біздің еліміз үшін тұтас бір дәуір болып көрінетін кезеңнің спорты да көшіп бара жатқан сияқты. Олай болатын да жөні бар. Күреспен дендеп айналысуға 1957 жылы кіріскен Әбілсейіт Айханов бір жылдан соң республиканың чемпионы дәрежесіне жетті. Ол Одақ деңгейіндегі мықтылар санатынан табыла бастаған 60-шы жылдардың басы еді. Бұл кезең спорттың алуан түрі бойынша қазақ ұландарының жарқырап көріне бастаған ең бір жарқын да жасампаз кезі-тін. Сол жылдарда бүкіл ел жеңіл атлеттер Ғұсман Қосанов, Әмин Тұяқов, Совет Исамбаев, боксшы Әбдісалан Нұрмаханов, балуан Амангелді Ғабсаттаров, хоккейші Қазбек Байболов, волейболшылар Октябрь Жарылғапов, Жәнібек Сауранбаев, Заңғар Жәркешев, футболшы Тимур Сегізбаев секілді қазақ жігіттерінің аттары мен атақтарына қаныға түсті. Аталған ақиықтардың бәрі ұлт спортының өсіп-өркендеуіне үлкен серпін әкелді. Осы үркердей топтың ортасында Әбілсейіт ағаның орны бөлек еді. Сондықтан болар, сол жылдары баспа бетінен көрінген жазушы Қалдарбек Найманбаевтың «Даңқ тұғырында» атты деректі хикаяты спортсүйер қауым мен қарапайым оқырманның қолынан түспейтін ең бір сүйікті кітабына айналды. Екі бөлімнен тұратын ол туындының бірінші бөлімі Әбілсейіт балуанның боз кілем үстіндегі белдесулері мен ой-толғамдарын тарқатып айтып беруге арналған-тын. Міне, осы кітаптың рухымен тұтас бір дәуірдің жас ұрпағы тәрбие алып шықты. Әбілсейіт ағаның өрнекті өмір жолынан өнеге алған қаншама қазақ ұланы күрес кілеміне қадам басып, республикада спорттың осы түрінің өркен жаюына атсалысты. Қаншама жас толқын саламатты тұрмыс салтын қалыптастыруға қалтқысыз еңбек сіңірді. Батыр балуан осылайша халқымыз санасына тұтас бір кезеңнің – кеңестік дәуірдегі қазақ күресінің символы іспеттес айрықша әсер етті. Қош бол, қазақ күресінің қара нары, туған халқымыздың адал перзенті! Ұлтымыздың намысы мен абыройы! Жатқан жерің жайлы, топырағың торқа болсын! Егеменқазақстандықтар.Аяулы азаматтан айырылдық
Соңғы айларда төсек тартып жатқан ағамыздың орнынан тұрып, оңалатынына кәміл сеніп едік. Бірақ олай болмады. Арсыз ажал аяулы жанды ортамыздан алды да кетті. Атқан оқтай заулаған уақыт көшіне көз ілесер ме? Күні кешегі ағаммен бірге боз кілемде өткізген дәуренді жастық шағым көз алдыма елестеп, жанарыма еріксіз жас толып отыр... Аяулы Әбекеңді күллі қазақ баласы қадір тұтып, пір санағаны есімде. Оны қалай ұмытайық! Біз екеуміз жер жәннаты – Жетісудың Сарқант аумағында бір өңірде дүниеге келдік. Атақ-даңқы дүркіреп тұрған нар тұлғалы ағамыз сол жылдары ауылға келгені бар. Сонда жастықтың қызуымен: «Аға, сіздің қол астыңызда күрессем», деп айтқан бір ауыз сөзімді жерге тастамай, қамқорлық жасап еді. Еркін күрес тарихында өзіндік із қалдырған Әбілсейіт Айхановтың айрықша өнеріне жаттығуға келген алғаш күннен аң-таң болып жүрдім. Белдескен балуанның барлығы еңкейіп, табанын жерге тіреп, тістесіп алыса кетер болса, Әбекеңнің бір ерекшелігі, тікесінен тік тұрып жүріп күресетін. Бағанадай болып тұрған қарсыласын алып ұрамын деген апайтөстердің талайы ағамыздың тізесінің астына қалай түсіп қалғанын білмей қалушы еді. Бір өкініштісі, кеңестік кезеңдегі шеттетудің салдарынан Әбекең әлемдік дәрежедегі сан жарыстан көпе-көрнеу шегеріліп келді. Бірақ, алып күш иесі өзінің қандай балуан екенін халықаралық турнир кезінде толық дәлелдеп шықты. Дүниежүзінің көптеген елін шарлаған еркін күрестің шебері сол мемлекеттердің ең таңдаулы күш иелерінің барлығының жамбасын жер иіскетті. Нағыз Қажымұқан дерсің! Күресе жүріп, Қазақстанның 11 дүркін чемпионы бола жүріп ағамыз өзінің ізін басқан інілеріне сиқырлы күрес әлемінің қыр-сырын жалықпай үйретті. Егер мен қазақтың атын шығарсам, ол тек қана аяулы Әбілсейіт ағамның арқасы. Аса аяулы азаматтан, ұлағатты ұстаздан айырылған қиын екен... Амал қанша, тағдырдың салғанына көнеміз де. Жатқан жерің жәннатта болсын, Ұстаз! Аманжол БҰҒЫБАЕВ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, еркін күрестен КСРО-ның екі дүркін, Қазақстанның 10 дүркін чемпионы.Ауыр қазаны есту де ауыр
Қазақ үшін ауыр қаза болды. Қайран, Әбекем! Жігіттің төресі еді ғой... Халқы сүйген, халқын сүйген ер азамат дүниеден өтті! Қадірлі Әбілсейіт Айхановпен бір ауылда бірге өстік, көрші тұрдық. Жіп-жіңішке ұзын жігіттің менен бес жастай үлкендігі бар еді. Әлі есімде, екі ауылдың арасындағы спорт жарысы қызып жатқан. Оның қорытындысы шығарылар соңғы сатысы болатын. Биіктікке секіруден көрші ауылдың кіп-кішкентай чешен баласы 1 метр 40 сантиметрді қарғып өтіп, бәрімізді «аһ» дегізді. Ендігі бар үмітіміз – Әбілсейітте. Айтқандай-ақ, Әбілсейіт Айханов 1 метр 47 сантиметрді бұйым көрмей секіріп өтіп, күллі ауылды алға шығарған. Иә, Әбекеңнің балуандыққа жеңіл атлетиканың жұлдызы бола жүріп келгенін екінің бірі біле бермес те?! Ол аудан бойынша қашықтыққа жүгіруден де алдына жан салмайтын. Күллі ауданның көрермені алақанын ысқылап, соңғы айналымда Әбілсейіттің жұлдыздай аққанын күтіп отыратын... Алматыға келгенде акробатикамен айналысты, еркін күреске кейін келсе де, әлемнің талай-талай балуанының тізесін бүктіріп, атағы шықты. Ауыр қазаны есту де ауыр болды. Күллі қазақ халқы спорт саласында ғасырда бір рет туар арыстай азаматымен қимай қоштасты. Әбекең бауырым, сондай жан еді... Алдынан жарылқасын! Шәкен КҮМІСБАЕВ, жазушы.Алатаудай асқақ, арыстандай айбарлы ағам-ай...
Қазақтың ертегі-аңызы мен жыр-дастанында түйе балуандар алысқанды алып та жығады, шалып та жығады. Әбекең біздің көз алдымызда тұп-тура осындай айрықша алапат күш иесі болып саналатын. Бала кезде, кейін боз кілемге шыққанда оның ізбасарлары тау тұлғалы ағамызды пір тұта жүріп қалыптастық. Сол кісіге қарап бой түзедік. Аяулы жанды әрбір көрген сайын, қауышып әрбір кездескен сайын өз басым бейне атақты Қажымұқан атамызбен ұшырасқандай күй кешіп арқаланып қалушы ем! Қайран, Әбекең ағам! Балпаң жүрісі, баянды тірлігі, батыр болмысы оның тұлғасын әрдайым шырқау биікке көтеріп тұратын. Қаншама қазақтың қарадомалағына үлгі болған ол кісі шынайы өмірде соншама баланы боз кілемге алып шықты. Солардың білегін шынықтырып, белін қатайтып, нағыз бәсекеге өз қолымен баптап қосты. Олар үшін маңдай терін аямады. Халықаралық ареналарда боз кілемнің шаңын қағып, қарсыласын тұқыртқан Әбілсейіт Айханов ағамыздың кешегі шәкірттері қазақтың намысын жыртты, еліміздің Туын көкке көтерді. Әбекең осылайша дүниеден халықтың құрметін арқалап өтті... Бақұл бол, жан аға! Жақсылық ҮШКЕМПІРОВ, грек-рим күресі бойынша қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы, Әлем кубогының иегері, кәсіпкер. АЛМАТЫ.