Парламент депутаттары С.Плотников, Қ.Айтаханов, Р.Әкімов, С.Біләлов, М.Жолдасбаев қатысқан Сенаттың Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің көшпелі отырысы Жамбыл облысында болды, деп хабарлады осы палатаның баспасөз қызметі.
Отырыстың негізгі тақырыбы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасының «жасыл экономикаға» көшуі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын талқылау болды. Жаңартылатын энергия көздері саласындағы жобаларды іске асырудың келешегі қаралды.
Отырыста Президенттің 2013 жылғы 30 мамырдағы Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының «жасыл экономикаға» көшуі жөніндегі тұжырымдамасын орындау аясында жаңартылатын энергияны пайдаланудың нақты нысанды көрсеткіштері және оған қол жеткізудің қадамдары белгіленді. 2020 жылы еліміздің жалпы энергетикалық теңгерімінде жаңартылатын энергия көздерінің үлесін үш пайызға жеткізу көзделіп отыр.
Сенаторлар сапар барысында Орталық Азия аумағындағы жаңартылатын энергия көздерінің ең ірі нысаны – қуаты 50 МВт «Бурное» күн-электр стансасында болды. Оның құрылысы аймақтағы электр энергиясының жетіспеушілігін елеулі түрде қысқартуға мүмкіндік берді. Электр стансасы ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесін ұйымдастыру аясында жария етілген «жасыл экономиканы» қалыптастыру мақсатына елімізді ілгерілетудің жақсы өнегесі болды.
Шараға Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Е.Манжуов, Энергетика министрлігі мен «Самұрық-Қазына инвест» ЖШС өкілдері, электр энергетика кәсіпорындарының басшылары қатысты.