10 Наурыз, 2016

Жұрт жанынан табылатын жан

747 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
МУРАТБАЕВ,КАЙЫПБЕРГЕНОсы бір ұзын бойлы, бидай өңді, қалың қасты, ілкі сәтте жүзі сұстылау болып көрінгенімен, тіл қатыса қалсаң жайдарыланып, әдемі әзілімен жаныңды жадыратып жіберетін кісіні қарасайлықтардың бәрі бірдей біледі. Өйткені, оның жұмысы әрдайым халықтың көз алдында, үнемі жұрттың жанынан көрінеді. Ұзақ уақыттан бері табан аудармастан Қарасай аудандық электр жүйесінде бас инженер болып келе жатқандығымен, әрине. Жай ғана бас инженер емес, өз ісінің шынайы шебері атанған, өз жұмысының бүге-шүгесіне дейін бес саусақтай білетін, қыр-сырына терең бойлап, қажетті кезінде «аударып-төң­керіп» тастап-ақ, жөндеу, жөнге келтіруді ұтымды ұйымдастыра алатындығымен де, әрине. Бүкіл бір аумақтың үстімен де, астымен де тәртіппен тартылып, мемлекеттік мекеме, кәсіпорындардың, өндіріс орындарының жұмысын жүргізіп «қозғалысқа келтіретін», әр­бір жеке үйдің жарығын жағып, басқа да тұр­мыстық қолайлы жағдай жасап отырған жүздеген шақырымға созылған электр желілерінің қай жері қалай екеніне жетіктігімен де, әрине. Міне, энергетиканың майын ішкен маманы дерліктей Қайыпберген Мұрат­баев осындай оң ісі көп орнықты жан. Мұндай азаматтың атына жылы лебіз білдірмеу, есімін өстіп ерекшелеп атамау жөн болмас еді-ау деп ойлаймыз. Бұғанасы қатпаған кішкене кезінен-ақ ерінбей еңбек етуге ұмтылып, қай жұмысты да тындырымды атқаруға тырысқан Қайыпберген аға жастайынан шынығып, шымыр болып өскен. Ауылда ми қайнатарлықтай аптап ыстықта да, бораны соққан аязды күндерде де үлкендерге ілесе жүріп жан аямай жұмыс істеп, терін төккен. Қысқасы, өмірдің өзі де шынықтырып нағыз еңбекқор, табанды, төзімді болып қалыптастырды. 1944 жылдың 1 маусымында Кеген ауданы (қазіргі Райымбек), Тоғызбұлақ ауылында дүниеге келген ол 1961 жылы Жалаңаштағы қазақ орта мектебін бітіріпті. Сол жылдың жаз айында комсомолдық жолдамасын қолына ұстап, Ақтоғай ГЭС-інен бір-ақ шыққан. Бұл Қақаңның одан кейінгі еңбек жолына, өмірлік кәсібін таңдауына айрықша ықпалын тигізген оқиға болып еді. – Ақтоғай ГЭС-інің басшысы Жанат Дүйсенбаев өте білгір, іскер адам еді, – дейді Қайыпберген аға. – Сол сияқты Мәскеу энергетика тех­никумын бітірген, кейін қызметі өсіп жоғарылаған шеберіміз Орысбек Нүсіпов те мықты маман болатын. Екеуінен алған үлгі-өнегем аз емес. Ол кезде арнаулы техника да, киім де жоқ. Сақылдаған сары аяздың өзінде бортты машинаға отырып, электр желісін жөндеуге тартынбай тартып кететінбіз. Дәл осы жерде екі жыл жұмыс істеп, электромонтер мамандығына берік бейімделіп, осы іспен шынымен шұғылдануға белін бекем буған. Сөйтіп, Алматыдағы Қазақ ауыл­ша­руашылық институтының электрофикация факультетіне түскен. Ол кезде өзіміздің қазақ балаларының мұндай оқуға аса ықыласы болмағанын ес­кер­сек, жас Қайыпбергеннің бұл батылдығы, тіпті, батырлығы да еді. 1967 жылы институтты бітіріп біл­дей инженер-электриктің дипломын алып шыққан ол Кеген аудандық электр жүйесінде, ауданаралық электр жүйесінде шебер, аға шебер, өндірістік бөлімінің бастығы, Кеген учаскесінің бастығы болып істеген. 1974-1988 жылдары Балқаш аудандық электр жүйесін басқарып, онан кейін Қарасай ауданына ауысыпты. Мұнда алдымен мастер болған, техникалық бөлімге жетек­шілік еткен, ал, бүгінде бас инженер. Жыл сайын өтетін электромон­терлердің облысаралық, рес­пуб­ликалық бәсекесінде қарасай­лықтар үнемі топ жарып келеді. Ал, жедел жөндеу топтары арасындағы жарысқа жігіттерді жақсы баулып, байыпты бастап барып келіп жүрген де нақ осы кісі. Мәселен, Қарасай аудандық электр жүйесінің командасы, соңғы уақыттарда рес­публикалық жарыста бүкіл Алматы облысы атынан сынға түсіп, үлкен жеңіске жетіп жүрді. Сөйтіп, бірінші орынды иемденіп, бір-екі рет бәйгеге тігілген «ГАЗель» автомашинасын алып қайтқаны да бар. – Жалпақ дүниедегі қай ел, қандай мемлекет болсын, ешбірінің энергия көзінсіз тынысы терең ашылып, тіршілігі адымдап алға бас­пай­ды, – дейді Қайыпберген аға мақ­тана сөйлеп. – Яғни, ешқайсысы да даңғыл жолға түсіп дамымайды, өрісін кеңейтпейді, өркендеп өспейді. Ал, қазіргі замандағы ең негізгі энергия беріп, бәрін «жүгіртіп жүргізетін» күштің электр қуаты екені белгілі. Ендеше, жұмысымыздың мәні үлкен, маңызы зор. Жалпы, энергетиктердің арасында жұмысы шала, босаң, бос белбеу адам жүрмеуі тиіс. Өйткені, тоқпен ойнауға болмайды. Сондықтан біздегі тәртіп әскери тәртіпке келің­кірейді. Тапсырма дәл, нақты беріліп, орындалуы қатаң бақыланады, қатты сұралады. «Алатау жарық компаниясы» акционерлік қоғамының құ­рамына кіретін кәсіпорынымызда 192 адам бар, олар электр қуатын тарату және оны ысырапсыз пайдалану жолында жұмыла еңбек етуде. Қатаң тәртіп дегеннен шығады, Қақаңның өзімен және жұмысымен танысу барысында ол кісінің әскери адамға тән қаталдау мінезін, өктем сөйлеп, өткір сөз айтатынын, тәртіпті, реттілікті, тиянақтылықты сүйетінін, өзінен де, өзгеден де осыны талмай талап ететінін байқадық. Ал, жай кездері үлкенмен де, кішімен де құрдасындай қалжыңдасып, ақкөңілділікпен ашық-жарқын жүретінін аңғардық. Бұл да дұрыс-ау. Жұмыстағы қату қабақ қаталдықты тірліктің басқа жаймашуақ кезіне жетелеп әкелгеннен не ұтасың? 2011 жылы «Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының еңбек сіңірген электригі» атағын алған, сондай-ақ, «Қазақстан Республикасының ардагер энергетигі» атанған, Президенттің Алғыс хатының иегері, «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне – 20 жыл» мерекелік медалімен мара­патталған, Алматы облысының құр­метті азаматы Қайыпберген Мұрат­баевтың еңбегі, расында да, елеулі, ісі жемісті, жұмысы нәтижелі, ал, отбасында ынтымақ, береке, бірлік бар. – Кешегі кеңес өкіметі кезінде «Еңбек – ер атандырады», «Адам ең­­бегімен көрікті», «Беделді сақ­тайтын берекелі еңбек» деп еңбек адамын төбемізге көтеріп, төрімізге шығарушы едік, – дейді Қайыпберген аға сөз соңында. – Алайда, кейінгі кейбір кездерде адал еңбектің қадірі кетіп, құты қашқаны да рас қой. Оның орнына іскер, ілкімді екен, кә­дімгі кәсіпкер екен деп бірді алып, бірге салатын, сауда-саттық жасап қана пайда табатындарды ғана марапаттап майдаланып кетіп едік. Әрине, тірлікте бұл да керек. Бірақ, шынайы еңбектің шырайын кіргізе алмай жүргенімізде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осыдан екі-үш жыл бұрын елдің бетін тағы да жақсы жаққа бұрды ғой. Менің бұл жерде айтпағым, Нұрекеңнің «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты аса маңызды мақаласы. Ол қоғамға үлкен қозғау салды, ел­дің сенімін күшейтті, еңбек адамын қадірлеу, көтермелеу керектігіне көз жеткізді. Мен осыған қуанамын! Өйткені, тек еңбек арқылы, тер төге жұмыс істеу арқылы ғана берекеміз артып, мерекеміз көбейеді. Халықтың жағдайы жақсарып, адамдардың еңсесі көтеріледі. Тұрмыс-тіршілікке меңзеп айтатын болсақ, қазаның үнемі қайнап тұрады, қатарың қашанда асқа толы дастарқаныңа кешікпей келеді, балаларың тоқ, қайғың жоқ болады... Білімді азамат, білікті маман, тәжірибелі энергетик, тәлімді әке, ар­дақты ата өте дұрыс айтады, бұған біздің титтей де қосып-аларымыз жоқ. Берікбай ҚАДЫҚОВ, журналист.  Алматы облысы, Қарасай ауданы.