Қарағанды қаласында «Бірлік» саяси партиясының мүшелері кен-шахта жабдықтарын жөндеумен және қызмет көрсетумен айналысатын «Құрылыс Мет» компаниясының ұжымымен кездесті. Партия өкілдері өндірістік цехтарды аралап, кәсіпорынның бүгінгі тыныс-тірлігімен танысты.
Кездесу барысында партия төрағасының орынбасарлары Болат Байқадамов пен Бауыржан Бөрібек «Бірлік» партиясының сайлауалды бағдарламасы туралы баяндап берді. Жалпы, аталған партияның басты мақсаттарының бірі – шағын және орта бизнестің дамуы мен кең өріс алуына жағдай жасап, елімізде әлеуметтік мұқтаждықтардан ада орта таптың қалыптасуына игі ықпал ету. Партия өкілдері өз сөздерінде көбіне осы міндеттерді әңгіме арқауына айналдырып, мұндай игі істерді қалайша және қандай жолдармен жүзеге асыруға болатынын егжей-тегжейлі түсіндірді.
«Бірлік» саяси партиясы «Таза Қазақстан үшін» болашақ экологиялық қозғалыстың бастамашысы ретінде өзінің табиғатты қорғау қызметін Қарағанды сияқты ірі өнеркәсіпті өңірден бастап отыр. Заманауи, экологиялық таза технологияларды енгізу ресурстарды сақтап қана қоймай, өнеркәсіпшілердің жұмысын қауіпсіз етеді, бүкіл тұрғындардың өмірі үшін бұдан да қолайлы жағдайлар жасайды», – деді партия төрағасының орынбасары Бауыржан Бөрібек.
Рас, Қарағанды облысы – еліміздің индустриялық тірегі. Бұл өңірде «АрселорМиттал Теміртау», «Қазақмыс» корпорациясы» сынды аса ірі өндіріс ошақтары, шағын және орта бизнестің өндіруші кәсіпорындары шоғырланған. Сол себепті де, «Бірлік» партиясы өзінің өңірлердегі сайлауалды кездесулерінің бірін кеншілер астанасында өткізіп отыр.
«Бірлік» партиясының Қарағанды облыстық филиалының төрағасы Серікбол Әбжанов КСРО кезінде салынған көптеген өнеркәсіп орындарының халықаралық экологиялық нормалар талаптарына сай келмейтінін тілге тиек етті. «Мемлекет басшысының экономика саласын кең көлемде индустриялық-инновациялық реформалау бойынша берген тапсырмалары аясында еліміздің барлық ірі өнеркәсіп кәсіпорындарының жұмысы табиғатты қорғау жүйесіне ауыстырылады. Міне, осы тұрғыдан алғанда «Бірлік» партиясы экономиканы жүйелі және жан-жақты экологияландыру, кәсіпорындарда қалдық қалдырмау және басқа да «жасыл» технологияларды енгізу мақсатын қойып отыр», – деп атап өтті ол.
Кездесу барысында «Бірлік» партиясы өкілдері мен компания қызметкерлері арасында сұрақ-жауап негізінде өзара түсіністік тұрғысындағы әңгіме өрбіді.
Қайрат ӘБІЛДИНОВ,
«Егемен Қазақстан».
ҚАРАҒАНДЫ.