Еліміздегі Парламент Мәжілісі және барлық деңгейдегі мәслихаттар сайлаулары науқанына Жалпыұлттық социал-демократиялық партияның да қатысып жатқаны белгілі. Олардың Мәжіліс депутаттығына 23 үміткер ұсынғаны да баршаға мәлім. Олар жер-жерде үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп келеді.
Партияның Мәжіліс депутаттығына кандидат етіп ұсынған төрт белсендісі – экономика ғылымдарының докторы Жангелді Шымшықов, «Кенесары хан» қоғамдық қорының жетекшісі, партия мүшесі Уәлихан Қайсаров, блогер Аслан Құрманбаев және партияның Қостанай облыстық филиалының төрағасы Сергей Богатырев Қостанай облысы жұртшылығымен кездесті.
Кездесу алдында Қостанай облыстық филиалы сайлаушыларға партияның «Социал-демократ» газеті мен сайлауға шақырған үнпарақтар таратты. Партия белсендісі, Мәжіліс депутаттығынан үміткер Жангелді Шымшықов алдымен сөз алды. Ол еліміздегі сайлау науқанына қатысып жатқан саяси партиялардың қай-қайсысы да қоғамның дамуын, мемлекеттің өсіп-өркендегенін көздейтінін және «билікке батырып айтамыз» дегенмен де биліктің де, Жалпыұлттық социал-демократиялық партияның да илегені бір терінің пұшпағы екенін атап өтті.
Ол Қазақстан және дүниежүзі экономикасындағы қалыптасып отырған жағдайға шолу жасады. Шешен экономикадағы шикізат өндірудің үлесін азайтып, өңдеу саласын дамытуға көп мән беру керектігін айтты. Өңдеу кәсіпорындарын дамытудың арқасында үлкен табысқа жетуге болатынын көлденең тартты. Бірақ мұны айтуға оңай болғанымен, жүзеге асыру үшін көп күш-жігер жұмсау керек болатынын да жасырмады. Сонымен қатар, Жангелді Ерденұлы әр мемлекет үшін экономиканың басымдық беретін саласы, тіпті, өндіретін өнім түрі болуы керектігін айтты. Қазақстан үшін басымдық берілетін сала ауыл шаруашылығы, яғни мал, егін екенін білдірді.
– Ұлан-ғайыр жер мал шаруашылығын да, егін шаруашылығын да дамытуға мол мүмкіндік береді. Ауыл шаруашылығы өнімдерін сыртқа шикізат күйінде сатпай, өңдеу ісін дамыта беруіміз керек, – деді Ж.Шымшықов.
Мұнан кейін сөз алған блогер А.Құрманбаев еліміздегі құқық қорғау, сот жүйесіндегі ашықтық пен мөлдірлікті әлі де дамыта түсу керектігіне тоқталды. Ал партия белсенділерінің бірі У.Қайсаров алдымен залда облыстық ішкі істер басқармасының басшысы Жанділда Мақановтың, тағы басқа да әкімшілік қызметкерлерінің отырғанын байқап, «бұл – демократияның көрінісі» деп ризашылық білдірді.
Мұнан кейін Жалпыұлттық социал-демократиялық партия белсенділері мен қостанайлық сайлаушылар арасында экономика, әлеуметтік мәселелер жөнінде сұрақ-жауап әңгіме өрбіді.
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА,
«Егемен Қазақстан».
ҚОСТАНАЙ.