Халықаралық әйелдер күні мейрамы қарсаңында, яғни наурыздың 7-8-і күндері Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясы бірқатар белсенді жұмыстар атқарды. Мәселен, Астанада «Ақ жолмен» жолымыз бір» деген ұран аясында автошеру ұйымдастырылып, партия төрағасы нәзік жандарды арнаулы мерекемен құттықтады.
Естеріңізге сала кетсек, өткен аптада сайлауалды науқан кезіндегі үгіт-насихат жұмыстары аясында «Ақ жол» партиясының өкілдері А.Тұртаев пен А.Қожамбетов Қызылорда қаласындағы ірі сауда орындарының бірі – «Жайна» сауда үйінде болып, кәсіптерін дөңгелетіп отырған жеке кәсіпкерлермен және сауда жасауға келген тұтынушылармен жүздескен еді. Кездесуде ақжолдықтардың қоғам үшін жаңа мүмкіндіктерді қалыптастыру жөніндегі бағдарламасы сөз болды.
Атап айтқанда, А.Тұртаев V шақырылымдағы Парламенттегі «Ақ жол» партиясы фракциясының атқарған жұмыстарына қысқаша шолу жасап, партияның жеке кәсіпкерлер үшін салықтық есептілік бойынша, егер де аталған есептілік мемлекет бюджетіне тікелей залал келтірмесе, айыппұлды жою сияқты сайлауалды ұстанымдарын кездесуге жиылған көпшілікке жеткізді. Сонымен қатар, жұмыспен қамту жүйесін дамыту және жұмыссыздықты азайту туралы толыққанды мәлімет берген болатын.
Ал осы аптаның басында «Ақ жолдың» туын желбіреткен 30 шақты автокөлік тізбегі партияның Орталық кеңсесінен шығып, елорда көшелерінде шеру жасады. Аталған шеру партияның сайлауалды штабының үгіт-насихат шаралары барысында болып өтті. Оған Парламент Мәжілісі депутаттығынан үміткерлер Қазыбек Иса, Серікбай Тәшенов, Берік Дүйсембинов, Мақсат Раманқұлов, Асқар Смағұлов, Меруерт Қазбекова, Әбдіразақ Сұлтанов және «Ақ жол» ҚДП Астана қалалық филиалының белсенділері мен партия төрағасы қатысты.
«Мұндай автошеруді біз өткен сайлау науқанында да ұйымдастырған едік. Бұл үдеріс бүгінде дәстүрге айналып келеді. Біз халқымыздың келешегі жарқын болғанын қалаймыз. Сондықтан да «Ақ жолмен» жолымыз бір» деп аталатын автошеруімізді қазақстандықтарға арналған игі тілекпен бастап отырмыз», – деді партия төрағасы Азат Перуашев. Сонымен қатар, партия төрағасы әйелдерді көктем мерекесімен құттықтап, жүздеген қазақстандық нәзікжандыларға музыкалық бейнеролик жолдады. Онда Н.Әлімқұловтың өлеңіне жазылған М.Сағатовтың «Алматым менің» әнін Азат Перуашев пен Жеңіс Сейдоллаұлы орындайды.
«Ақ жол» партиясының Орталық кеңсесінің сайлауалды штабында бейнероликтің тұсаукесер рәсімі өтіп, ақжолдықтар әйелдер қауымына мол бақыт, зор денсаулық тіледі.
Эльмира МӘТІБАЕВА,
«Егемен Қазақстан».
АСТАНА.