10 Наурыз, 2016

Атыраудағы ақжарма кездесулер

315 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
пойыз-1Бүкіл әлем Халықаралық әйелдер күні мерекесін атап өткен күні таңа ата Атырауға «Мәңгілік Ел» әлеу­меттік пойызы маңдай тіреді. Пойыз құрамын­дағы әр сала өкілдерін облыс әкімінің орынбасары Шың­ғыс Мұқан бастаған жергілікті билік өкілдері қарсы алды. Теміржол вокзалы ал­дында «Ән шеру» атты пат­риоттық әндер шырқалып, шағын митинг те өткізілді. Онда «Мәңгілік Ел» әлеу­меттік пойызының штаб жетек­шісі Әміржан Әл­пейісов ел өңірлерін ара­лау­­да­ғы мақсаттың негізгі басым­­дық­­тарына тоқтала келіп: «Біз­дің пойыздың құрамын­да 30-ға тарта медицина қызметкері бар. Олар тек қабылдау жүргізіп қоймай­ды, сонымен бірге, жолда­ма береді. Квота алу мәсе­лесіне де көмектеседі. Олардың арасында жергілікті жерде кездеспейтін кардиологтар, онкологтар, балалар дәрігерлері бар. Бұлар­дың бәрі де шетелдерде тағы­лымдамадан өткен, жаңа технологиялармен жұмыс істеуді меңгерген, қазір Астана мен Алматыдағы клиникалар мен ғылыми орталықтарда жұмыс істейтін білікті мамандар. Пойыз құрамында осылар секілді әр салалық министрліктердің білікті мамандары да кеңес береді», – деп мәлім етті. «Мәңгілік Ел» әлеуметтік пойызы құрамындағы салалық министрліктер өкілдері топ-топқа бөлініп, өздеріне жүктелген міндеттерін атқаруға кірісті. Мәселен, 30-ға жуық білікті маманнан құралған дәрігерлер тобы «Теміржол госпиталі» АҚ ауруханасында әртүрлі сырқаты бар жергілікті тұрғындарды қабылдап, кейбіріне дәрігерлік кеңестер берді. Ал пойыз жетекшісі Ә.Әл­пейісов бастаған топ Атырау мұ­най және газ институтының студенттер сарайы­на жиналған өңір жастарымен жүздесті. Мұнда жоғары оқу орындарында оқитын студент-жастардың қатысуымен «Менің жетістіктерім –Тәуелсіздік жетістіктері» атты акция өтті. – Ата-бабадан қалған ұлан-ғайыр Ұлы Дала елінің келешегі ұлттық құндылықтарынан тәлімді тәрбие алған білімді, білікті жас­тарымыздың белсенділігімен кемелдене түседі. Шүкір, еліміз тәуелсіздік алғалы бері жан-жақ­ты өркендеп, әлемге танылды. Со­ның ішінде, жастарымыздың шетелдердегі таңдаулы университеттерде білім алуына да кең жол ашылды, – деді «Мәңгілік Ел» әлеуметтік пойызының же­текшісі Ә.Әлпейісов. – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ұстанар басты саясаты – елімізді әлемдегі дамыған 30 елдің құрамына қосу. Бұл үшін, әрине, отандық экономиканы әртараптандыра өркендете беру болса, оған жастардың да қосатын үлесі мол болуы тиіс. Мұнайлы өңірдегі 17 эт­но­­мәдени бірлестіктің бас қоса­тын ортақ шаңырағына ай­налған Достық үйінде мемлекеттік этносаясат мәселелері мен қоғамдық келісімді, төзімділік мәдениетін және ұлтаралық қатынастарды қалыптастыру мәселелері бойынша семинар-тренинг өтті. Этномәдени бірлестіктердің қа­ты­суымен «Мәң­­­гілік Ел – Бола­шағы бір­тұ­тас ұлт» атты лекция-таныс­ты­­рылымның ма­ңызы тіп­тен ай­рықша деуге болады. «Қа­зақстан – көпэтносты бір ша­­ңырақ астында тоғыстырған, сонымен бірге, бірлігі мен дос­тығы нығайған мемлекет» деп өңірдегі этномәдени бірлестіктер өкілдерімен кездесуде ой түйін­деген әлеуметтік пойыз жетекшісі Ә.Әлпейісов Атырау облысының кітапхана жүйесіне ондаған кі­тапты тарту етті. Оның ішінде сирек кітаптар да бар. – Мұндай кітаптар еліміздің тарихын, Қазақстанды мекен еткен өзге де этностар тарихын тереңірек білуге мүмкіндік береді, – деді ол. Сонымен бірге, әлеуметтік пойыз құрамындағы салалық ми­­нистрліктер өкілдері зия­лы қауыммен де, іскер топ өкілдерімен де ақжарма кездесулер өткізді. Мәселен, жұмыс­қа орналасу мен әлеуметтік әріп­тестік, мемлекеттік қызмет ұсы­­ну мәселелері бойынша кеңес, мемлекеттік сатып алуды ұйымдастыру бойынша тапсырыс берушілермен семинар ұйымдастырылды. Ә.Әлпейісов мәлім еткендей, «Мәңгілік Ел» әлеуметтік пойызының өңірлерді аралаудағы мақсаты – халықтың мәселелерін шешуге атсалысу. Кеше «Мәңгілік Ел» әлеу­меттік пойызы Мақат ауданында кездесулер өткізіп, Ақтөбе облысындағы Шалқар ауданына аттанып кетті. Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ, «Егемен Қазақстан». АТЫРАУ. Суретті түсірген Рахым ҚОЙЛЫБАЕВ.