Байланыс және ақпарат министрлігінің «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін басып шығару» бағдарламасы бойынша жарық көрген аталмыш жобаның жетекшісі және жалпы редакциясын басқарған – Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті журналистика және саясаттану факультетінің деканы, Журналистика мәселелерін зерттеу институтының директоры, профессор Намазалы Омашев екенін де айта кетсек дейміз.
10 томдық еңбектің алғашқы 4 томында бұрын еш жерде жарияланбаған «Шолпан», «Жас Түркістан» журналдарындағы жарияланымдар топтастырылған. Тұңғыш рет көпшілік назарына ұсынылып отырған әр томның көлемі 22 баспа табақтан тұрады. «Алаш көсемсөзі» сериясымен жарық көрген 4 томдықтың 3-4-томында, сондай-ақ Алаш қайраткері Мұстафа Шоқайдың бас редакторлығымен 1929-1939 жылдары Францияда, Берлинде шыққан «Жас Түркістан» журналында жарияланған ұлттық тәуелсіздік, ел мен жер мәселесі, ғылым-білім, тіл туралы және тағы басқалар жайлы көсемсөздер енгізілген. Осыған дейін Мұстафа Шоқайдың жеке-дара мақалалары ғана қарастырылса, бұл томдарды шығарушылар «Жас Түркістандағы» жарияланымдарды тұтас жарыққа шығаруды мақсат етіпті десек, сол кездегі түркі халықтарына ортақ шағатай тілінен материалдарды кириллицаға аудару үшін де талай еңбектің сіңгені белгілі.
Намазалы Омашев өз сөзінде: «Осыған дейін Алаш әдебиеті, Алаш тарихы, Алаштың саяси көзқарасы біраз зерттелген. Ал енді Алаштың публицистикасы, Алаш көсемсөзі осыған дейін үлкен еңбек болып шыққан жоқ. Яғни, бүгінге дейін Алаш баспасөзі журналистика тұрғысынан зерттелмеген. Журналистика мәселелерін зерттеу институты ашылғаннан кейін, осы іске бел шешіп кірісуге тура келді. Жалпы, «Жас Түркістан» – біртұтас Түркістан тәуелсіздігі идеясын көтеріп, бүкіл түркі жұртының азаттығы үшін күрескен басылым. Бар ғұмырын «азат және біртұтас Түркістан құру» идеясына арнаған және сол жолда тынбай күрескен алаштың ардақты азаматы Мұстафа Шоқайдың өмірі мен саяси қызметі осыған дейін біршама зерттелген. Десе де, Мұстафа Шоқайдың мол мұраларының арасынан осы уақытқа дейін қалтарыста қалып келе жатқан бір мәселе бар болатын. Ол – эмиграциядағы Мұстафа Шоқайдың Париж бен Берлинде 1929 жылдың желтоқсанынан 1939 жылдың қыркүйегіне дейін, яғни 10 жыл бойына шығарып тұрған «Жас Түркістан» журналы. Оның түпнұсқасы еліміздің бірде-бір кітапханалары мен мұрағаттарында жоқ. Бізге белгілісі – «Жас Түркістан» басылымының барлық сандары Нью-Йорктегі Колумбия университетінде, Анкарадағы Аяз-Тахир Түркістан Еділ-Орал қоғамының кітапханасында сақталған. Америкадағы нұсқасына айтарымыз – Мұстафа қазасынан кейін оның кітаптары Париждегі музейде сатылымға шығарылады. Міне, осы кезде кейбір жеке кітаптарымен бірге осы «Жас Түркістанның» Мұстафа қолындағы сақталған 10 томдық түпнұсқасын да Колумбия университеті сатып алған. «Жас Түркістанның» бұл сандарында Мұстафаның араб жазуындағы қолтаңбалары, керек жеріне жасаған түсініктемелері мен жазбалары бар», – деп ойын түйіндеді.
Сондай-ақ 1922-1923 жылдары Ташкентте жарық көрген «Шолпан» журналы Өзбекстанның мемлекеттік мұрағаттарынан көшіріліп алынғандығы айтылды.
Арай ҮЙРЕНІШБЕКҚЫЗЫ.