11 Наурыз, 2016

Қазыналы өңірдің сенімді қадамдары

395 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін
10-03-01Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Ақтөбе өңіріне келген жұмыс сапарының екінші күні еліміздегі кешенді мұнай кәсіпшілігі қондырғыларын шығаруға мамандандырылған ірі кәсіпорын – «Ақтөбе мұнай қондырғылары зауыты» АҚ-та болды. Бұл зауыт елімізде сорғы штангаларын шығаратын бірден-бір ірі кәсіпорын болып табылады, еліміздің мұнай қондырғыларына деген сұранысының 86 пайызын қамтамасыз етеді және Өзбекстан мұнай компанияларына жабдықтар жеткізеді. Кәсіпорын өз өнімдерін экспортқа шығару жолдарын да қарастыруда. Дағдарыстан – дамуға! Елбасы, сондай-ақ, осы арада үл­гілері қойылған «Каспий плюс» «Ақтөбе рельс арқалығы зауыты», «Светоком», «Евразметалл» жау­ап­кершілігі шектеулі серіктес­тік­тері өнімдерімен танысты. Бұл кәсіпорындар дағдарыс жағ­дай­ында да дамуды қамтамасыз етіп отырған өндіріс орындары болып табылады. Аймақ басшысы өңірдің әлеу­меттік-экономикалық жағдайы туралы баяндай келіп, өңірдегі ат­қа­рылып жатқан жұмыстар мен игілікті ізденістерге тоқталып өтті. Об­лыста жұмыссыздық деңгейі өскен жоқ. Әлеуметтік маңызға ие азық-түлік бағалары, еңбек қаты­нас­тарына қатысты мәселелер ба­қы­лауда ұсталуда, оларды оң ше­­шудің сәтті қадамдары қалып­тасуда, – деп мәлімдеді Бердібек Мәш­бекұлы. Аймақ басшысының айтуын­ша, өткен жылы облыстағы са­лық салынатын база 1,4 мил­лиард теңгеге артқан. Үстіміздегі жылы тағы да қосымша 2 мил­лиард теңге табу көзделуде. Бұған қоса, биыл 2,3 миллиард теңге оңтайландырылады. Соның ішінде барлық әлеуметтік нысандар газбен жылытуға, мемлекеттік мекемелер автокөліктері сығымдалған газға көшіріледі. Бұл жылына 0,5 миллиард теңге үнемдеуге мүмкіндік береді. Ірі компаниялардың әлеуметтік жауапкершілігін арттыру бойынша белсенді жұмыс жасалып жатыр. Мысалы, өткен жылы табиғат пайдаланушылар облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы­на 3,1 миллиард теңге бөлген. Үстіміздегі жылы бұл көлем 4,4 миллиард теңге болады деп болжануда. Өңірде мемлекет және жеке­меншік әріптестігі аясында 29 жо­баны жүзеге асыру бойынша жұ­мыстар атқарылуда. Олардың қа­тарында медициналық жедел жәрдем бекетінің құрылысы, қала­лық стоматологиялық емхана, офтальмологиялық аурухана, оқу­шылар сарайы, 10 балабақша, 3 емхана, 1 аурухана және басқа ны­сандарды атауға болады. Бер­дібек Сапарбаев Елбасына өңір­де мемлекеттік үдемелі ин­дус­триялық-инновациялық мем­лекеттік бағдарламаны жүзеге асыру барысында құны 49 миллиард теңге тұратын 10 инвестициялық жоба жүзеге асырылатынын және 700-ге жуық жұмыс орны ашылатынын хабардар етті. Шетелдік инвесторлар қатты тұрмыстық қалдық өңдеу, бензол, никель-кобальт концентраты өндірісін, цемент зауытының және басқа құрылыстарды салуды көздеуде. Облыста импорт алмастыру бойынша инвесторлар анықталды. Өңірде шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту бойынша белсенді жұмыстар жүргізілуде. Биылдың өзінде кәсіпкерлікті шағын несиелеуге 4,5 миллиард теңге бөлінді. Бұл – өткен жылғы көлемнен 3,6 миллиард теңгеге артық. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев дағдарыс жағдайында да өңірдің экономикалық-әлеуметтік да­муын, тұрақтылық пен татулықты қамтамасыз етіп, ілгерілетуге бағытталған ізденістерге ұйытқы болып отырған аймақ басшысының жұмысына оң баға берді «Ақтөбе мұнай қондырғылары» зауыты шығаратын өнім үлгілерімен және өндірістің технологиялық үдерістерімен танысқаннан кейін Елбасы кәсіпорын жұмыс­шы­ларымен, аймақтың шағын және орта бизнес өкілдерімен кездесті. Пре­зидент елімізді индустриялан­дыру есебінен жұмысшы маман­дықтарының маңызы артып отыр­ғанын айрықша атап өтті. Нұрсұлтан Әбішұлы аймақтағы кәсіп­орындарда жұмыс орындарын сақтаудың және инновацияны енгізудің маңыздылығына баса назар аударды. Бақыттың кілті – еңбекте Кәсіпорын жұмысшыларымен және шағын және орта бизнес өкілдерімен емен-жарқын әң­гі­мелескен Елбасы қазіргі таңда ба­қыттың кілті еңбекте екенін қадап айтты. Адал еңбек ету арқылы өз бақытыңды табуға болатынын әңгіме өзегіне айналдырды. Осы зауыттың операторы Жүсіп Әбді­кималов Президенттің бас­тама­сымен жүзеге асырылып жат­қан «Нұрлы Жол» мемлекеттік бағдарламасының өміршеңдігін, сол арқылы Астана мен өңірлердің қатынасы дамып отырғанын, өзі туып-өскен Шалқар ауданының үстімен Астанадан қатты жамыл­ғылы жол салынатыны жол бой­ындағы елді мекендердің дамуына алғышарт жасайтынын айтып өтті. «Сымбат» ЖШС директоры Ра­биға Тасыбаева мемлекет пен жеке кәсіпкерліктің әріптестігі туралы ой қозғады. Сөз алғандар өз пікірлерін ортаға салып, Елбасымен еркін әңгімелесті. Кездесуге қаты­сушылар Президент жүргізіп отыр­ған саясатты бірауыздан қолдайтындықтарын білдірді. Сон­дай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаевқа өңір­дің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен мемлекеттік индус­трия­лық-инновациялық даму бағ­дарламасының жүзеге асырылу барысы туралы баяндалды. 10-03-02JPG 10-03-06 10-03-03 10-03-04Таланттар тәрбиеленетін ұя Содан кейін Мемлекет басшысы облыс орталығындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебіне барды. Елбасы мектептің оқу сы­нып­тарын, спорт залын, шығар­машылық және ғылыми-зерттеу жұмыстары көрмесін аралап көрді. Интерактивті тақтада информатика пәнінің мұғалімі Пит Джо мен 12G класс оқушысы Айдана Шахаман «Мектеп бойынша 3D виртуальды тур моделі» жобасын ұсынды. Оқушылардың жоба жұмыстары көрмесінде Әсел Мергенова мен Жансая Хамиттің «Ақтөбе облы­сының электронды тарихи-эконо­микалық картасы», 10-сынып оқушысы Диана Бекенованың «Кө­кө­ністердің өсуіне вермикулиттің әсері», Амирмагруф Амантайдың және Назерке Төреханованың «Жер­гілікті және импорттық йогурт­тарды сапалық талдау» жо­балары таныстырылды. «Бо­лашақ» бағдарламасымен Финлян­дияда білім алып келген физика пәнінің мұғалімі Самат Шәрі­повтің ғылыми-зерттеу зертха­насы таныстырылды. 12- сынып оқу­­шыларының «Суды мұнай және майдан ластанудан тазарту­дың әр­түрлі тәсілдері» деген тақы­рыптағы зерттеулерінің тұсауке­сері болды. Нұрсұлтан Назарбаев оқушы­лармен әңгімелесіп, оларға табыс тіледі және оқуда үздік нәтижеге жетулеріне ниеттестігін білдірді. Бұл мектепте қазіргі таңда 202 педагог маман, соның ішінде 125 мұғалім, 16 куратор, 8 тәрбиеші және 17 шетелдік азамат оқу-тәр­бие жұмыстарын жүргізеді. Жарқырап өткен жастық форумы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өңірге жұмыс сапарының соңында «Қоныс» спорт сарайында өткен «Жастық! Жігер! Еңбек!» атты рес­пуб­ликалық жастар форумына қа­тысты. Форумға елдің барлық өңі­рі­нен үш мыңдай жастар өкілі жи­налды. Жастар Елбасын «Нұрсұлтан! Қазақстан!» деген ұран­мен тік тұрып, қарсы алды. Олар еліміздің Көк туын желбірете көтеріп, Спорт сарайының сәні мен салта­натын арттырды. Қазақстан Тәуел­сіздігінің 25 жылдығы қарсаң­ында өткізіліп отырған жастар форумы еліміздің ертеңі жастардың қолында екенін тағы бір мәрте паш еткендей әсерге бөледі. Салтанатты сәтті көріп, бүгінгі күн жігерлі де талантты, арманшыл және оларды жүзеге асыруға қуатты жастардың уақыты екенін аңғарасың. Форумға қатысушыларға егемен еліміз туралы бейнефильм көрсетілді. Мемлекет басшысы мұнда ел үміт артқан ең талапшыл жастар жиналғанын атап өтті. – XXI ғасырды біз жаһандық сын-қатерлер дәуірі ғана емес, жас, қуатты және талантты адамдардың дәуірі деп те атаймыз. Қазақстанда бүгінде әрбір төртінші азамат – жас ұрпақтың өкілі. Мені сіздердің білімдеріңіз, шетел тілдерін мең­гер­гендеріңіз, инновацияға ашық болуға талпыныстарыңыз қуанта­ды. Араларыңызда ақылы мен білімі қазірдің өзінде Отанымызға пайдасын тигізіп жатқан жастар аз емес. Әлем жұрты көп ұзамай жа­ңа қазақстандық ғалымдар, дәрі­герлер, инженерлер, музыкант­тар мен спортшылар туралы естіп-білетініне сенімдімін, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Қазақстан Президенті жас­тар қазіргі уақытта ұсынылып отыр­ған мүмкіндіктерді пайдалануы қа­жеттігін айтты. – Біз заманауи білім беру жүйе­сін, зияткерлік мектептер, Астанада халықаралық университет аштық. Жыл сайын мыңдаған студентті әлемнің үздік университеттеріне жібереміз. Өмірдегі ең басты нәрсе – білім, жоғары кәсібилік жә­не өз Отаныңа адалдық, мен сіз­дерді осыны есте ұстауға шақы­ра­мын. Сіздерде зор күш-қуат пен шығармашылық әлеует бар. Осы­ның бәрін өмірлеріңіздегі ең басты мақсатқа жетуге бағыттаңыздар, – деді Мемлекет басшысы. Нұрсұлтан Назарбаев біздің ел жастардың әлеуетін дамытуға және жүзеге асыруға қажетті жағдайлар жасап жатқанын айтты. – «100 нақты қадам» Ұлт Жос­парында жастарды қолдау­ға ба­ғыт­талған шаралар қарастырылған. «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020», «Бизнестің жол картасы-2020», «Дипломмен – ауылға!», «Жасыл ел» жобалары арқылы жар­ты миллион қазақстандық жас қамтылған. «Қолжетімді баспана» бағдарламасы аясында жас отба­сыларға 3,5 мыңнан астам пәтер берілді. Бұл жұмыс әлі жалға­сады. 2017 жылдан бастап әрбір орта мектеп түлегі мемлекет есебі­нен алғашқы мамандығын мең­геріп шығатын болады. Жаһан­дық дағдарысқа қарамастан, біз бар­л­ық ресурсты еңбек адамын қол­дауға бағыттаймыз. Бұл біздің эко­номикамыздың дамуы үшін мультипликативті әсерді қам­та­ма­сыз етеді, қазақстандықтар үшін қуатты «әлеуметтік саты» қалып­тас­тырады және жастардың игілігін арттырады, – деді Қазақстан Пре­зиденті. Мемлекет басшысы бүгінде елімізде жолдар салынып, индус­трия дамытылып, жаңа жұмыс орындары мен инновациялық кәсіпорындар ашылып жатқанына назар аударды. – Сіздердің тың идеяларыңыз бен жастық жігерлеріңізді қажет ететін жүздеген, мыңдаған жұ­мыс­тар бар. 200 мыңдық сар­базы бар «Жасыл ел» акциясы нағыз ерлік болды, олар 10 жылда 115 мың гектар аумақта 50 миллион ағаш отырғызды. Осы игі миссия­ны жал­ғастырып, Қазақстанды жасыл әрі болашақ ұрпақ үшін таза өлкеге айналдыру керек. Сіздердің Универсиада мен халықаралық ЭКСПО-2017 көрмесін өткізу ісіне белсене қатысатындарыңызға сенімдімін. Осының бәрі сіздер үшін, сіздердің болашақтарыңыз бен еліміздің болашағы үшін жа­са­луда. Жастарымыз мемлекет қамқорлығына үздік оқумен, спорттағы және шығарма­шы­лық­тағы та­быстарымен, Отанына қызмет етуімен жауап береді деп се­не­мін, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Соңында Қазақстан Президенті елдің барша жастарына сөз арнады. – Сіздер – елдің болашағы­сыздар. Сіздер мен біздің ұлы мақ­­саты­мыз бар. Армандар ұмтыл­ған кезде ғана орындалады. Қазақ­стан ХХІ ғасырда қуатты әрі өздерің­мен бірге өркендейтін ел болуы үшін сіздердің күш-жігер­леріңіз, ынтымақтарыңыз, табанды­лық­тарыңыз бен таланттарыңыз жет­кілікті екеніне сенемін, – деді Мемлекет басшысы. Жастар форумында сөз алған Қазақстан армяндары ассо­циа­циясының мүшесі, әнші Альбина Оганесян еліміздегі ұлтаралық бірлік пен татулық Президент сая­сатынан тамыр тартатынын жеткізді. Назарбаев зияткерлік мек­тебі директорының орынбасары, «Болашақ» стипендиясының түле­гі Арнұр Мәденов осы бағдар­ламамен оқу бітірген 11 мың жас еліміздің көркеюіне үлес қосып жүргенін айта келіп, осындай қамқорлығы үшін Елбасына алғыс сезімін білдірді. «АрселорМиттал Теміртау» АҚ электр монтері Игорь Михайликов өзінің жұмысшы ма­мандығын таңдағанын Елбасының еңбек жолымен сабақтастыруы да сәтті шықты. Өзі еңбек ететін кәсіпорынның өнімі әлемнің 75 елінде сұранысқа ие екенін, Мем­лекет басшысының еңбек адамына жағдай туғызып отырғанын риза­шылықпен айтты. Ал шығысқазақстандық Жұл­дыз Жетпісова «Дипломмен – ауыл­ға!» жобасының арқасында еңбек жолын бастап, тұрмыстық игілі­к­терге қол жеткізгенін, атал­ған жобамен елге барған 43 мың жастың осындай қолдауды сезіну­де екенін айтса, боксшы, Олим­пия ойындарының күміс жүл­дегері Әділбек Ниязымбетов 800 мың жас спортпен айналысатынын жеткізді. Олар үшін 35 мың спорт нысаны жұмыс істейтіні Президенттің сарабдал саясатының арқасы екенін мәлімдеді. Рио де Жанейро Олимпиадасында Көк байрағымызды Олимп шыңына көтеруге барымызды саламыз, деп түйіндеді ойын боксшы. Іс-шара барысында форумға қатысушылар «Гүлдене бер, туған ел!» жалпыұлттық марафон-эста­фе­тасының басталғанын мәлімдеп, жастарды осы марафонға бір кісі­дей белсене қатысуға шақырды. Форумды елімізге белгілі жас өнер иелері әнмен әдіптеп, бимен бе­дерледі. Сатыбалды СӘУІРБАЙ, «Егемен Қазақстан». Ақтөбе облысы. Суреттерді түсіргендер