11 Наурыз, 2016

Қаны бірдің жаны бір

495 рет
көрсетілді
18 мин
оқу үшін
Қаны бірдің жаны бір(Қытай мен Моңғолия сапарынан кейінгі толғаныс) Бұл күндері әлемді шарпыған дағдарыстың өз елімізге тигізер кеселі жайлы Елбасымыз қанша айтып, Үкіметіміз қаншама шаралар қолданып жатқанына қарапайым халық, біз онша мән беріп, алаңдай бермейтін сияқтымыз. Өйткені, ең бастысы ел тыныш, қарнымыз тоқ, көйлегіміз көк, өз елімізде, өлең төсегімізде алаңсыз тірлік кешіп жатырмыз. Ал аз күндік сапармен болса да, Отаныңыздан жыраққа шыға қалсаңыз, ойыңызға әр нәрсе оралары тағы шындық. Туған ел, туған жер қадірі осындайда білінеді. Сол сапарыңыздың сәті қандастарымыз тұратын елге түссе, атажұрттан, тарихи Отанынан жырақта жүрген ағайындарымыз Қазақстан жайлы не ойлайды екен деген сұрақтың көңіл көкжиегінен бас көтеретіні және бар. Жақында көршілес ҚХР мен Моңғолияға сапарлап бара жатқан кезімде менің де көкейімді осындай ой мазалады. Ең бастысы, ондағы қазақтар Қазақстанның жай-күйіне алаңдай ма екен, сұрай қалғандар болса, қандай жауап беруім керектігін жол бойы ой елегінен өткізгенім де рас. Қытайдағы қандастарымыздың әкімшілік әрі рухани орталығы Үрімжі қаласына атбасын тірегенімізде алдымыздан шыққан аға­йындардың «ассалаумағаликумнен» кейінгі алғашқы сауалдары: «Ел-жұрттарыңыз аман ба, әлемдік дағдарыс қыспағы ол жақта қалай болып тұр өзі», деп жанашыр тілектестікпен бас­талғанда жол бойы өзімді мазалаған сұраққа жұбанарлық жағымды жауап тапқандай жадырап сала бердім. Жан-жүрегімді қазақ қайда жүрсе де қазақ екен ғой, атажұртының ахуалына шеттегі қандастарымыздың алаңдауы бізден бір кем емес екен ғой деген мерейлі сезім баурады. Атымызды байлап, ақ дастарқан жайған ақ­жүрек ағайындардың бәрі де жоғары лауазым иелері болмаса да, ғылым-білім саласында еңбек ететін, көзі ашық, көкірегі ояу, әлем тынысын сезіне білетін зиялы қауым өкілдері еді. Әр дастарқан басындағы әңгіменің негізгі арқауы атажұрт – Қазақ елінің бүгіні мен болашағы, қазіргідей ию-қию аласапыран замандағы экономикалық жағдайы болды. Көптеген азаматтармен дидарласу барысында әлемді аузына қаратқан алпауыт державалардың бірі болса да, соңғы жылдары төл ақшаларының құны құлдыраңқырап, күллі жаһанды шарпыған дағдарыстың салқынын сезіне бастаған ҚХР-да тұратын қандастарымыздың екі елдегі ахуалды салыстыра отырып, әлемдік деңгейде сараптама жасай алатын ұшқыр да ұтымды ой-пікірлеріне тәнті болдым. Бір байқағаным – бәлкім, дас­тарқан басында атажұрттан келген қонақ отырғандықтан да болар, сол дағдарысқа байланысты ҚХР-дың емес, әсіресе, Қазақстанның ертеңіне көбірек алаңдайтындықтары. Әрі Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саясатына, ілкімді іскерлігіне кәміл сенетіндері көңілді елжіретті. Қазақ елінің тұрмыс жағдайына құлақ түріп отыратындарын, оларға барлық жақсылық бола берсе екен деп шын жүректерімен тілейтіндіктерін, Елбасының кемеңгер саясатына тәнті, көңілдері хош екенін естігенде риза сезімде боласыз. «Бұдан жаман күнімде де тойға барғанмын», дегендей, Қазақстан тәуелсіздігін енді ғана алып, аяғынан қаз тұра бастаған шағындағы әлемді жайлаған дағдарыстан да Нұрсұлтан Назарбаев елін экономикалық тығырықтан алып шығудың жолын тапқанын білеміз. Енді, құдайға шүкір Қазақ елінің белі бекіді, экономикасы нығайды, индустриялық, инновациялық өркениет жолына көшті. Бұл жолғы әлемдік дағдарыстан да сүрінбей өтеді дегенге сенеміз», – дейді білікті дәрігер Зейін Қадырханұлы қанағатты сезіммен. Дәл осы ойды іліп әкетіп сабақтай түскен ініміз, ұзақ жыл бойы ұстаз болған Қызырбек Әпенұлы: «Ойлап көріңізші, 5 институттық реформа «100 нақты қадам» Ұлт Жоспары сияқты Елбасы өзі ұсынған стратегиялық бағыт-бағдарларды айтпағанның өзінде, өткен жылы жариялап, тағы бір жылға ұзартқан жылжымайтын мүлікті заңдастыру шарасының өзі не тұрады. Азаматтардың заңсыз саналып келген жеке мүліктері мен шетел банктеріндегі немесе сандықтарының түбіндегі миллиардтаған ақшаларын ашыққа шығарып, ешбір төлемсіз өз аттарына түсіру құқын беруі мына алмағайып, алақұйын заманда еліне де, дәулет иесінің өзіне де жасалған зор мүмкіндік қой, – деп тың ойын толықтыра түсті. – Тіпті, біздің елде қандай да бір заңсыз жұмыс жасалса, иесін дереу қамауға алады, сотқа тартады, ал, сіздерде басынан сипап, қамқорлығына алады...» – Атыңа түсіріп ал деп қана отырған жоқ қой, сол ақшаңа ірі компанияларды жекешелендіріп иелік ет. Тек адамдарды жұмыстандыр, оларға дұрыстап жалақы төле, еліміздің өркендеуіне үлес қос, сөйтіп, ақ-адал мүлкіңнің заңды қожайыны болып, қысылып-қымтырылмай емін-еркін өмір сүр деп отыр ғой. Бұдан артық рақымшылық, еркіндік бола ма! Шындығында: «Жаман айтпай жақсы жоқ» дегендей, мынау ойпыл-тойпыл заманда шетелдік банктердегі жеке тұлғаларлың долларға айыр­басталған ақшаларын сенімді қолда деп кім айта алады? Сол қаржының игілігін дұрыс көре ала ма? Қазір алпауыттар аузын ашқан, қайтсем пайда табамын деп басын тауға да, тасқа да ұрған заман. Оған әлемнің түкпір-түкпірінде тұтанып жатқан соғыс өрті мен лаңкестік әрекеттерді қосыңыз. Осындай бей-берекетсіздікті пайдаланып, ақшаларын шетел банктері қайтармай қойса, не істемек? Бір ғана мысал: қазір Еуропа елдері Ресеймен арадағы араздыққа байланысты бөгет, кедергілерді көбейтіп, алпауыттардың сақтатқан ақшаларын қайтаруды қойып, өздерін кіргізбеуге бел байлап отыр. Сондықтан, Қазақстанның да шетелшіл алпауыттары Елбасының жасаған мүмкіндігін пайдаланып, мемлекет берген жеңілдіктерге сүйене отырып, мүлкін, ақшасын заңдастырып алу керек қой. Тіпті, бүгінгі таңда Қазақстаннан сенімді, тұрақты елді бар әлемнен табу қиын деп ойлаймын. Барлық түркітектес халықтар арқа сүйер деп санайтын Түркиядағы жағдай анау, бір жағынан Ресей, бір жағынан ішкі тұрақсыздық қысып бара жатқанын естіп, біліп отырмыз, – дейді ол сөзінің соңында. Қытайдағы зиялы қандастарымыз еліміздегі уақытынан бұрын басталған саяси науқан – Парламент Мәжілісі және жергілікті жерлердегі мәслихат сайлауларын да құптайтындарын айтады. Әрі тұрақтылық орнаған елде сайлаудың тыныш, әділ өтетіндігіне де сенімді екені байқалады. Қытайдағы қазақтарды алаңдататын маңызды мәселелердің бірі көші-қонның жай-күйі екенін жақсы білеміз. Жуықта ғана Президент қол қойған «Халықтың көші-қон туралы» жаңа Заңның қолданысқа енуін ондағы барлық қазақ асыға күтіп отырғандарын айтады. Әрі соңғы бірнеше жылда кідіріс тауып қалған көштің осы Заң арқылы қайта жанданатынына сенімді көрінеді. Ондағы ағайындардың әңгіме ауанынан түйгеніміз: жаңа Заңдағы кво­талық көмек алғысы келетін қандастарымызды қоныстандыру аймағының Үкімет тарапынан белгіленуі еш кедергі емес көрінеді. «Бізге керегі – қиыншылықсыз шекара асу және Қазақ­стан азаматтығын машақат-кедергісіз тезірек алу ғана», – дейді көбісі. Жалпы, Қытайдағы қазақтардың атажұртына оралуына бөгет болып отырған екі мәселе бар көрінеді. Мұның біріншісі – Қытай елінен «қылмыстан таза» деген анықтама алу болса, екіншісі – виза алудың қиыншылықтары. Ақпарат көздерінің хабарына сенсек, ендігі жерде «қылмысқа қатысы жоқ» деген анық­тама алу Қазақстанның көші-қонға жауапты мекемесінің біріккен тәртіппен са­уал жолдауы арқылы шешілетін сыңайлы. Ал виза мәселесі, азаматтардың шетел асу пас­порттары әкімшілік органдардың қолында болатындықтан, кез келген уақытта Қазақстанға қоныс аударуымызға аз да болса кешіктірері анық. Дегенмен, Қазақстанның Үрімжідегі консулдығы ұлғайтылып, пәрменді жұмыс жүргізсе, бұл мәселе де шешімін тауып қалар деген үміт бар екен. Қалайда осы Заңды жүзеге асырудың ереже, тәртібі белгіленіп, оралмандар мәселесіне жауапты министрліктің көші-қонды бастауын ерекше асыға күтіп отырғандықтарын Үрімжі сапарында жолыққан сондағы ағайындарымыздың бәрінің аузынан естідік. Иә, Қазақстан Республикасының «Көші-қон туралы» жаңа Заңының бекітілуі шетелдегі қандастарымыздың атажұртына тағы да лек-легімен оралуына мүмкіндік туғызары анық. Ағайындардың асығатын да жөні бар, бұрынғы заңға енгізілген Қазақстан азаматтығын төрт жылдан соң алу жөніндегі өзгерісі атажұртқа оралушыларға біршама бөгет болғаны рас. Моңғолиядағы қоғамдық жалпы ахуал Қытайдағыдан мүлдем бөлек. Олар бүгінгі әлемдік дағдарыстың салқынын қаттырақ сезіне бастағандай. Әсіресе, мұнай өндірмейтін ел ретінде екі алпауыт көрші – Ресей мен Қытайдың нарығына еріксіз бағынышты. Жанар­май бағасы біршама өскен. Ең басты дағдарыс – жұмыс орындары тапшы, жастардың еңбек етуіне жұмыссыздық қашанда қолбайлау екенін жақсы білеміз. Бүгінгі дағдарыс тұсында мәселе бұрынғыдан да күрделене түскен. Сонымен қатар, Моңғолиядағы қазақ ағайындар да «Көші-қон туралы» жаңа Заңға Елбасының қол қойғанын естігеннен бері дән риза көрінеді. Олар да жаңа Заңды жүзеге асыру тетіктерін айқындайтын ереже, тәртіптердің белгіленуін асыға күтуде. Қытайдағы қан­дастарымыз виза мәселесіне алаңдаса, Моңғо­лиядағы ел зейнетақысына көбірек қам жейтін көрінеді. Жай алаңдау емес, атажұртқа көшу тек осы түйткілге тіреліп тұр десек те болады. Моңғолиядағы алдымыз қырық, артымыз он жыл істеген еңбегіміз далада қала ма деп, ертеңдеріне алаңдайды. Әрине, алаңдамасқа амал жоқ. Бұрын барғандарға зейнетақы тағайындау кезінде Қазақстан мен Моңғолия үкіметтері арасындағы 1994 жылғы еңбек шартымен көшіп келушілерге жәрдемақы, өтемақы төлеу жөніндегі келісімшарт бойынша екі елдегі еңбек еткен жылдары (еңбек өтілі) толық енген. Өкініштісі, 20 жыл мерзімге жасалған екі ел арасындағы бұл келісімшарт 2014 жылы күшін жойғаннан кейін зейнет демалысына шыққан Қазақстандағы қандастарымыздың Моңғолияда еңбек істеген жылдары есепке алынбайтын болған. Міне, осы мәселе «Халықтың көші-қон туралы» жаңа Заңын жүзеге асыратын ереже, тәртіпте қарастырылып бір жақты болса болғаны, көш керуені қайта түзелмек, бұрынғы қарқынды қалпына келмек. Моңғол Үкіметінің заңы бойынша, зейнеттегі азаматтар шетелге қоныстанып сол елдің азаматтығын алған күннен бастап бұрынғы беріп отырған зейнетақысын қиып тастайды. Ал басқа елдердің бәрінде олай емес, қырық жылғы еңбегіне тағайындалған зейнетақыны алып отыру туралы халықаралық адам құқығы заңында көрсетілген заңды ұстанады. Өкінішке қарай, Моңғолияда олай емес. Бұларды тілге тиек еткен азаматтар Қазақ елінің Елбасы аман болса, атажұртына оралған ағайындарының зейнетақы мәселесін ертең-ақ оңтайлы шешеді ғой десіп, үміт отын жаға түскен. Моңғолияда тек қандастарымыз ғана емес, жалпы моңғол азаматтары өздерімен бірдей, 1990 жылдары ғана тәуелсіздікке қол жеткізген Қазақстанның аз жыл ішіндегі жемісті өркеніне таңдана қарауда. Әрі бұл жетістіктің Президенттік басқарудың артықшылығында, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың оңтайлы саясатында, ұстанған бағытының ұтқыр ұшқырлығына тікелей байланысты екенін терең түсінеді. «Біздегі басты қателік – бейберекеттік, жоспарсыздық», дейді кездескен екі адамның бірі. Кеңестік дәуірдегі экономикалық дамудың жылдық, бес жылдық, ұзақ мерзімді стратегиялық жоспарларының тиімділігі тәуелсіздік алып, жеке шаңырақ көтерген көптеген жас мемлекеттерде ескерілмей: «Бәрін нарық өзі шешеді, өзі реттейді, бұл – демократия қағидасы» деген желеумен бейберекеттікке жол берілгенін Моңғолия халқы енді ғана түсінген сияқты. Әсіресе, Қазақ елінің әуелгідегі «Қазақстан-2030, 2050», қазіргі дамыған 30 елдің қатарына қосылу жөніндегі стратегиялық бағыттарын, Елбасының жыл сайынғы халыққа Жолдауындағы мақсаттардың мүлтіксіз орындалып жатқанына зиялы қауым талдау жасап, байыптап-бағалап отырғаны аңғарылады. Моңғолиялықтардың біздің еліміздің өркеніне осылай баға беріп, қызығушылығын осы жолғы Баян-Өлгий аймағына барған сапарымда ғана емес, өткен жылы ел астанасы Ұлан-Батырда болғанымда да аңғарғанмын. Ол жолы Моңғолия үкіметінің бас уәлиі Ч.Сайханбилэг, Парламент басшысының орынбасары, Моңғол елін 100 жыл басқарған Халық Партиясының бастығы М.Энхболдлармен, Парламенттің көптеген басқа мүшелерімен әңгімелескенмін. Осындай пікір-пайымдарды сол жолы да естіген едім. Олар Қазақ елін аз жылдың ауқымында экономикалық, әлеуметтік биік белестерге көтерген Елбасымыздың еңбегін жоғары бағалаудың сыртында, тәжірибемізді зерттеуге көңіл аудара бастаған. Өткен жылы Моңғолия Парламентінің бір топ мүшесі Астанада, Алматыда болып қайтқаны белгілі. Олар өз елдеріне барған соң екі елдің 1990 жылдан бергі 20 жылдық экономикалық көрсеткіштерін салыс­тыра зерттеген. Зерттеу қорытындысы бойынша Қазақстанның Моң­ғолиядан көш ілгері озып кеткенін, оның себептерін ақпарат құралдары арқылы жариялап, Қазақстанды «болашақ елі» деп құрметпен атаған болатын. Ал осы жолы Моңғолия Халық партиясының Баян-Өлгий аймағындағы филиалының басшылары «Нұр Отан» партиясының астаналық филиалымен қарым-қатынаста болуды өтініп, менен ресми хат жолдады. Партия бастығы Сұлтан Гомбыжайұлы: «Егер біз «Нұр Отан» партиясының астаналық филиалымен қарым-қатынаста болсақ, әрі қарай Моңғолияның Халық партиясын «Нұр Отан» партиясымен байланыстыру арқылы осы бір халыққа беделді саяси ұйымның ұйымдастыру іс-тәжірибесінен үйренбек ойдамыз», деп ағайындық тұрғыда ашық айтып, осы іске дәнекер болуымды сұрауы да Моңғол елінің Қазақстанға қызығушылығын да, құрметін де танытып отырғандығын көр­сететіні анық. Моңғолияның біздің елімізге қызығу­шылығының тағы бір дәлелі сол, осы елдің Ғылым Академиясының академигі, атақты дәрігер Шагдарсүрэн М.Әуезовтің Абай туралы романдарын, Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың даналық сөздерін, ұтқыр ой-ұсыныстарын моңғол тіліне аударып, кітап етіп бастырыпты. Қазір бұл кітап зиялы қауымының «үстел кітабына» айналған. Сол кісімен өт­кен жылы Ұлан-Батырда жолығып ұзақ әңгімелескен едім. Академик әңгіме барысында Қазақ елінің ширек ғасырға толмайтын уақытта екі ғасырлық өркенге жеткенін Елбасымыздың ерен ерлігі, даналығы деп бағалап, алда өзіңіз сияқты азаматтармен бірігіп, осы кісінің ең­бектеріне қатысты тың, құнды мәліметтер жинап, қазақ, моңғол, орыс, жапон, қытай тілдеріне аударып, кітап етіп бастыру ойы бар екенін, сол үшін Астанаға арнайы барып, осы елдің тыныс-тіршілігімен таныссам, Елбасына жолықсам деген пікірін де айтқан еді. Шеттегі қазақтар ішкі жан тынысымен өздерін Қазақ елінің азаматы сезінеді. Енді бұларға ауадай қажет ең негізгі мәселенің бірі ретінде Қазақ диаспорасы туралы заң қабылданса екен деп армандайды. Өйткені, мұндай заң дүниежүзінің ірі елдерінің бәрінде бар. Ресей, Израиль, Германия, Қытай, Корея және Еуропа елдері бұл жайға ерекше көңіл бөлген. Егер осындай заң қабылданса біз ешкімнен қорықпай, үрікпей, жалтақтамай, емін-еркін жүрер едік. Артымызда еліміз, жеріміз, аялайтын Отанымыз, қорғайтын панамыз бар екендігін көрсетіп, қайда жүрсек те еңкейіп емес, өр кеудемен қайқайып өтер едік деседі. Бұл Заңның жобасын өзім жазып Сенатқа ұсынғанымды айтып, менің де олармен тілегім бір екенін білдіріп, көңілдерін тоғайтып, өзім де марқайып қалдым. Жалпы, аталмыш елдерде қашан болсақ та әңгімеге бірінші кезекте Қазақстанның бүгінгі қарышты қадамы, оған мұрындық болып отыр­ған Елбасының ерен еңбегі арқау болады. Тіпті, моңғол ағайындардың аузынан: «Осындай басшысы бар ел қандай бақытты» деген сөздерін естігенде қарапайым қазақ – менің жүрегімді мақтаныш сезімі биледі. Әманда, еліміз аман, жұртымыз тыныш болғай! Елбасымыздың нұсқаған сара жолынан таймасақ, ең бергісі, әлемді дүрліктірген бүгінгі дағдарыстан да сүрінбей өтеріміз, болашақтың биік белестеріне одан әрі өрлей береріміз анық. Үзбен ҚҰРМАНБАЙҰЛЫ, жазушы, қоғам қайраткері. Астана – Үрімжі – Баян Өлгей – Ұлан-Батыр – Астана.